ҒАРИФОЛЛА ЕСІМ

ҒАРИФОЛЛА ЕСІМ
(15 сәуір, 1947ж. Павлодар облысы Лебяжі ауданы, Жалтыркөл ауылы)

— белгілі ғалым, философия ғылымдарының докторы, Қазақстан Ғылым Академиясының академигі, әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің философия және саясаттану факультетінің деканы болған. Қазір Астана қаласындағы Л.Гумилев атындағы Евразия Университетінде қызмет етеді.
1966 жылы Лебяжі селосында орта мектепті бітіріп, сол жылы Семейдің педагогикалық институтының филология факультетіне оқуға түседі. 1970 жылы осы оқу орнын үздік бітіріп, сонда философия және саясаттану кафедрасында оқытушы болып орналасады.
Екі жыл оқытушылық қызметтен кейін, әскер қатарында болып, оны аяқтаған соң қайтадан оқытушылық қызметке кіріседі. 1973 жылы В.И.Ленин атындағы Мәскеудің Мемлекеттік университетінде зерттеуші-стажер болып білімін жетілдіреді. 1974-1977 жылдары С.М.Киров атындағы ҚазМУ-дің философия және экономика факультетінде аспирантурада оқыды. 1987 жылдың ақпанында осы факультеттің ғылыми кеңесінде «09.00.01 – диалектикалық және тарихи материализм» мамандығы бойынша кандидаттық диссертация қорғады. 1978-1983 жылдары Семей педагогика институтында көркем-сурет факультетінде декан, 1983-1989 жылдары осы институтта философия кафедрасының меңгерушісі, 1989-1991 жылдары Қазақстан Ұлттық Ғылым академиясының философия және құқық институтында аға ғылыми қызметкер, 1991-2001 жылдары Абай атындағы Алматы Мемлекеттік университетіндегі философия және ғылымдар методологиясы кафедрасының доценті, профессор, 1992-1998 жылдары көркем-сурет факультетінің деканы, ал 1998-2001 жылдары философия және ғылымдар методологиясы кафедрасының меңгерушісі.

Философиялық шығармалары:

Республикалық мерзімді басылымдарда «Кейіпкер философиясы», «Еліктеу философиясы: күнгейі мен көлеңкесі», «Жаңаша ойлау және әдебиет», «Жаңаша ойлау – диалектикалық ойлау», «Ескіше ойлау және қазақша ойлау» және т.б. да мақалалары жарыққа шықты.
«Хакім-Абай» атты философиялық еңбегінде Абай дүниетанымына терең герменевтикалық талдау жасап, Абай көзқарастарының жаңа қырларын ашып, еліміздегі Абайтану ілімін жаңа деңгейге көтерді.
«Сана болмысы» еңбегінде қазақтың тұрмысы мен тарихына қатысты советтік ғылымда орнығып қалған ұғымдар мен түсініктерді сыни көзқарас тұрғысынан қайта қарастырды.
Ол сондай-ақ философиялық проза жанрында да табысты еңбек етіп, «Таңсұлу», «Күнә», «Көсем-көкжал», «Бөгде сезім» және т.б. да біршама еңбектер қалдырды, сол арқылы қалың елге аты танылды.
Философия тарихы саласында араб ойшылдарының тың мәдени мұраларын зерттеп, көлемді еңбектер жазды.

Философиялық көзқарастары:

Ғалымның философиялық көзқарастары, ой-пікірлері ұлттық рухани мұраларымызды, тарихи дәуірлердің ішкі имманенттік мазмұны мен мәнін жаңаша түсініп, қабылдауға ықпал етеді. Оның еңбектерінің методологиялық және ғылыми жаңалықтарын топтай келе, мынандай бағыттарын айтуға болады:
Біріншіден, қазақ философиясының тарихы мен теориясын әлемдік ойдың даму тұрғысынан зерттеу. Біздің жыл санауымыздан алты ғасыр бұрын өмір сүрген сақ ойшылы Анахарсистен Абай ғасырына дейінгі біртұтас мәдени-тарихи кеңістік концепциясын ұсынады. Қазақ философиясының және қазақы болмыстың көне түркілер ой дүниесінің мұрагерлігі және оның кемелдену сатылары мен таралу үрдісі дәйекті талданады. Еңбек қазақ философиясының тарихын Йоллығтегін, Қорқыт, Жүсіп Баласағұн, Махмұт Қашқари, Йассауи, Асан-Қайғы, Доспанбет сынды ғұламалардың асыл қазыналарына баға беру арқылы зерттелуімен ғылым үшін айрықша құнды;
Екіншіден, Абай шығармашылығын сан-алуан қырларынан зерттеу.
Осының нәтижесінде дана ойшылды таптық, ортодокстық-материалистік тұрғыдан тану жөніндегі қалыптасқан көзқарастың дәйексіздігі ғылыми тұрғыдан тұңғыш рет жан-жақты талданып, дәлелденді. «Казахстанская правда» газетінде 45 мақала жарияланды, Қазақ радиосынан 50 хабар жүргізді. Осы жұмыстарында автор қазақ философиясының тарихында бірінші болып талданудың герменевтикалық тәсілін қолданды.
Үшіншіден, заманның мәдени-әлеуметтік кәмелетке бетбұрыс жағдайындағы қазақ философиясының теориясын жасау және оны ізге салу проблемалары. «Сана болмысы» деген ортақ атпен жарық көрген тоғыз кітапта қазақ қоғамы мен оның рухани ерекшеліктері жөніндегі қоғамдық ғылымдарда орныққан кейбір түсініктер мен категориялардың құндылығы қайта бағаланады. Оларда мәдени-әлеуметтік ілгерілеудің жаңа жағдайындағы кеңестерден соңғы Қазақстанның және дәстүрлі қазақ қоғамының таптық-формациялық теорияға негізделген өлшемдерінен қол үзіп, өркениетті өлшем түрлеріне өтудің кейбір проблемалары тиянақты шешім тапқан.
Төртіншіден, ғалымның тағы да бір маңызды зерттеу саласы, ол өркениеттер мәселесі. Ғ.Есім ұлттық өркениет туралы зерттеулер жасау үстінде. Бұл саладағы Ғ.Есімнің еңбегі ол ғылымға «Қазақстандық өркениет» деген ұғым енгізді. Ол әлемдік өркениет жоқ, ол ұлттық өркениеттерден тұрады, өркениет дегеніміз этностардың өмір сүру тәсілі, демек оның түрлері көп дейді. Әдетте өркениетті елдер деп технологиясы жоғары жетілген елдерді айтсақ, ол өркениеттің басты сипаты, оның қайталанбайтындығында дейді. Осы ойдың негізінде ол бүгінгі таңда ұлттық идеяның көрінісі «Қазақстандық өркениет» деген тұжырым жасайды.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *