МАРТИН ХАЙДЕГГЕР

МАРТИН ХАЙДЕГГЕР
(26 қыркүйек, 1889ж, Месскирх Баден-Вюртемберг, Герман империясы тұсында – 26 мамыр, 1976ж, сонда)

— неміс философы, экзистенциализмнің ірге тасын қалаушылардың бірі.
Қарапайым католиктер отбасында өсті, Констанца және Фрайбургтегі гимназияларда оқыды. Фрайбург университетінің теологиялық факультетіне түседі.
1911 жылы Мартин философия факультетіне ауысып және оны 1923 жылы аяқтайды.
«Учение о суждении в психологизме» және «Учение Дунса Скотта о категориях и значении» атты тақырыптарда екі диссертациялық жұмысты ойдағыдай қорғайды.
Бірінші дүниежүзілік соғысқа өзінің денсаулығына байланысты қатысқан жоқ.
1915 жылдан Фрайбург университеті теология факультетінде приват-доцент болып қызмет атқарды.
1923 жылдан Марбург университетінде оқытушылық қызметте болды.
1928 жылы Фрайбургке қайта оралып, сонда отставкаға шыққан Гуссерлдің орнын басады;
Хайдеггер Фрайбург университет басқарады, 1933 жылы саяси жұмыстарға араласа бастайды (НСДАП-қа мүше болады), екінші дүниежүзілік соғыс аяқталғанша соның мүшесі болып қала береді.
1945 және 1951 жылдар аралығында Хайдеггердің нацистермен байланысына қатысты оқытушылық жұмыстан аластатылды.
1976 жылдың 26 мамырында Мартин Хайдеггер дүниеден өтті.

Философиялық шығармалары:

«Психологизмдегі ілім мен пікір» (1914), «Уақыт және болмыс» (1927), «Техника туралы мәселе» (1935), «Болмыс және уақыт», «Жалған сүрлеулер» (Ешқайда апармайтын жолдар) (1950), «Тілге баратын оқапта» (1959), «Метафизикаға кіріспе», «Ойлау дегеніміз не?» (1954), «Проселок», «Дүние дидары дәурені» («Время картины мира») (1938), «Что такое метафизика?», «Европейский нигилизм», «Доклады и статьи» (1954), «Тождество и различие» (1957), екітомдық «Ницше» (1961) т.б.
Мартин Хайдеггер – бүгінгінің ең көрнекті ақылдыларының бірі. Ол бейклассикалық әлемге өту үшін ерлікке татитын қызмет атқарды. Хайдеггер Батыс философиясы үшін дәстүрге айналған субьектіні (адамды) обьектіге (табиғатқа) қарсы қоюды жоққа шығарып, шығыстық тәжірибиеге тән «адам және әлем» деген тұтас контексті қайта қалпына келтіруге талпынған.
Сондықтан ол өзінің философиясын Шығыс пен Батысты, Европа мен Азияны жалғап тұрған желіге теңейді. Хайдеггердің іргелі онтологиясы, әлем мен адам туралы жаңа ілімі шығыстық және батыстық елдерде ерекше танымал ілімге айналды. Оны африкалықтар мен француздар, немістер мен жапондықтар, қытайлар мен испандар оқиды. Оны қазақтар да оқыды және оның тұжырымдамасы қазақ ойшылдарының, ең әуелі Абайдың философиялық ізденістеріне жақын екенін аңғарды.

Философиялық көзқарастары:

Философия дамуының күрделі жолын сыни тұрғыдан пайымдай отырып, М.Хайдеггер өзінің «Болмыс және Уақыт» еңбегінде адамның әлемнен бөлінуі техникалық өркениетке тән деп сипаттайды. Техникалық өркениет адам мен әлемді бір-біріне қарсы қояды, ал субьект пен обьект бөлінісінің философиялық негізделуі, сонымен қатар субьекттің обьектіге белсенді ықпалы мен оны бағындыруы Жаңа заманда жүзеге асты. Европалық нигилизм феноменін сынап зерделей отырып, М.Хайдеггер болмыс тақырыбына оралып, адамның өз болмысын өзекті мәселе ретінде қарастырады. Философтың ойынша адам осындағы – болмыс болып табылады.
Адам өмірі көбіне мәнсіздікті сезінумен, жалғыздықпен, азап шегумен байланысты. Олай болса, не нәрсе мән болып табылады?
Мәнді болып табылатын нәрсе — адамның нақты болмысы, уақыттағы болмыс. Адамның өмір сүруі бүкіл бүтінді, әлемді өзіне қамтитын «осы» мүмкіндігін жүзеге асырумен сипатталады. Демек, «Болмыстың болмысы» мәнді болып шығады, ал оны ұғыну үшін тілге құлақ түру қажет, тілдің өзін сөйлету керек. Тіл арқылы әрбір адам өзін-өзі ашады, өзінен хабар береді, өзінің жағдайын, көңіл-күйін білдіреді, ал сол арқылы өзінің әлемге деген, өзіне деген қатынасын айқындайды. Ал бұл поэзиялық тілде мүмкін болады. Дәл осындай тіл адамның жағдайын, көңіл-күйін, оның өзіндігін, ол қандай болса соған сәйкестігін ашып көрсетеді. Поэзия әлемді, ондағы ахуалдандыру «тәсілін ашып», поэзия тілі арқасында адам өзінің кім екенін, мақсаты мен тағдырын таба алады.

Философиялық афоризмдері:

 Айтыс-тартыс кезінде біреу-біреуді төбесіне көтеріп шығарады.
***
 Билік үшін күрестің бәрі – билікке бағынышты.
***
 Сайып келгенде – өнер біткеннің бәрінің өзегінде поэзия жатыр.
***
 Сөйлеудің өзі тыңдау да: ол – өзіміз сөйлеп тұрған тілдің тыңдауы.
***
 Ой орамдары бізді білінер-білінбес құпия ишаралармен тіл арқылы алып өтеді.
***
 Антропология – дегеніміз адамның кім екенінен жалпы хабардар болғандықтан ешқашан «ол кім» деген сұрақ қоя алмайтын ой өрнегі.
***
 Барлық гуманитарлық ғылымдар мен өмір туралы ғылымдар қаталдық сақтау үшін міндетті түрде дәл болмаулары керек.
***
 Диалектика – ол туралы сұраудың өзі сөкет саналатын бұлжытпаушылық диктатурасы.
***
 Тас – дүние дегеннің не екенін білмейді. Өсімдік үшін де, жануарлар үшін де дүние деген ұғым жоқ, олар өздерін қоршаған ортаның көзге көрінбейтін ықпалына бағынады.
***
 Адам неғұрлым мойып, салы суға кеткен жағдайда болса – ол көзге ұрып тұрса да, тұрмаса да – оның этикаға деген құштарлығы соғұрлым күшейе түседі.
***
 Адам үнемі – өзіне бұрын өткендермен, бәлкім одан да жиірек әрі жүрекжардылау –өзінен кейінгі ұрпақтармен сөйлесіп жүреді.
***
 Адамдар қашанда әлде бірдеңені ойлап табумен әлек.
***
 Жақын арақашықтық – әлі жақындық емес. Алыс арақашықтық – әлі алыстық емес.
***
 Адамдар көргісі келмейді, өйткені онда бір метафизиканың үстіне екіншісін қойып салып жатқан іргетас ешқандай да іргетас емес екендігін мойындауға тура келер еді.
***
 Нигилизм – асқақ құндылықтардың құнсыздану процесі ғана емес, ол сол сияқты құндылықтарды жай тартып алу да емес. Сол құндылықтарды өмірге алып шығудың өзі – нигилизм.
***
 Зерделеу дегеніміз – ең алдымен, өз пікірлерің мен өз мақсаттарың кеңістігінің ақиқаттығына күмәндануға мүмкіндік беретін батылдық.
***
 Нақты жауап дегеніміз – жауапкершіліктің басы ғана. Сондықтан да нағыз сұрақ қайтарылған жауаппен бірге күн тәртібінен түсіп қалмайды.
***
 Сөйлеу мен айту – бір нәрсе емес. Адам тоқтамай ұзақ сөйлеуі мүмкін, бірақ ештеңе айтпауы мүмкін. Басқа біреу, керісінше, үнсіз ғана отырады, ештеңе сөйлемейді, бірақ сол ештеңе сөйлемеуімен-ақ көп нәрсе айтуы мүмкін.
***
 Адамға қауіп, тіпті, машиналар мен техникалық жабдықтардың зиянды қызметінен де келмеуі мүмкін. Нағыз қауіп адамға оның өз болмысынан шығып, таяп тұр.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *