ЮРГЕН ХАБЕРМАС
(18маусым 1929ж. Дюссельдорфте туған)
— неміс философы, әлеуметтанушысы, мәдениеттанушы. Хабермас әлемге белгілі әлеуметтанушы–философтар
Хоркхаймер мен Адорноның ізбасары ретінде, Франкфурт мектебінің теориясын сыни тұрғыдан қайта қарастырған «екінші толқын» өкілі ретінде белгілі ғалым.
Философиялық көзқарастары: Оның көзқарасы бойынша, әлемдегі дағдарыстар мәдени-әлеуметтік сипатқа ие, сондықтан қандай да болсын экономикалық, саяси құбылыстың түкпірінен мәдени факторларды таба білген жөн. Қазіргі мәдени-әлеуметтік жүйеде мотивация, рационалдылық және легитимация дағдарысы бар деп ұғынған Хабермас әсіресе солардың соңғысы (легитимация дағдарысы) туралы көп ойланады, өйткені заңдылық және құқық – мәдениеттің маңызды бөліктері болып табылады. Ол дағдарысқа кез болған қоғамды тек рухани мәдениет, өнер тұрғысынан қайта жандандыруға болады деп есептейді.
Хабермас ілімінің маңызды элементі – коммуникативті іс-әрекет теориясы. Ол адам іс-әрекетінің қос түрін көрсетеді: коммуникативтік және стратегиялық. Стратегиялық іс-әрекеттің мәні оның белгілі бір мақсат-мүддені көздейтіндігінде, соған қызығушылығында. Алға қойған мақсатқа жету барысында адамдар бір-бірін қайткен күнде де, мейлі саналы түрде, мейлі бейсаналы күйде, алдап-арбауға бейім тұрады. Стратегиялық іс-әрекет типі әлеуметтік бірлесу (интеграция) тұрғысынан алып қарағанда жатсынуға, индивидтің ұжымға лайықтылық қасиеттерін жоғалтуына әкеледі; мәдениет саласында мән-мағынадан айырылуға, құндылықтық бағыт-бағдардан жұрдай болуға; тұлға деңгейінде – салт-дәстүрден қол үзіп, әртүрлі психопотологиялық процестерге душар болуға бастайды. Керісінше, осы айтылған зұлматтардың барлығын болдырмайтын іс-әрекет типі – коммуникация, қарым-қатынас, сұхбатқа негізделген іс-әрекет. Сұхбаттық, коммуникациялық іс-әрекет типі реттелген нормативті-құқықтық ортаны, заңға негізделген өзара қарым-қатынас әлемін, тұлғаны жетілдіретін, дамытатын рухани кеңістікті даярлайды.
Шынайы бірлесудің (интеграцияның) тек қана сұхбаттық дискурсте мүмкін екендігін көрсеткен Ю.Хабермас философиялық-мәдениеттанулық, жалпы гуманитарлық ғылымдардың диалог тақырыбына бет бұруына көп ықпал етті.
Философиялық шығармалары:
«Будущее человеческой природы: На пути к либеральной евгенике?»,
«Вовлечение другого: Очерки политической теории», «Демократия. Разум. Нравственность», «Моральное сознание и коммуникативное действие»,
«Политические работы», «Философский дискурс о модерне», «Расколотый Запад», «Проблема легитимации позднего капитализма» және т.б.