ЛЕВИ-СТРОСС КЛОД

ЛЕВИ-СТРОСС КЛОД
(28 қараша, 1908ж, Брюссель, Бельгия – 30 қазан, 2009ж, Париж, Франция)

— француз философы, этнографы, социологы әрі культурологы, этнологияда структурализм мектебін құрушы, «инцест» теориясын (мемлекет және құқық теориясының бір бөлігі) құрушы, туыстасу жүйесін, мифология және фольклорды зерттеуші.

Шығармалары:

«Структуралық антропология» және т.б.
Леви-Строс – ең әуелі мәдениеттің философы. Рас, оның мифологияға арналған еңбегі өзінің энциклопедиялығымен, эрудициясымен таң қалдырады. Рас, ол үндістердің өмірі жайында материалдар жинап, олармен бірге тұрады. Бірақ ол этнология шеңберінде қамалып қалмайды. Оның міндеті – жалпы мәдениетті түсіну, батыстық өркениеттің дағдарысты күйін ұғыну, Шығыстың тәжірбиесіне қарап, дағдарыстан құтылу.
Классикалық батыстың философиясы тіл, мифология, туыстық жүйесі сияқты мәдениеттің ең маңызды феномендерін ескерусіз қалдырып, негізінен сана мен адамның танымдық қызмет мәселелерін зерттеумен айналысқан. Дәстүрлер мен салттардың керемет мәдениет әлемі философиялық теориялардың назарына ілікпей қалған. Леви-Строс батыстық мәдениет үшін таңсық әлемдік мәдениеттің беттерін, әлемді игерудің басқа түрлерін ашу арқылы шығыстық сарындарды енгізеді.
Бұл үшін ол өзіндік жолдарды табады – жер бетінде сақталған «алғашқы қауымдық» адаммен, «алғашқы қауымдық» мәдениетпен танысады. Леви-Строс алғашқы қауым адамдарының арасында жүрсе де, батыстық әлемнің күйреу себептері мен оны құтқару жолдары туралы ойлаған. Ол – структурализм деп аталатын философиялық бағыттың әлем мойындаған өкілі.
Леви-Строс өз ұстанымын «Структуралық антропология» деп аталатын басты кітабының кіріспесінде тарих пен этнология сияқты ғылымдардың ұқсастығы мен өзгешелігін талқылаған кезде айқындап береді. Этнология-этнографияның теориясы сияқты ғылым, ол әр түрлі мәдениеттерді, бір мәдениеттің әр түрлі кезеңдерін салыстырып, пайымдайды. Тарих пен этнологияның айырмашылығы біріншісінің жазба куәліктеріне, екіншісінің ауызекі аңыздар мен сол сияқты қайнарларға негізделуіне байланысты деген көзқарас бар. Бірақ мұндай айырмашылық маңызды емес. Этнология да жазуы бар мәдениеттерді– көнетүркі әлемі, көне Мексика, араб әлемі, Қиыр Шығыс сияқты мәдениеттерді зерттеуі мүмкін.
Тарих пен этнологияның айырмашылығы бұдан мәнді. Егер тарихты жазулар, мәтіндер яғни өткеннің адамдарының саналы өмірі қызықтырса, онда этнологияны папирустарда жазылмаған нәрселер, адамдардың санасында қалған мәдениет пен тарих үшін аса маңызды қандай да бір бейсчаналық құрылымдар қызықтырады. Тарихты әулеттердің алмасуы мен бітпейтін соғыстар ретінде бейнелейтін тарихи жазбалардың заманы келмеске кетті. Онымен бірге тарих мәнін іздеу дәуірі де кеткен. Леви-Стростың айтуынша, тарих пен мәдениетті менталдылықтың бейсаналық құрылымдары анықтайды. «Тарих қоғамдық өмірдің саналы көріністеріне жататын деректерді жалпыласа, этнология оның түпсаналық негіздеріне жататын деректерді жалпылайды».
Бірақ бұл олардың бағыттары қарама-қарсы деген сөз емес. Керісінше, тарих саналы нәрсені зерттесе де, этнологиясыз, бейсаналық жайттарды ескерусіз өмір сүре алмайды. Өз кезегінде этнология тарихқа сүйенеді. «қазіргі қоғам өмірінің белгілі бір сәтін зерттеумен шектелетін адам, ең алдымен, сағымның құрбанына айналады, өйткені бәрі тарих: кеше айтылған нәрсе де, бір минут бұрын айтылған нәрсе де – тарих».
Алғашқы қауым адамына Леви-Стростың тарихтың бейсаналық негіздерін зерттеуге арналған жобасында ерекше рөл беріледі. Фрейдпен келіскен Леви-Строс бейсаналық адам психикасының негізі болады деп есептейді. Бірақ оны тұлғаның тарихы және бейсаналықты сана деңгейіне «апару» қызықтырмайды, оны қызықтыратын нәрсе – ұжымдық рухтың бейсаналық қызметі. Бұл қызмет жалпыға бірдей заңдармен басқарылады және барлық әлеуметтік құбылыстар – өнер, дін, миф, туыстық жүйелер бейсаналықтың сананың бетіне түскен бейнесі сияқты нәрселер.
Ең алдымен, Леви-Строс тіл феноменіне жүгінеді.
«Лингвистикалық мінез-құлықтың барлық әрекеттері бейсаналық ойлау деңгейінде жүзеге асырылады. Біз сөйлеген кезде тілдің синтаксистік және морфологиялық заңдары туралы ойламаймыз». Тілдің құрылымы сөйлеушіге беймәлім болады, ол грамматиканы мүлде білмей, көптеген ережелер туралы ойланбауы мүмкін.
Алайда ұжымдық рухтың бейсаналы қызметін басқаратын заңдар таным үшін айқын, қолжетімді болады. Фрейд, белгілі болғандай, бейсаналықтың символдық тілін тапқан, олар-жаңылыс жазу, қате жазу, қате оқу, түс көру, қалжыңдау. Бірақ мұның бәрі – жеке бейсаналықтың тілі. Ұжымдық бейсаналыққа келер болсақ, бұл жерде де үміттенуге болады. Бұл бейсаналық көкейкөз арқылы қабылданбайды. Оны эмпирикалық жолмен, яғни фактілерге сүйеніп те сипаттауға болмайды.
Леви-Строс өзінің ойын әйел костюмінің дамуына қатысты зерттеулерге сүйене отырып түсіндіреді. Сән, басқа әлеуметтік құбылыстар сияқты өз негізінде – бейсаналық: біз қайсібір үлгінің бізге неліктен ұнайтынын, сән неге өзгеретінін айта алмаймыз. Бірақ кездейсоқ болып көрінетін даму да белгілі бір заңдарға бағынады. «Олар кастюмнің әртүрлі элементтері арасындағы көптеген қатынастарды өлшеген кезде көрінеді». Қатынастар математикалық формулаға салынғанда, сәннің болашақ өзгерістерін болжауға болатын негіз шығады.
Демек, бейсаналық жүйенің әртүрлі элементтері арасындағы қатынастарды талдау кезінде айқындалады. Мұндай қатынастар белгілі бір құрылымды жасайды.
Леви-Стростың түпкі ойын көптеген ғалымдар құр қиял деп атайды. Бірақ нақ осы міндет оның назарын «алғашқы қауымдық ойлауға» аудартады. Пралогикалық болмаса да, логикалық қасиетті иеленетін ол зерденің бейсаналық құрылымын талдауға көптеген мүмкіндік береді.

Философиялық көзқарастары:

Ең алдымен, ғалым «алғашқы қауымдық» деген терминді онымен байланысты философиялық нанымдардан азат етуді ұсынады. Біріншіден, ол ондай қоғамды «суық», прогресс жарысына тартылмаған деп атайды; дегенмен, олар да қатып қалмайды, қалыптасуға бейім келеді. Айталық, ең артта қалушы есептелетін намбиквара тайпасы у жасау мәдениетін иеленеді, тіпті, улардың метафизикасын иеленеді. Өз ішінде тұйықталған «алғашқы қауымдық» қоғамдар қайшылықтар мен сәйкеспеуді танытады, бұл олардың да қозғалыста болатынын дәлелдейді.
Екіншіден, «алғашқы қауымдық» термині шартты, өйткені этнология тірі, қазіргі қоғамды, XXI — ғасырда жаһандану дәуіріне бұзып-жарып өткен әлемді зерттейді. Уақытына қарасақ, ондай қоғамдар – «алғашқы қауымдық» емес, қазіргі, онда барып-келуге, қауіп-қатерге бас тігуге, азап шегуге, достарды тауып, өмір сүруге болады.
Үшіншіден, «алғашқы қауымдық» терминін көпшілік «жабайы» деп түсінеді, ал Леви-Стростың айтуынша, алғашқы қауымдық ойлау қарабайыр болмаған. Олай болған жағдайда, ежелгінің өркениеттері мүмкін болмас еді.
«Мұндай ойлау біршама ғылыми, логикалық, тіпті де жабайы емес: ол адам өркениетінің негізіне алынған».
Сонымен, Леви-Строс – этнология саласына қалам тартқан философ. Философияны тастамаған этнолог. Бейсаналық құрылымды іздеген және алғашқы қауымдық адам логикалық түрде ойлайтындықтан, алғашқы қауымдық ойдың әуелгі қисындылығын мойындамайтын зерттеуші (егер логика оның классикалық нұсқасына сәйкес келмейді дегенмен келісетін болсақ). Онан басқа, алғашқы қауымдық ойлаудың ерекше қадір-қасиеті болады. Леви-Строс тұжырымдамасының қазіргі мәдениет үшін маңыздылығы күмәнсіз. Ол мәдениетті терең деңгейден іздейді-тек оның «көрінетін» қабаттарын ғана емес, сонымен бірге «көрінбейтін» қабаттарын да, тек саналыны емес, бейсаналықты да. Ол алғашқы қауымдық сананы «қарабайыр» деп есептемей, дұрыс бағалайды. Рационализм ұстанымын тастамай, ол логикалық ойлаудың өзге типтерін тауып, Батыс мәдениетін реформалауға өзінің үлесін қосады. Ол батыс жақшаның сыртына шығарып тастаған сиқыр, мифология, дін сияқты мәдениет феномендерін зерттейді.
Батыстық ғылымның идеалдарына адалдығын сақтай отырып, ол Батысқа жаңа ерекше көкжиектерді – жұмбақ әрі ұстатпайтын Шығысты ашып береді.
Леви-Стростың структурализмі қазіргі таңда қазақтың философиялық ойын зерттеуге де қажет болуы мүмкін. Біріншіден, француз ойшылы логиканың классикалық батыстық нұсқасы жалғыз ғана болмайтынын, әлемді метафоралық бейнеде қабылдауға негізделген логикалық ойлаудың өзге де типтері болуы мүмкін деп дәлелдейді. Мұндай поэзиялық логика қазақ философиясына да тән. Екіншіден, Леви-Стростың тілді, мифтерді және тектік құрылымды зерттеуде қолданған құрылымдық талдау тәсілдерін қазақтың дәстүрлі мәдениетінің бай мұраларын зерттеуде де сәтті пайдалануға болады.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *