АЛЬБЕР КАМЮ

АЛЬБЕР КАМЮ
(7 қараша, 1913ж, Мондови, Алжир – 4 қаңтар, 1960ж, Вильблевен, Франция)

— француз жазушысы (әдебиетшісі), әрі философы, публицист, экзистенциализм өкілі. Көзі тірісінде оны «Батыстың ар-ұяты» деп атаған. 1957 жылы әдебиет саласы бойынша Нобель сыйлығына ие болды.

Философиялық шығармалары:

«Сизиф туралы аңыз», «Бүлікшіл адам», «Бөгде», «Індет», «Құлау», «Калигула», «Жаңылыс», т.б.
Оның шығармаларында жатсыну мәселесі қойылып, адамға тән болатын абсурдтық сезім қарастырылады. Абсурд ол үшін өз шектілігін түсіне білетін анық та айқын ақыл-ой. Дүниенің өз мағынасы жоқ, ал тек өмірге мағына беретін «адам ақиқаты» бар. Осы ақиқатқа сүйене отырып, адам лайықты өмір сүре беруге тиіс. «Бүлікшіл адам» атты еңбегінде А.Камю адамның еркіндігі мен құқықтары туралы мәселелерді көтеріп, гуманистік тұрғыдан шешуге, сөйтіп адамды еркіндік пен сұлулық жолын таңдауға, жан-жақты рухани дамуға шақырады.
Камю философиясының басты мәселесі – өмір мәні мәселесі, шын мәнінде адам өмірі мағынасыз, мәні жоқ. Адам өмірі – абсурд, қисынсыз, негізсіз. Өмір алдында – тұнғиық, ештеме, ажал, өлім тұр. Абсурдтік бүлік экзистенциализмі. Бұл дүние – бөтен, жат, қорғансыз, құқықсыз, дәрменсіз, дүдәмал, немқұрайды дүние, ондағы адам өзін «бөгде» сезінеді. Тек өлім табалдырығының алдында ғана адам бұл дүниеде өзін еркін, тыныш және бақытты сезінеді.
Абсурд – барлық философиялық мәселелерді ашатын кілт, болмыс пен ойлаудың, барлық мүмкін болатын әрекеттердің, өмір сүрудің өзегі. Камю шындықтық дегеніміз қисынсыздық, ақылға сыймайтындық – деп жазды.
«Мен осы хаостан өзгені, осы кездейсоқтықтың билігінен, осы анархиядан туындайтын қасиетті тепе-теңдіктен өзгенің бәрін, мені қоршаған дүниені, жалпы дүниені терістеуім мүмкін».
Осындай дүниеде рационалдық таным бізге «жол көрсеткіш» бола алмайды. Дүние иррационалдыққа, мағынасыздыққа толған және «орасан иррационалдық» тұтастықта қалған.
«Тек нағыз бір-ақ философиялық мәселе бар – ол өзіне қол салу мәселесі, өз жанын өзі қию мәселесі. Өмірді сүру, не сүрмеу, ол оған тұра ма, не тұрмай ма, осыны шешу – философияның түпкілікті мәселесіне жауап беру. Одан басқаның бәрі – дүние үш өлшемді ме, парасат тоғыз немесе он екі категорияны басшылыққа ала ма – бұл екінші қатардағы мәселе».
Адамның жалғыздыққа душарлығы, оның ажалдығы, ашылмауы, тіршіліктің қисынсыздығы және трагизмі, ностальгия және дүние әурешілігінен, әлемдік хаостан жатсыну – осының бәрі Камю шығармашылығының өзегін құрайды.
Пессимистік иррационализм мен рационалдық танымның қақтығысын Камю былай көрсетеді: «Мен ештемеге сенбейтінімді және барлығының қисынсыздығы жөнінде айқайлаймын, бірақ мен өзімнің айқайыма күмандана алмаймын және ең болмағанда өзімнің наразылығыма сенуім керек. Осылай маған абсурд тәжірбиесінде берілетін ең алғашқы және жалғыз айғақ нәрсе — ол бүлік».
«Бір адам зардап шеккен зұлымдық, барлығы үшін жұқпалы індет болады. Біздің күнделікті сынағымызда бүлік, ойлаудағы «когито» ролін ойнағандай ойнайды: бүлік ең алғашқы айғақтық. Бірақ бұл айғақтық кісіні жалғыздықтан арылтады, барлық адамдар үшін бірінші құндылықтың негізі болатын – жалпылық болады. Мен бүлік шығарып тұрмын, сондықтан өмір сүріп тұрмыз».
Дүниені басқаруда қисынсыздық емес, бір мағына бар, бірақ оны түсініп шешу өте қиын-осы ұстатпайтын мағынаны ашатын кілт – бүлік болып табылады.

Философиялық көзқарастары:

Ол құдайға сенім жоғалған, барлық сүйеніштен айырылған бұл әлемдегі құндылықтар қақтығысында өмір сүріп отырған адамның санасын таңдайды. Сүйеніш іздеудің мәні жоқ екендігін ұққан, санасы «жұлмаланған» мұндай адам ендігі жерде тек қана өзіне сенуі тиіс. Тек бір ғана нәрсе бар — адам өмірінің ашықтығы.

Философиялық афоризмдері:

 Калигула: «Менің қарапайым адам екенімді сіз ешқашан түсіне алмайсыз».
***
 Өткенге де, өзіме де тым еркін қараймын: менің әлсіздігім де, жалғыз байлығым да осы.
***
 Адам неғұрлым бақытты болған сайын оның бақытының сыртқы көрінісі солғұрлым трагедиялық сипат ала түседі. Ең мұңлы шығарма – ең бақытты адам туралы шығарма.
***
 Философияның маңызы философтың ой өрісімен өлшенеді. Адам ірі болған сайын оның философиясындағы ақиқат та соғұрлым көбірек бола түседі.
***
 Ел саясаты мен адамдар тағдыры мұрат (идеал), ізгілік дегеннің не екенін білмейтіндердің қолында. Жаны ізгілер саясат ауылына аттап баспайтын болды. Барлық істе де солай. Бірақ енді әркім өз бойында жаңа адам қалыптастыруы керек. Іс адамдарының игі мақсаттары болғаны жөн, ал ақындар іс адамдарына айналсын. Армандарды жүзеге асыру, іске қосу керек.
***
 Қасірет біткен дүние игіліктерінің баршаға бірдей ортақ болмауы салдарынан туындап жатады. Бірақ ортақтықтан да көрер көресіміз аз емес.
***
 Қорқақтыққа қашан да өзін ақтайтын философия табыла кетеді.
***
 Данышпандықтың өзі кездейсоқтықтан басталады.
***
 Ерте дүние философтары оқудан гөрі ойлануға көбірек көңіл бөлген. Олардың шығармаларында нақтылықтың көбірек кездесетіні содан. Кітап бастырып бәрін өзгертіп жібереді. Қазір ойланудан оқу көп. Нағыз философияның орнын түсіндіру (комментарий) басты. Жильсонның философиямен айналысатын философтардың орындығына философтарды зерттейтін философия профессорлары жайғасып алды деп қынжылуының жаны бар.
***
 Қазір өзінің жазған кітабын бәрін басынан бастайық деген сөздермен бастайтын ойшылыңыз мазаққа қалады. Беделді адамдардың аттары аталмаған, сілтемелері мен түсіндірмелері жоқ философиялық трактатқа ешкім мән бермейтін жағдайға жеттік. Бірақ …
***
 Құштарлыққа толы өмір сүру құштарлықты бағындыра алғандардың ғана қолынан келеді.
***
 Мәңгілікке қайта оралу идеясы азап біткенге деген шыдамдылыққа шақырады.
***
 Бостандық дегеніміз – өзіңнің көзің жетпегеннің өзін қорғау мүмкіндігі. Ол қарсыласыңды да ақтауға мүмкіндік береді.
***
 Мен идеялармен емес, сөзбен ойлаймын.
***
 Адамдар бірін-бірі жақсы көрудің не екенін ұмытып барады. Оларды жеке адамдар тағдырынан гөрі жалпы адамзат тағдыры көбірек қызықтырады.
***
 Ештеңемен айналыспай жан бағу ажал философиясына жатады.
***
 Адам өзіне не керек екенін анық білмей тұрып, ештеңеге қол жеткізе алмайды.
***
 Рух аспаннан түспейді, жерде жасалады. Ғұмыр бойы. Рух жасау процесі аяқталған жерден барып ажалдың шекарасы басталады.
***
 Әділдік дегенді іздеп әуре болмай-ақ қой: ол мүлдем жоқ, тек әлде бір шектеулер ғана бар.
***
 Дүниенің түкке тұрмайтындығы да, ұлылығы да мынада: онда ақиқат деген мүлдем жоқ, тек махаббат қана бар.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *