АРТУР ШОПЕНГАУЭР

АРТУР ШОПЕНГАУЭР
( 22 ақпан, 1788ж, Данциг (қазіргі Гданьск) – 21 қыркүйек, 1860ж, Майндағы-Франкфурт)

— неміс философы, иррационализм өкілі.
Ол уағыздаған «Өмір философиясы» оның басты мақсаты болған.

Философиялық шығармалары:

«Әлем жігер және елестету ретінде» (1819), «Табиғаттағы жігер туралы», «Афоризмдер мен максималар» және т.б.
А.Шопенгауэр өзінің «Әлем жігер және елестету ретінде» деген еңбегінде дүниені адамнан, адамның еркі мен елесінен түсіндіруге ұмтылып, мүлдем жаңа философиялық жүйе, дүниеге абсолюттік көзқарас құруға, сөйтіп болмыс мәселесін шешуге, оның құпия сырын ашуға талпынған. Оның ілімі философиялық волюнтаризмге, яғни дүниенің мәні көзсіз ерік дейтінге саятын пессимистік көзқарас болып табылады. Сонымен бірге оның философиясында XIX — ғасырдың екінші жартысында қалыптасқан иррационалистік философияның бастамалары бар.

Философиялық көзқарастары:

А.Шопенгауэрдің пікірінше, ерік, яғни адамның нәпсісі, делебесінің қозуы, қобалжауы, әрекеттік процесстер – ерекше, барынша дербес, адамдардың саналы іс-әрекетін басқаратын күш. Оның пікірінше, ақыл-жалған тұрлаусыз құбылыс. Ол саналылықты жан-жақты сынап, оны жоққа шығарды. Оның орнына ол ерікті, қара күшті алға тартты. А.Шопенгауэрдің пікірінше, біріншіден, ерік санадан тыс, оған бағынбайды, тек адам зауқына тән, себепсіз, негізсіз құбылыс. Екіншіден, ерік – дүние құрылымы сияқты, түсініп, танып ұмтылыс. Дүниенің өзі де – «ерік пен елес». Ерік органикалық емес өмірде де, органикалық өмірде де бар. А.Шопенгауэрше, тау-таста, өсімдік, ағаш, жануарлар — бәрінде де ерік бар, оларды билейтін сол.
Шопенгауэрдің пікірінше, таным процесі кезіндегі философтардың қарастырып жүргені шын мәніндегі денелер емес, тек субьектімен байланыстағы обьект немесе елестету ғана. Елестетуден басқа, одан да гөрі ауқымдырақ құбылыстардың бар екенін зерттей келе, таным субьектісі, яки жеке адам өз басының тәжірибиесі негізінде жігерді өзінің ішкі мәні деп таниды. Жігер – әр уақытта рухани акт. Жігер кейбір құндылықтарды қалыптастырады, ал оларды құндылық ретінде мойындағаннан кейін, өзі соған ұмтылады. Жігердің өзі екі түрлі мәннен тұрады: біріншіден, елестету ретінде немесе обьективтендірілген жігер, екіншіден, әркімге белгілі саналы жігер, яки дененің өзіндік болмысы. Басқаша айтқанда, әмбебаптық жалпы жігер обьективті тұрғыда – табиғат және адам денесі ретінде бейнеленсе, субьективті тұрғыда – саналы жігер ретінде көрінеді. Жігер тек адамдарға ғана емес, жалпы табиғатқа тән құбылыс, сондықтан ол барлық құбылыстардың ішкі мәні. Мысалы, өсімдіктің өсуін жетелеуші күш те, заттарды кристалдандыратын күш те, магнит күші де, барлық материалдық денелерге тән салмақтылықтың арқасында оларды жерге тартатын күш те жігерге жатады. Жігер өзіндік зат ретінде кеңістіктен де, уақыттан да, себептіліктен де тыс жатыр. Жігер себепсіз болғандықтан, оны танып-білуге болмайды. Бірақ ол обьект ретінде танымда елестетілетіндіктен, кеңістік пен уақытта индивидуациялық қағида да (әмбебаптық жалпылықты жігердің жеке және ерекшеленген денелерге бөлгеннен кейінгі олардың өмір сүруі) бағынады және соның арқасында өмірлік жігерге айналады. Өмірлік жігер рухани акт болғандықтан, әр уақытта жігер еркіндігі немесе өзіндік себептерді (мотив) таңдау мүмкіндігі ретінде көрінеді. Осы қасиеттердің арқасында адамдар өз еркімен өз мүддесіне қарсы келетін, керек болса, өзін-өзі құртатын өзіндік себептерді таңдап алуы мүмкін. Мұндай қарама-қайшылық индивидуациялық қағидадан туындайды. Индувидуацияға байланысты қалыптасқан жаңа жағдайды түсінгенде, адамда әділеттілік пен жанашырлық қасиеттер пайда болады. Ал жанашырлық – әдептіліктің негізі. Жанашырлық тек адамға ғана емес, сонымен бірге жануарларға да тән.
Ал индувидуацияның салдары өмір қасіреттеріне әкелсе, онда одан құтылудың жолы біреу-ақ, ол – өмірге құштар жігерді құртып, индивидуациялық қағидадан құтылу. Жігер өз алдына жете алатындай мақсат қоймайды және түпкілікті қанағаттанарлыққа, бақытқа жетуге қабілетсіз, сондықтан ол ылғи да ұмтылыста болуы керек, себебі ұмтылыс оның жалғыз мәні ғана. Кеңістік пен уақыт арқылы белгіленген обьектілерді себептілік қағидасын басшылыққа алған ғылымдар қарастырады. Ал өнер данышпандары өздерінің фантазия күшінің арқасында мәңгілік идеяларды танып-біліп, оны поэзияда, бейнелеу өнерінде, музыкада көрсете алады. Ал музыканың рөлі қалған өнер түрлерінен ерекше бөлек, себебі онда тек идея ғана бейнеленбейді, сонымен қатар ол әлемдік жігердің бізде тікелей обьективтендірілуі болып табылады.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *