ЭРИХ ЗЕЛИГМАНН ФРОММ

ЭРИХ ЗЕЛИГМАНН ФРОММ
(23 наурыз, 1900ж, Майндағы-Франкфурт –18 наурыз, 1980ж, Локарно)

— неміс-американдық социолог, философ, әлеуметтік психолог, психоаналитик, Франкфурт мектебінің түлегі, неофрейдизм және фрейдомарксизм негізін қалаушылардың бірі.

Философиялық көзқарастары:

Эрих Фромм Фрейдтің биологизмін, либидо теориясын, табиғилық пен әлеуметтікті қарама-қарсы қоюын, психологияны философия мен этикадан бөлектеуін сынады. Ол адамды әлеуметтік тіршілік етуші, табиғи және адамдандырылған дүниемен үнемі байланыс жасаушы ретінде қарастырады. Оның ойынша, Фрейдтің ілімі адамды тереңірек тануға мүмкіндік бергенімен, оның өмірінің мән-мағынасы, моральдық және этикалық нормалар туралы, адам қалай өмір сүруі керек және не істеуі тиіс деген сұрақтарға жауап бермеді. Э.Фромм К.Юнгтің аналитикалық психологиясы да адам өмірінің мәні мәселелерін назардан тыс қалдырды деп есептеді. Адамның этикалық мінез-құлықтарының бастауын адамның өзінен іздеген гуманистік этиктердің еңбектеріне сүйене отырып, Фромм моральдық ұстанымдар адамның ішкі қасиеттеріне негізделген болуы керек, әйтпесе оларды бұзу тұлғаның психикалық және эмоциялық құлдырауына әкеледі деген тұжырым жасайды. Осыдан келіп гуманистік психоанализдің мақсаты шығады – гуманистік этиканың құндылықтарын меңгеру, өзінің ішкі табиғатын танып-білу және «өмір өнерін» игеру арқылы адамның ішкі мүмкіндіктерін дамытуына, өмір сүруге ұмтылуына ықпал ету.
Фромм еркіндік және жаттану категориялары арқылы адамдардың басым көпшілігі өзінің нағыз «Менін», «Өздігін» емес, «Жалған Менін» дамытатынын, осы процестің нәтижесінде өзін жоғалтып, ештеңеге айналатынын көрсетеді. Бірақ Фромм адамның онтологиялық және тұлғалық сипаттамаларына, әсіресе «үміт» элементіне сүйене отырып, оптимистік болжамдар жасайды. Оның пікірінше, «үміт» өмір құрылымының ішкі элементі, ол пассивті үміттену, күту емес, белсенді әрекетке дайын болу адам рухының динамикасы, адам болмысының маңызды шарты, сондықтан да Фромм адамды Хомо есперанс (үміті бар) деп сипаттайды.
Сонымен қатар Э.Фромм адамның өмір сүру диалектикасына тоқталып, оның ешқашанда жойылмайтын трагедиялық жағын да көрсетеді. Біріншіден, адам бұл өмірге өзі сұранып келмейді, ол белгілі бір кездейсоқ жерде, уақытта дүниеге келіп, алғашқы сатыдан өмірінің соңына шейін «өмір мен өлімнің екі ортасында» болып іс-әрекет етеді. Екіншіден, осындай шектелген өмірдің шеңберінде адам өзінің бойындағы барлық дарындарын іске асырып, алдына қойған өмірлік мақсат-мұраттарын орындап үлгірмейді, сондықтан олардың көбі, қазақ дүниесезіміндегі терминдермен айтсақ, «жалған, жеткізбейтін арман» болып қала береді. Эрих Фроммның бұл ойлары бізді фрейдизмнің шеңберінен шығарып, экзистенциализм философиясына өткізіп жібереді.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *