АБАЙ (ИБРАҺИМ) ҚҰНАНБАЙҰЛЫ

АБАЙ (ИБРАҺИМ) ҚҰНАНБАЙҰЛЫ
(1845ж. 10 тамыз, Шығыс Қазақстан облысы, Шыңғыстау – 1904ж. Шыңғыстаудағы Жидебай)

– қазақтың көрнекті ойшылы, ағартушысы. Абай тарихқа ең алдымен кемеңгер ойшыл ақын ретінде енді.
Оның ақындық шеберлігі қазақ даласында шырқау биікке көтерілді. Абай өлеңдері қашанда есті, сөздері жинақы, ойлары терең, тәрбиелік мәні зор, деңгейі жоғары болып келеді.
«Мен жазбаймын өлеңді ермек үшін» — деп ақынның өзі айтқандай, оның өлеңдерінің әлеуметтік, этикалық мәні мейлінше терең. Сонымен қатар Абай өз заманының қоғам қайраткері, ойшыл–философы болды.
Абай Қарқаралының аға сұлтаны Құнанбайдың төрт әйелінің бірінен туған. Орта жүздің Арғын тайпасының Тобықты руынан шыққан билер әулетінен. Әкесі Өскенбайұлы Құнанбай өз заманындағы атақ даңқы алысқа кеткен адамдардың бірі болған. Патша өкіметі XIX ғасырдың ортасындағы бір сайлауда оны Қарқаралы ауданының аға сұлтандығына бекіткен. Шешесі Ұлжан Орта жүздің Арғын тайпасынан Қаракесек руының шешендікпен, тапқырлық, әзіл әжуамен аты шыққан шаншарлардың қызы «Абай» деп жас Ибраһимді анасы Ұлжан еркелетіп атаған.
Осындай текті ортадан шыққан Құнанбай мен Ұлжаннан туған төрт ұлдың бірі Абай жастайынан ақ ерекше қабілетімен, ақылдылығымен көзге түседі. Балаға сыншы әкесі осы баласынан қатты үміт етеді. Сондықтан да ол Абайды медреседе төрт жыл оқығаннан кейін, оқудан шығарып алып, қасында ұстап, ел басқару ісіне баули бастайды. Әкесінің төңірегінде ел жақсыларымен араласып, өз халқының рухани мәдениет жүйелерімен жете танысады. Өзі билер үлгісінде шешен сөйлеуге төселеді. Ұтымды сөзімен, әділ билігімен елге танылып, аты шығады. Көп ұзамай, жетпісінші жылдардың бас кезінде Қоңыр Көкше дейтін елге болыс болады. Билікке араласып, біраз тәжірибе жинақтағаннан кейін ол халық тұрмысындағы көлеңкелі жақтарға сәуле түсіруге күш салып бағады. Бірақ онысынан пәлендей көңіл тоятындай нәтиже шығара алмайды. Сондықтан халқына пайдалы деп тапқан істерін көркем сөзбен, әсіресе, өлеңмен насихаттамақ болады. Орыс әдебиетімен танысуы көп ықпал етеді.
1891 жылдан бастап Абай басына ауыртпалық түсіп, бір-біріне ұласқан қайғы бұлты ашылмай қояды. Осы жылы ақынның сүйікті інісі Оспан жарық дүниеден өтеді. Одан кейін орысша әскери білімі бар, үлкен үміт күткен баласы Әбдірахманнан айырылады. Бұлардың қазасының ақын жанына қандай батқаны оның осы тақырыпқа арнаған топтама өлеңдерінен айқын көрінеді. Сөйтіп жүргенде соңғы тіренішіндей болған дарынды ақын баласы Мағауия да қайтыс болды. Осындай қабаттасқан қайғы қасіреттен күрт сынған Абай Мағауияның қазасынан кейін қырық күннен соң, өзі де дүние салады.
Ең алдымен ол өз халқына өлеңдері, қара сөздері арқылы ұдайы ой салып, оның көкірегін оятып, оны надандықтан, жаман қылықтардан сақтандырды, мәдениетті болуға, прогреске шақырды. Оған 1886 жылы жазған өлеңіндегі: «Қалың елім, қазағым, қайран жұртым. Ұстарасыз аузыңа түсті мұртың. жақсы менен жаманды айырмадың. Бірі қан, бірі май боп енді екі ұртың», — деген сөздері дәлел болады. Сондай-ақ, Абай бос даурыға, бекер мал шашуға, өтірік айтуға, жалқау болуға қарсы шықты. «Бес нәрседен қашық бол, бес нәрсеге асық бол, Адам болам десеңіз» — деп Абай «Өсек, өтірік, мақтаншақ, Еріншек, бекер мал шашпақ, Бес дұшпаның білсеңіз, Талап, еңбек, терең ой, Қанағат, рақым ойлап қой, Бес асыл іс көнсеңіз» — деген өсиет айтты. Абай өнер-білім алуға шақырды, өмірде өз орныңды тап, пайдалы әрекет жаса, дейді. «Сен де бір кірпіш дүниеге, кетігін тап та, бар қалан!» деген сөздер соның айғағы.
Абай қазақты өнер үйренуге, еңбекке, тіпті сауданың да мәнісін білуге шақырды. «Егіннің ебін, сауданың тегін үйреніп, ойлан, мал тап», дейді. Қазақ елінде ойын-сауыққа көп әуестеніп, бір үйден бір үйге, бір ауылдан бір ауылға селтеңдеп, қыдырып жүретін келеңсіз әдет барын ашына ескертіп, одан аулақ болуды арман етті. «Тамағы тоқтық, жұмысы жоқтық, Аздырар адам баласын», — деп түйіндеді. «Қырық екінші сөзде» Абай қазақты пайдасыз, жұмыссыз қаңғырып жүруге құмар деп санады. Абай өзінің өлеңдерінде, әңгіме, өсиеттерінде жан-жағына қара, көршілес өзбек, татар халықтарынан өнеге ал, солардан үйрен, дейді. Ең алдымен Абай орыс халқымен дос болып тілін үйренуге, өнерін білуге шақырды. Тек сол арқылы ғана қазақ халқының көзі ашылатынын айтты. «Орысша оқу керек, Хикмет те, мал да, өнерде, ғылым да – бәрі орыста зор. Залалынан қашық болу, пайдасына ортақ болуға, тілін, оқуын, ғылымын білмек керек. Оның себебі: олар дүниенің тілін біледі. Мұндай болды. Сен оның тілін білсең, көкірек – көзің ашылады. Әр біреудің тілін, өнерін білген кісі онымен бірдейлік дағуасына кіреді… орыстың ғылымы, өнері – дүниенің кілті, оны білгенде дүние арзанырақ түседі», — дейді.
Ол А.С.Пушкин мен М.Ю.Лермонтовты ұстаз тұтты, олардың өлеңдерін, И.А.Крыловтың мысалдарын қағаз бетіне аударды. Мәселен, «Татьянаның хатын», «Онегиннің хатын» аударып қана қойған жоқ, оған ән де шығарды.
1840 жылы М.Ю.Лермонтов Гетенің «Жолаушының түнгі әні» деген өлеңін «Горные вершины спят во тьме ночной» деген атпен аударған болатын. Гетенің бұл өлеңі көптеген ақындарға, композиторларға әсер етті. Қараңғы түн, айнала тау, тым-тырыс, мүлгіп тұрған табиғат. Бұл көрініс кімді де болса тамсандырады. Лермонтовты. Ф. Шубертті, С.Рахманиновты, т.б. шығармашылық шабытқа келтіргені сияқты, ол Абайдың да жүрегіне ұялады. «Қараңғы түнде тау қалғып, ұйқыға кетре маужырап» деп аударды, сондай-ақ ол Лермонтовтың «Теректің сыйы», «Қанжар» өлеңдерін аударды.
Әлеуметтік көзқарастарында Абай әділеттік үшін күресті. Үстем тап өкілдерін: байларды, билерді, болыстарды, т.б. аяусыз шенеді. Болыстыққа таласып, мал шашып, кейін оны еңбекші бұқарадан еселеп қайтармақ болғандарды кекетіп: «Болмыс болдым мінеки, бар малымды шығындап», — деп әжуалады. Сондай-ақ кедей, мүсәпір, жетім–жесірлердің қиын өмірін жаны ашып суреттеді. Оған «Қараша желтоқсан мен сол бір екі ай» өлеңі дәлел болады.
Абайдың дүниетанымында Құдай мен табиғат, адам мен құдірет, жан мен тән, өмір мен өлім көп орын алды. Осылардың бәріне прогресшілдік тұрғыдан жауап іздеді. Абай, бір жағынан, Құдай бар деп, түсінсе, екінші жағынан, дүниенің, әлемнің объективтік заңдылығы бар екенін мойындайды. Сондықтан ғылымды меңгеруге, дүниені түсінуге шақырды. «Ғалым болмай немес, балалықты қисаңыз» дегені немесе «Жасымда ғылым бар деп ескермедім, Пайдасын көре тұра тексермедім. Ер жеткен соң түспеді уысыма, Қолымды мезгілімен кеш сермедім» дегені осының айғағы. Абайдың ойынша адамның ақылдылығы, саналылығы дүниені зерттеумен, оның ішкі сырын білумен тығыз байланысты. Таным тұрғысынан Абай сананың, ақылдың рөлін жоғары бағылады. Дүниені тану, ақиқатты білу, ғылымды меңгеру. Абайдың пікірінше, адамға тән қасиет болуға тиіс. «Дүниенің көрінген сырын түгелдеп, ең болмаса денелеп білмесе, адамдықтың орны болмайды. Оны білмеген соң, ол жан адам жаны болмай, хайуаның жаны болады», — деп жазды. Абай шығармаларында, оның дүниеге көзқарасында стихиялық диалектиканың да орын алғанын байқауға болады. Айналадағы дүниенің мәңгі қозғалыста, дамуда екенін былай түсіндіреді: «Дүние бірқалыпта тұрмайды, адамның қуаты, өмірі бір қалыпта тұрмақты берген жоқ». Немесе «Дүние – үлкен көл, Замана – соққан жел», — дейді Абай «Отыз жетінші сөзінде». Оның ойынша, дүниеде өзгермейтін, құбылмайтын мәңгілік ешнәрсе жоқ. Табиғатқа да? адамға да осы заң ортақ екенін айтады. Мәселен, «Отыз жетінші сөзінде» Абай: «Адам баласын замана өсіреді, кімде-кім жаман болса, замандасының бәрі виноват», — деп жазды. Олай болс адамды адам тәрбиелейтін оның ортасы, әлеуметтік ортасы, достары болмақ. Балыйша айтқанда, адамның жаман, не жақсы болуы құдайдан емес, тәрбиеден екенін мойындайды. «Мен егер закон қуаты қолымда бар кісі болсам, адам мінезін түзеп болмайды деген кісінің тілін кесер едім», — дейді Абай. Әрине бұл пікірлер Абайдың діни уағыздарға сене бермейтінін көрсетеді. Ол «Қырық төртінші сөзінде»: Адам баласының ең жаманы – талапсыздық деп атап көрсетті. Абай әр нәрсенің, істің өлшемі болады деп білді. Егер өлшем сақталмаса, шектен шықса, сапалық өзгеріс болатынын айтты. «Қырық үшінші сөзінде» Абай: «Әрбір нәрсенің өлшеуі бар, өлшеуінен асса – жарамайды. Өлшеуін білмек – бір үлкен керек іс. Ойланбақ жақсы, іске тіпті салынып кеткен кісі ойын байлай алмай, қияли болып та кеткені де болады. Ішпек–жемек, кимек, күлмек, көңіл көтермек, сүймек, мал жимақ, мансап іздемек айлалы болмақ, алданбастық – бұл нәрсенің бәрінің де өлшеуі бар. Өлшемнен асырса, боғы шығады», — дейді. Абай: Оның ғажап тағы бір ойы: «…Көпте ақыл жоқ. Ебін тапта, жөнге сал», — деген. («Отыз жетінші сөзі»). Абай шығармаларында, әсіресе бес қара сөздерден тұрған оның тақияларында талай философиялық ойлар, толғаулар айтылған. Шоқан мен Ыбырай сияқты, Абай да қазақтың ұлттық мақтанышы. Оның ой-пікірі – прогресшіл адамзаттың тұжырымы. Өйткені ол мистикалық йдан аулақ болды, ақыл – парасатты дәріптеді. «Отыз сегізінші сөзінде» Абай: «Күллі адам баласын қор қылатын үш нәрсе бар. Содан қашпақ керек: әуелі надандық, екінші – еріншектік, үшінші – залылық», дейді.

Философиялық шығармалары:

Шығармалары үш жүйемен өрбиді: бірі – өз жанынан шығарған төл өлеңдері; екіншісі – ғақлия (немесе қара сөз) деп аталатын прозасы; үшіншісі – өзге тілдерден, әсіресе орысшадан аударған өлеңдері.
Абай өлеңдері түгел дерлік лирикадан құралады, поэма жанрына көп бой ұрмағаны байқалады. Қысқа өлеңдерінде табиғат бейнесін, адамдар портретін жасауға, ішкі-сыртқы қылық-қасиеттерін, мінез-бітімдерін айқын суреттермен көрсетуге өте шебер. Қай өлеңінен де қазақ жерінің, қазақтың ұлттық сипатының ерекшеліктері көрініп тұрады. Ислам діні тараған Шығыс елдерінің әдебиетімен жақсы танысу арқылы өзінің шеберлік – шалымын одан әрі шыңдайды. Шығыстың екі хикаясын «Масғұт» және «Ескендір» деген атпен өлеңге айналдырады. Ислам дініне өзінше сенген діни таным жайындағы философиялық көзқарастарын да өлеңмен жеткізеді.

Философиялық көзқарастары:

Абайдың дүниетанудағы көзқарасы XIX ғасырдың екінші жартысында Қазақтың экономикасы мен ой-пікірінің алға ұмтылу бағытта даму ықпалымен қалыптасты. Дүниетану жолында сары-орыстың төңкерісшіл демократтарының шығармаларын оқып, өз дәуірінің алдыңғы қатарлы ой-пікірін қорытып, басқаларға қазақ өміріндегі аса маңызды мәселелерді түсіндіруге қолданады. Дүниетану өңірінде екі қасиеттің — сезім мен қыйсынның, түйсік пен ақылдың қатынасын таразылайды. Сондықтан да: «Ақыл сенбей сенбеңіз, Бір іске кез келсеңіз» деп жазады.
Кез келген халықтың тарих сахнасына шығуы – жүйеге бейімделген біртектес өмір салттың ғана нәтижесі емес, сонымен бірге қасиеттік деп саналатын-арман-аңсардың (идеал) да біртұтастығына айғақ. Олай болса Абай сынының тәлкегіне түскен еріншектік, дарақылық, жалқаулық, күншілдік, өтірікшілік, өсекшілдік, мақтаншақтық, жағымпаздық, жікшілдік сияқты қасиеттер қазақ баласының кейбірінің бойындағы туа біткен кемшілік емес, сол Абай өмір сүрген қоғамдағы саяси әлеуметтік қатынастардың нәтижесі екеніне ден қою қажет. Сонда, Абай бұрынғы бабаларымыздың бойынан көрген «кемшіліктерді» себеп ретінде емес, сол замандағы саяси-әлеуметтік қатынастардың салдары ретінде қарастыруға жол ашқан.

Философиялық афоризмдері:

 Естілердің айтқан сөздерін ескеріп жүрген кісі өзі де есті болады.
***
 Тегінде адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрселермен озады. Одан басқа нәрсемен оздым ғой демектің бәрі де – ақымақшылық.
***
 Егер жаманшылықты көп қылған болсаң, балаңның оқыған құраны сені неге жеткізеді?
***
 Иман сақтауға – қорықпас жүрек, айнымас көңіл, босамас буын керек.
***
 Тіл жүректің айтқанына көнсе – жалған шықпайды.
***
 Жаманмен салысып жақсы болмайсың.
***
 Бір озған, бір жыққан үнемі озып, үнемі жығып жүрмейді.
***
 Адам баласы жылап туады, кейіп өледі.
***
 Әуелі құдайға сиынып, екінші өз қайратыңа сүйеніп еңбек қылсаң қара жер де құр тастамайды.
***
 Атадан баланың ойы өзге.
***
 Баланың мал табары болады, мал шашары болады.
***
 Өзің мал таба алмасаң – балаң мал тапсын.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *