ЫБЫРАЙ АЛТЫНСАРИН

ЫБЫРАЙ АЛТЫНСАРИН
(1841ж. Қостанай облысы, Қостанай ауданындағы Арақарағай – 1889ж.Тобыл өзенінің бойы)

— қазақтың аса көрнекті ағартушы-педагогы, жазушы, этнограф, фольклоршы.
Орынбор шекара Комиссияның қазақ балалары үшін ашылған мектебінде 1850 – 1857 жылдары оқып, оны үздік бітіріп шықты. Жастайынан туған әкесінен жетім қалып, Ыбырай үлкен әкесі Балқожа үлкен әкесі Балғожа бидің қолында тәрбиеленді. Орынборда оқып жүрген немересі Ыбырайға жазған мына сәлем хатының үлкен тәрбиелік мәні болды. «Атамды сағындым деп асығарсың, сабаққа көңіл қойсаң басыларсың, Ата-анаңды өнер білсең асырарсың, Надан боп білмей қалсаң, аһ ұрарсың». Ыбырай Орынборда оқып жүрген кезінен бастап, бұл өлкеде айдауда жүрген әртекті орыс зиялыларымен араласты, белгілі Шығыс зерттеушісі В.Григорьевтен дәріс алды. Елге қайтып оралған соң халықтан қаржы жинап, мекгеп үйін салуға кірісті. Мектеп 1864 жылдың қаңтарында ашылды. Ал мақсат-тілегін Ыбырай былай деп белгіледі: «Мен қазақ жастарының классикалық гимназияларда, ауыл шаруашылық академияларында оқып білім алуын, өз халқына қызмет етуін, жаңалықты іс жүзінде көрсете білуін жоғары мұрат деп білемін». Бала оқытып, тәрбиелеу жұмысында ол дүние жүзі педагогика классиктерінің идеяларын басшылыққа ала білді. Оған басшылық еткен Қазан университетінің профессоры, миссионер Н.И.Ильминский болды. Ол Ыбырайға орыс алфавитімен жазылған оқу құралын жасауды ұсынды. 1879 жылы Ыбырай төрт тараудан тұратын әйгілі «Киргизская хрестоматия» («Қазақ хрестоматиясын») кітабын жазды. Сонымен қатар көптеген әңгімелер, өлеңдер жазып, балаларды оқуға, білімге шақырды. Олардың біразы сол хрестоматияға енгізілді. «Кел, балалар, оқылық» деген өлеңінде ол: «Сиса көйлек үстіңде, тоқуменен табылған, Сауысқанның тамағы шоқуменен табылған, Өнер-білім, бәрі де оқуменен табылған. Кел балалар оқылық, Оқығанды көңілге, Ықыласпен тоқылық», — деп жазды. Ыбырай «Қазақтарға орыс тілін үйретумен бастауыш құралы» («Начальное руководство к обучению киргизов русскому языку», Оренбург, 1879) атты 8 — тараудан тұратын оқу кітабында «Зат есім», «Сан есім», «Үстеу мен жалғау», «Етістік» т.б. ұғымдарын тұңғыш рет еңгізіп, талдап көрсетті. Ыбырай өз халқын мәдениетті, өнерлі елдердің қатарына қосуды арман етті. «Өнер, білім бар жұрттар, Тастан сарай салғызды.
Айшылық алыс жерлерден. Көзіңді ашып жұмғанша, жылдам хабар алғызды», — деп жазды.
Ыбырай оқытушылық жұмыспен қатар халық училищелерінің инспекторы, Торғайдың уездік судьясы да болды. Алтынсариннің тікелей араласуын мектептер, интернаттар, училищелер ашылды, олардың жанынан халық қаражатымен кітапханалар ұйымдастырылды. Ыбырай надандыққа, сауатсыздыққа қарсы болып, халықты еңбекке, білімге шақырды. Оған «Надандық», «Бай баласы мен жарлы баласы», «Лұқпан Хакім», «Қыпшақ Сейітқұл» деген шығармалары дәлел болады. Мәселен, «Қыпшақ Сейітқұл» деген әңгімесінде Ы.Алтынсарин ағайынды екі адамды мысалға алады. Сейітқұл егіншілікпен айналысып, егін егеді, саудамен, т.б. шұғылданады. Сөйтіп басқаларға өнеге көрсетеді. Екіншісі ұрлықпен айналысады. Ақыры өмірі қорлықпен өтеді. Өзін белгісіз біреулер Түркістан жақта өлтіріп кетеді, ұрлықпен жинаған дүниесі талан-таражға түседі. Сөйтіп Ыбырай халықты адалдыққа, еңбекке, отырықшылыққа шақырады, зиянды кертартпа әдеттерден безуді уағыздайды, арамдық жолдан сақтандырады. «Араз бол, кедей болсаң, ұрлықпенен, Кете бар, кессе басың шындықпенен. Қорек тап бейнеттен де – тәңірім жәрдем, Телмірме бір адамға мұңдықпенен» деп халқына ақыл-кеңес берді. Сонымен бірге патша өкіметінің қазақ балаларының ішінен тілмаш тәрбиелеп шығармақ болған әрекетін сынап, қазақ еліне тілмаштық емес, өнер-білім керек екенін орыс тілінде жазылған мақалаларында талай рет атап айтты. Қазақтың кішіпейіл, білімге құштар, достыққа адал екенін айтып отырды.
Ыбырай қазаққа көшпелілік тұрмыстың тұсау болып отырғанын да атап көрсетті. Ол қазақтардың өмір бойы көшпелі тұрмыста қала беруін қуаттамауымен қатар, «халық өзінің даму жолында көшпелілік өмірден отыршылыққа ауыспай қоймайды» деп қорытты. «Халыққа білім беру, көзін ашу ісінің өзі осы отырықшылықпен тығыз байланысты» деді. «Қазақ көп ұзамай орыс мемлекетімен қоян-қолтық араласып кететін болады. Бұл жақындықтан ол тек қана бақыт табады және ол малшы болып қалмайды, сонымен қатар диқаншы да, Ресейдің қасиетті туы астында жақсы жауынгер де бола алады» деп жазды Ыбырай.
Бірақ Ыбырай патша өкіметінің Орынбор және Батыс Сібір генерал– губернаторлықтарында дала облыстарын басқару жөніндегі 1868 жылы қабылданбақ болған уақытша ережесін сынға алды. Оның қазақтың тұрмыс салтын, көшпелі өмір сүрген әдет-ғұрпын, шаруашылығын есепке алмай, оны күштеп отырықшылыққа айналдырмақшы болғанын, артық жерлерін тартып алып, Ресейдің орталық аудандарынан келген қоныс аударушыларға бермекші екенін бүкпесіз ашық сынады. Ы.Алтынсарин былай деп жазды:
«Даланы мекендеген халықтардың өміріне жасанды түрде төңкеріс жасауға шешім қабылдамас бұрын алдымен осы халықты және оның өмірін зерттеп білу ақылдырақ іс болмай ма? Бұл халықта отырықшылық үшін қандай алдын ала орындалған шарттар бар?.. т.б. Сол сияқты мәселелерді күні бұрын алған дұрыс болмай ма? Мұның өзі ағат қадам жасамау үшін керек. Өйткені, бүгін бір халықтың өмір салтын күшпен өзгерту кейде нағыз қабілетті халықтың өзін де енжар селқос халыққа айналдырып жіберуі мүмкін. Башқұрт халқы осындай жағдайды душар болды деушілер көп. Шындығында, айналдыруға болмайды ғой».
Ыбырайдың еңбектері, мақалалары, хаттары, олардың дүниеге материалистік көзқарас тұрғысынан, тәжірибиелі қиялдық анықтаушы тұрғысынан жазылғанын байқатады. «Білім дегеніміз өзімізді қоршаған шындықты танып-білу» деп түйіндеді Ыбырай. Ол мектептегі діни– схоластикалық оқуға қарсы шықты. Өзі ашқан мектептерде оқу процесін осы тұрғыдан жүргізді. Бірақ ол ашық қарсылық көрсеткен жоқ. Кейбір шығармаларында оның құдайға сенуі де байқалады. Шариғат мәселелесінде, діни кітаптарды оқу жеңіл болсын деп Ыбырай қазақ тілінде орыс әріптерімен де жазып көрді. Бірақ, жалпы алғанда Ыбырай Алтынсарин өз заманындағы алдыңғы қатарлы ойшыл, адамгершіл, ағартушы, демократ болды.

Философиялық-педагогикалық афоризмдері:

 Нәрсенің сыртына қызықпа, асылы ішінде.
***
 Көңіліңді, бойыңды мөлдір бұлақтай таза ұста.
***
 Біреуге жақсылық етсең, ол жақсылығыңды міндет етпе.
***
 Байлық – қанағат пен еңбекте.
***
 Аз жұмысты қиынсынсаң – көп жұмысқа тап боласың. Азға қанағат қылмасаң – көптен құр қаласың.
***
 Қашанда бір істі істегіңіз келсе, ол іске әуелі ақылыңызды, онан соң көзіңізді жұмылдырыңыз, соан соң ақылыңыз дұрыстанса, көзіңіз көріп жөнін тауып мақұл көрсе, тіліңіз бен қолыңызға сонда ерік беріңіз.
***
 Еңбекпен табылған тамақ тәтті әрі сіңімді болады.
***
 Өнер-білім бар жұрттар, Тастан сарай салғызды.
***
 Өнер, білім, бәрі де Оқуменен табылған.
***
 Маған жақсы мұғалім бәрінен де қымбат, өйткені мұғалім – мектептің жүрегі.
***
 Егер балалар бірдемені түсінбейтін болса, онда оқытушы оларды кінәлауға тиісті емес, оларға түсіндіре алмай отырған өзін кінәлауға тиіс.

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *