КАРЛ ЯСПЕРС

КАРЛ ЯСПЕРС
(23 ақпан, 1883ж, Ольденбург – 26 ақпан, 1969ж, Базель)

— неміс философы, психологы әрі психиатры, экзистенциализмнің басты өкілдерінің бірі.
Ол өз ілімінде рационалистік идеялардан бас тартып, философияны ғылым түрінде қарастырудың қажеттігіне шек қойып, шынайы философия деп философиялық ой кешу үрдісінің өзін атаған. Оның айтуынша, әрбір адам философиялық ой кешуге бейім, әрбір адам өзін тыңдаушыларды тауып, қобалжытқан ойларын айтып жеткізіп, шынайы қарым-қатынастарға жол салуға талпынады. Философия сондықтан ішкі, рухани, үрдіс, ол дүниені белсенді түрде өзгертуге бағытталмаған, оның басты мақсаты – болмысты сана елегінен өткізу, махаббат сезімін аялау, тыныштық орнату.

Философиялық шығармалары:

«Дүниетаным психологиясы» (1919), «Философия» (1932), «Неміс күнәсі мәселесі» (1946), «Ақиқат жөнінде» (1947), «Философия және Дүние» (1958), «Атом бомбасы және адамзаттың болашағы» (1958), «Трансценденция шифрлары» (1970), «Экзистенциалдық философия» (1938), «Тарихтың қайнар көздері және оның мақсаты» (1949), «Уақыттың рухани ахуалы» (1931), «Тарихтың мағынасы мен арнаулылығы», «Философиялық сенім» (1962), «Ұлы философтар» (1957) және т.б.
К.Ясперс өзінің «Тарихтың қайнар көздері және оның мақсаты» (1949) атты кітабында әлемдік тарихи процестің өзіндік түсіндірмесін беріп, тарихи уақыттың, яғни адамзат тарихының біртұтас екендігін, бірлігін көрсетеді. Адамзаттың түп-тамыры бір, шығу тегі бір, даму жолы ортақ. Осы тарихи даму жолын қарастыра келе, Ясперс «белдеулік уақыт» ұғымына ерекше мағына беріп, оны қазіргі рухани тұрпаттағы адамның пайда болуының уақыты деп санап, біздің жыл санауымызға дейінгі 800-200 жылдар аралығына мегзейді. Осы кездері әлемдік діндер қалыптасады, философия туындайды, сөйтіп мифологиялық сананың орнын «руханилық» басады. Рухтың оянуы, Ясперс бойынша, адамзаттың жалпы тарихының, «белдеулік дәуірдің» бастауы болып саналады.

Философиялық көзқарастары:

К.Ясперстің пікірінше, мифологиялық дәуір өзінің байсалды орнықтылығымен бірге аяқталады. Грек, Үнді, Қытай философтары мен Будданың негізгі идеялары, пайғамбарлардың құдай туралы ойлары мифтен алыс болатын. Рационалдық пен рационалды түрде тексерілген тәжірбиенің мифологияға қарсы (логостық мифологияға қарсы) күресі басталды… Көне мифологиялық әлем жайлап шегіне берді…
Адам болмысындағы осы өзгерістердің бәрін рухтану деп атауға болады: өмірдің қатып қалған бастапқы тіректері тербеле бастайды, полярлықтар тыныштығы қайшылықтар мен антиномиялардың тынышсыздануымен ауысады. Адам енді өзімен өзі ғана тұйықталмайды. Ол өзін-өзі білетініне әлі сенімсіз, сондықтан ол жаңа шектемеген мүмкіндіктерге ашық болады. Ол енді бұл сәтке шейін ешкім сұрамағанды және ешкім де айтпағанды тыңдауға және түсінуге қабілетті. Бұрын-соңды естілмеген енді кәдуілгіге айналады. Дүниені және өзін-өзі сезінумен бірге адам болмысты да сезіне бастайды, бірақ түгелімен емес: бұл сұрақ қалады.
Алғаш философтар пайда болды. Адамның жеке бір индивидум ретінде өзі-өзінде тірек іздеуге батылы барды …

Философиялық-саяси афоризмі:

 Ешкім де саяси жауапкершіліктен құтылып кете алмайды … Біреуге тәуелді болып, оған үнемі сенімділік көрсету саяси қатынасқа жатпайды. Ондай адалдық жай арақатынас пен әншейін байланыстар да орынды. Еркін мемлекетте барлық адамдардың бақылауы мен ротациясы әрекет етеді. Осыдан келе кінә еселенеді: біріншіден, көсемге біржола саяси бағыныштылық, екіншіден, жұрттың бәрін бағынышты еткен көсемге ұқсап бағу. Бағыныштылық атмосферасы ұжымдық кінә болып табылады.

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *