ШОҚАН (МҰХАММЕД-ҚАНАФИЯ) ШЫҢҒЫСҰЛЫ УӘЛИХАНОВ

ШОҚАН (МҰХАММЕД-ҚАНАФИЯ) ШЫҢҒЫСҰЛЫ УӘЛИХАНОВ
(1835ж. қараша, Қостанай облысы, Сарыкөл ауданындағы Күнтимес – 1865ж.сәуір, Алматы облысындағы Алтынемел тауы маңындағы Көшентоған)

— Қазақ Ағартушылығының негізін салушы, демократиялық ұлттық мәдениетіміздің көрнекті өкілі, энциклопедист-ғалым, шығыстанушы, саяхатшы, публицист және қоғам қайраткері. Қазақтың ұлы ғалымы: ориенталист, тарихшы, фольклоршы, этнограф, географ, ағартушы.
Әкесі Шыңғыс Уәлиханұлы сол кезде Аманқарағай дуанының (орталығы Қараоба мекені) аға сұлтаны болған. Округ орталығы 1844 жылы Құсмұрын қамалына ауысқаннан кейін дуан аты Құсмұрын болып өзгертілді. Шоқанның өз атасы Уәли Орта жүздің ханы болған. Арғы атасы Қазақ Ордасының Ұлық ханы Абылай, Шоқан оның шөбересі. Шоқанның балалық шағы қыс кезінде Обаған бойындағы Күнтимес ордасында, жазда Есілдің оң саласы Аққанбұрлық алабындағы ата жайлауда өткен. Әжесі Айғаным тұратын Сырымбеттегі хан ордасында да балдәурен кұндерін өткізген. «Жеті жұрттың тілін білуге тиісті» хан тұқымы болғандықтан, Күнтимес ордасындағы әкесі ашқан ауыл мектебінде хат таныған Шоқан сол мектепте шағатай тілін меңгереді, парсыша, арабша тіл сындырады. Бұдан кейін 1847-1853 жылдары оны әкесі сол кезде Сібірдегі ең таңдаулы оқу орны деп есептелінетін Омбы кадет корпусында оқытады. Онда әскери сабақтарға қоса жалпы және Ресей жағрафиясы мен тарихы, батыс, орыс әдебиеттері, философия, физика, математика негіздері, шетел тілдері жүрген.
Кадет корпусына алғаш оқуға түскен кезде Шоқан орыс тілін білмесе де өзінің зеректігімен тілді тез үйренді. Шоқанның корпуста бірге оқыған Г.Н.Потанин: «Өзінің орыс жолдастарын басып озып, Шоқан тез жетілді… Оған талайлар-ақ назар аударды. Ол сондай қабілетті еді және оқу орнына түспей тұрып ақ сурет сала білетін», дейді.
Оған әсіресе орыс тілі мен әдебиеті оқытушысы Костылецкий мен тарих пәнінің оқытушысы Гонсевский күшті ықпал етті. Пушкин, Гоголь, Лермонтов, Герцен, Белинский т.б. орыс классиктерін және батыс әдебиетінен Диккенс, Теккерей, Руссо шығармаларын, «Современник» журналын үзбей оқып, әлеуметтік өмірдің және әдебиет ағымының қай бағытта, қалай дамып бара жатқандығын аңғара алатын, өз кезінің саналы азаматының бірі болған.
1852 жылы Костылецкийдің көмегімен Шоқан көрнекті шығыс зерттеушісі, Петербург университетінің профессоры Березин танысады. Березин Шоқан жинаған қазақтың ауыз әдебиеті нұсқаларын, «Қозы Көрпеш Баян сұлу» жырын алған, ал өз тарапынан Шоқанды ескі жазу ескерткіштерін зерттеу ісіне тартқан. Березиннің тапсырмасы бойынша Тоқтамыс ханның «Жарлығына» талдау жасайды. Бұл оның алғашқы ғылыми еңбегі еді. Жастығына қарамай, оның білімдарлығын, әсіресе, шығыс әдебиеті мен тарихын жақсы білетіндігін сол кездегі орыс ғалымдары да жоғары бағалап, мойындай бастаған болатын.
Кадет корпусын он сегіз жасында бітірген Шоқан Батыс Сібір генерал губернаторының кеңсесінде қызметке қалдырылады. Бір жылдан кейін Батыс Сібір мен Қазақстанның солтүстік шығыс аудандарын басқаратын генерал губернатор Гасфорттың адьютанты болып тағайындалады. Осы қызметті атқара жүріп, ол Орта Азия халықтарының тарихын, этнографиясы мен жағрафиясын зерттеуге белсене араласады.
1855 жылы Ұлы жүзді Қоқан хандығының ықпалынан шығарып, Ресейге қосу бағытында жұмыс істеу үшін ұйымдастырылған экспедицияға қатысып, Семей, Аягөз, Қапал арқылы Іле Алатауына дейін келеді. Жоңғар қақпасына, Алакөл, Тарбағатайға саяхат жасайды. Осы сапарында қазақ, қырғыз, ауыз әдебиетінің үлгілерін, тарихы мен этнографиясының материалдарын жинап алады. Қазақ халқының тарихы мен әдет-ғұрып, діни ұғымдары жайында материал жинап қайтады. Бұл материалдар негізінде кейін ол «Тәңірі» (Құдай), «Қазақтардағы шамандықтың қалдығы» деген еңбектер жазады. Бұл еңбегін жоғары бағалаған генерал Г.Х.Гасфорт оны наградаға ұсынады, әскери лауазымы бір сатыға жоғарылап, поручик атағын алады.
1856 жылы М.М.Хоментовский басқарған әскери ғылыми экспедицияға қатысып, қырғыз елін жете зерттеп, Ыстықкөл аймағының картасын жасасады. Қырғыздар мен Ұлы жүз қазақтарының тарихы, этнографиясы жайлы мәліметтер жинайды, ауыз әдебиетінің нұсқаларын жазып алады. Жазуы жоқ елдердің өткен тарихы мен салтын тануымыз үшін мұндай ұзақ желіге құрылған, күрделі эпостардың үлкен мәні барын түсінген Шоқан «Манас» үлгісінде көрсетті. «Манас», дейді Шоқан, қырғыздардың ескі мифтерінен, аңыздарынан ертегілерінен жиналып, бір адам Манастың төңірегіне топталған энциклопедия. Бұл жағынан, ол даланың «Илиадасы» тәрізді. Бұл аса зор эпопеяда қырғыз халқының өмірі, әдет-ғұрпы, жағрафиясы, діни дәрігерлік ұғымдары, шетелдермен қарым-қатынасы түгел қамтылған… Екінші эпос «Семетей» «Манастың» жалғасы. Бұл қырғыздың «Одиссеясы». Іле өзенінің басындағы Манас жорық жасады деген жерлерді барып көреді. Сібір мен Тянь Шань аралығында көшіп жүрген қырғыздар Алатаудың автохонды ежелгі тұрғындары екені тарихта тұңғыш рет анықтап береді. Қырғыздардың көне тарихы жөніде жазған географы К.Риттердің, А.Гумбольттің, шығыстанушы ғалымдар Шотт пен Клапроттың еңбектеріне сын айтады, Бұдан кейін Құлжа қаласында болып, Жоңғария тарихымен шұғылданады. 1857 жылы тағы да қырғыз елінде болады. Осы сапарларда жинаған материалдарды ол «Жоңғария очерктері», «Қырғыздар туралы жазбалар», «Қазақтың халық поэзиясының түрлері туралы», «Ыстықкөл сапарының күнделіктері», «Қытай империясының батыс провинциясы және Құлжа қаласы» атты еңбектерін жазуға пайдаланады. Табиғатты және ел тұрмысын Шоқан жазушылық шеберлікпен суреттеген. Осыдан барып оны орыс достары «Қазақ тақырыбына жазатын орыс жазушысы» деп атаған. Тарих, география саласындаы даңқы Петербург ғалымдарына да жетіп, жиырмадан жаңа асқан жас Шоқанды Орыс География қоғамының толық мүшесі етіп сайлайды.
1858-1859 жылдары Шоқанның Қашғарияға сапары ғалымдық, ағартушылық саласындағы еңбегінің жаңа белеске көтерілуіне жол ашты. Қашқария ол кезде Ресей тарапынан зерттелмеген өлке болатын. Қоқан хандығының Қашқардағы консулы әрі саяси резидентінің көмегімен Қашқардың экономикалық саяси құрылымын зерттеп, бұл халықтың тарихы мен этнографиясынан көптеген материалдар жинайды. Қашқар сапарынан «Алтышаһардың, яғни Қытайдың Нан лу провинциясының шығыстағы алты қаласының жайы» атты еңбегі дүниеге келді. Бұл Шығыс Түркістан халықтарының тарихына, әлеуметтік құрылысына арналып, сол заман ғылымының биік деңгейінде жазылған әлемдегі тұңғыш зерттеу жұмысы еді. Ұзамай ол Германияда, Англияда жарияланады.
Шоқан қазақтың тұңғыш профессионал суретшісі болды, ол негізінен портрет, пейзаж және халықтың тұрмыс салтын бейнелеумен айналысқан. Одан 150-дей сурет қалған.
Туберкулез меңдегендіктен Петербургтен елге оралған Шоқан туған халқының екі жақты қанауда езілгенін көріп, 1862 жылғы сайлауда Атбасар округының аға сұлтаны болуға талпынады. «Елдестеріме пайдамды тигізу үшін аға сұлтан болғым келді. Оларды чиновниктен, қазақ байларынан қорғамақ болдым. Сондағы ең алдымен көздегенім өз басымның мысалы арқылы жерлестеріме оқыған аға сұлтанның пайдалы екенін көрсету еді» деп жазады ол бұл туралы досы Достоевскийге. Бірақ ол бұл мақсатын орындай алмай, аға сұлтандыққа өте алмай қалады. 1864 жылы наурыз айында Шоқан полковник Черняевтің шақыруымен Әулиеатаға (қазіргі Тараз қаласы) келеді. Орыс империясының Оңтүстік Қазақстан мен Орта Азияны Ресейге бағындыру жорығына аудармашы, жергілікті халықпен мәмілегерлік келісімдер жасау үшін қосылған ол полковник Черняевтің Әулиеатаны алу кезінде бейбіт халыққа жасаған жауыздығына куә болғасын, ренжіп, кейін қайтады. Содан Верный (қазіргі Алматы) қаласына келіп, одан әрі Тезек төренің аулына барып (бұрынғы Талдықорған облысы, Күреңбел жайлауы, Алтынемел асуының күнгейі) тоқтайды. Сонда үйленіп, тұрып қалады.
Сөйтіп жүргенде ескі өкпе ауруы қайта қозып, Шоқан 1865 жылдың сәуірінде қайтыс болады.
Шоқанның шығармаларын жинап бастыруда орыс ғалымдарының еңбегі аса зор. Орыстың жағрафиялық қоғамы басып шығарған Шоқан шығармаларына жазған алғы сөзінде академик Н.И.Веселовский: «Шоқан Уәлиханов Шығыстану әлемінде құйрықты жұлдыздай жарық етіп шыға келгенде, орыстың Шығысты зерттеуші ғалымдары оны ерекше құбылыс деп түгел мойындап, түркі халқының тағдыры туралы онан маңызы зор, ұлы жаңалықтар ашуды күткен еді. Бірақ Шоқанның мезгілсіз өлімі біздің бұл үмітімізді үзіп кетті!» деп жазды. Бірақ ол сол аз ғұмырында адам қабілетінің ғажайып мүмкіндіктерін, гуманизмнің биік өресін, ұлтжандылықтың жалтақсыз үлгісін, ғылыми қабілет пен алғырлықтың қайран қаларлық өнегесін барша болмысымен, нақтылы іс әрекетімен дәлелдеп үлгерді.

Философиялық афоризмдері:

 Поэзияға, әсіресе, импровизацияға құштарлық – барлық көшпелі нәсілдерге тән қасиет.
***
 Өткенің туралы ойлағаның – бүгініңнің қамын жегенің.
***
 Еңбекқорлық, ұлттық мақтаныш, принциптілік – сайып келгенде, осы қасиеттердің бәрі де халықтың тұрмыс-салты мен ұлттық мінезінен шығады.
***
 Адам баласы табиғат аясында және ұдайы табиғат ықпалын сезіну жағдайында өмір сүреді, нақты іс-қимылдар жасайды. Бұл тұрғыдан келгенде, шаманизм көзқарасы – солшыл материализмге саяды. Екінші жағынан, өлгеннен кейін адамның өзі тәңір текті құпияға айналады – бұл солшыл спиритуализмдік көзқарас.
***
 Тіл – қай халықтың болмасын басты белгісі.
***
 Халықтың кемеліне келіп, өркендеп өсуі үшін, ең алдымен, азаттық пен білім керек.
***
 Алғырлық пен сабырлық – түркілердің табиғи қасиеті.
***
 Қазақтар – жақсылықтың қадірін білетін халық!.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *