ЛЮДВИГ ВИЗЕНГРУНД ТЕОДОР АДОРНО

ЛЮДВИГ ВИЗЕНГРУНД ТЕОДОР АДОРНО
(11 қыркүйек,1903ж, Майндағы-Франкфурт, Германия – 6 тамыз, 1969ж, Висп, Швейцария)

— философияға музыка арқылы келген, көптеген салада қомақты еңбектер жазған, модернизм ағымына қуат беруші неміс ойшылы. Франкфурттегі критикалық мектептің өкілі.
1903 жылы тегі еврей саудагері Оскар Визенгрундтың ауқатты отбасында дүниеге келген. Оның анасы Мария Адорно атақты сицилиялық әулеттен шыққан, жас кезінде әйгілі әнші болған. Олармен бірге Марияның әпкесі – дарынды пианист Агата да тұрған. Теддидің екі анасы – Мария мен Агата оның сүйікті қамқоршылары болған. Балалық шақ Адорноның қайғылы өміріндегі жалғыз тыныш кезең және ол музыкаға толы еді: алты жасында бала скрипка мен фортепианода ойнап, музыка шығарған.
Музыка зерттеумен айналысты. Иоганн Вольфганг Гёте атындағы университетте (Франкфуртте) оқыды және соңынан оқытушылық қызметте болды. 1934 жылдан Ұлыбританияда, 1938 – АҚШ-та эмиграцияда болды. 1949 жылдан – тағы Майндағы-Франкфуртте. «Негативті диалектика» деп аталатын философиялық оқудың жаңа бір типін ұсынды.

Философиялық шығармалары:

«Білім беру диалектикасы» (Хоркхаймермен, 1947), «Авторитарлық тұлға» (Хоркхаймер, 1950), «Эпистемологияның метакритикасына байланысты» (1956), «Негативті диалектика» (1966), «Эстетика ілімі» (1970), «Ар-ұждан философиясының мәселелері» және т.б.
Ойға қонбайтын нәрсені ойлап тауып, ұғымға жатпайтын нәрсені түсіну үшін Адорно логиканы өзгертуге, жалпылық пен ерекшенің байланыс түрін өзгертуге бел байлайды. Философияда қолайлы термин таппағандықтан, ол астрономиялық констелляция терминін пайдаланады. Констелляция – жеке жұлдыздардың арасында, олардың шартты орталықпен байланысында мүлде ерекше қатынастар бар шоқжұлдыз. Жұлдыздар өзара байланыста, сондай-ақ «жүзіп жүретін», «көшіп-қонып жүретін» орталықпен байланыста қозғалады. Адорно «констелляция» терминін қолданғанда, жаңа «зорлықсыз» синтез идеясын білдіруді көздейді. Негізгі ережелер сапасын сақтайды және жалпы ұғыммен жұтылмайды, бірақ өзара әрекет арқылы бірлікке қол жеткізеді. Дәл солай, өзгешелікті, өзіндік ерекшелікті өшірмей жалпылық пен ойға ерекше нәрсені, қасіретті жұтқызбай-ақ, зат пен ұғымның арасындағы арақашықты сақтай отырып, ойлауға да, жалпылауға да болар еді. Адорноның өзінің көзі тірісінде көруге бұйырмаған «Эстетикалық теория» атты кітабы көпшіліктің қызығушылығын оятқан еді. Ондағы әңгіме модерн өнерінің теориясына, сұлу және ұсқынсыз нәрселердің дәстүрге жатпайтын түсінігіне, ең бастысы, қасіреттің ұғым тілі арқылы жеткізетін жаңа құралдарды іздеуге қатысты болған. Рационалдылықтың балама түрі табиғатқа деген көзқарастың, үстемдік құру қағидатының өзгеруінен басталады. «Эстетикалық теорияда» осы ереже нақтыланады. Ең әуелгі шарт-алыстау, іс жүзінде мүдделі болмау, қашықта болу және соның арқасында табиғатқа жақындау. Адорно «аура» ұғымына жүгінеді. «Шуақты күні, демалыс барысында, көкжиектегі тау қыратын немесе демалушыға көлеңкесін түсірген бұтақты бақылау, сол таудың, сол бұтақтың аурасымен тыныстау деп аталады». Егер табиғатты акциялар обьектісіне, практикалық мақсаттардың ықтимал құралына айналдырмасақ, онда ол қайта тіріледі, алуан түсті әрі алуан түрлі болып көрінеді. Философтың пікірінше, үстемдіктің көзіне ілініп, бұрмаланбаған заттар логикалық құрылымдардың тілінде емес, констелляцияның ерекше тілінде сөйлейді.

Философиялық көзқарастары:

Адорноның философиялық ізденісі біздің заманымызға лайықты. Шоқжұлдыз, констелляция – жалпы мен ерекшенің – әртүрлі мәдениеттердің, дәуірлердің, конфессиялардың, жеке тұлғалардың жаңа қатынастары. Бұл қатынаста басымдылық, жаншу, үстемдік деген жоқ және әрбір дауыстың, әрбір мәдениеттің сөзі жерде қалмайды. Олар өздерінің ерекшеліктерін неғұрлым айқындаған сайын, олардың өзара әрекет пен тартылыс өрістері де соғұрлым күшейе түседі. Қатынастардың бұл түрі төзімділікке, келісімге және өзара түсіністікке бағыт алған демократиялық елдерде қалыптасуда.
Шоқжұлдыз бейнесі – констелляция ашықтық, демократияшылдық, плюралдық, бейімділік қағидаларына негізделіп, бірлік пен өзара келісімді ұқыпты сақтайтын адам қоғамының болуы мүмкін екенін жеткізіп тұр.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *