ҚАЗТУҒАН СҮЙІНІШҰЛЫ

ҚАЗТУҒАН СҮЙІНІШҰЛЫ
(XV-ХVІ ғасырлар, Еділдің Ақтұма-Бозаң сағалары, қазіргі Ресей, Астрахань обл., Красный Яр қаласының маңы)

— ұлы жырау, ойшыл, өз заманының батыры, әрі ақыны, әрі күйші, әрі шешен.
Сегіз қырлы бір сырлы. Мұның бәрі өзі туралы бір толғам жырдан айқын көрініп тұр: «Бұдырайған екі шекелі, Мұздай үлкен көбелі, Қары ұнымы сұлтандайын жүрісті, Адырнасы шайы оққа кірісті, Айдаса қойдың көсемі, Сөйлесе қызыл тілдің шешені, Ұстаса қашағанның ұзын құйрығы, Қалайылаған қасты орданың сырығы, Билер отты би соңы, Би ұлының кенжесі, Буыршының бұта шайнар азуы, Бидайдықтың көл жайқаған жалғызы, Бұлт болған айды ашқан, Мұнар болған күнді ашқан, Мұсылман мен кәуірдің Арасын бұзып өтіп дінді ашқан – Сүйінішұлы Қазтуған!!!»
Алтын-Орданың шаңырағы құлап, Еуразияның Ұлы Даласын көктей көшкен көшпелілер басынан құсы ұшқан кезде сұңқылдап тұрып жоқтау айтқан әйгілі тұлғалардың бірі Сүйінішұлы Қазтуған жырау өткенін қимай, бүгініне риза болмай, болашағына секеммен қарап өткен жырау. Өткенің қимайтыны, Шыңғыс ханның шаңды жорығынан кейін бірер ғасырдың аясында түркі тайпалары қайтадан ес жиып, еңсе көтеріп, қайтадан тұтастанудың нышанын танытып, алтын үзікті Орданың айбары алыс жақынға мойын бұрғыза бастап еді. Қазтуғанның өкінетіні сол айбар, сол береке көз алдында күйреп, кеше ғана сүттей ұйып, отырған елден береке қашып, быж-тыж болғаны. Осынау алмағайып кезеңде Алтын-Орданың қос бағасындай болған, кіндігі бір ноғай мен қазақтың қақ бөлінуі Қазтуған сияқты эпикалық қарымдағы тұлғаның жүрегін қақыратып өткендей. Бүтін кезіндегі бақытын баянды ете алмаған соң қай бір үшбаққа жетер деп, болашаққа секем ала қарайтыны сондықтан.
«Ноғайлы–Қазақ жұртының, Кейінгі туған балалары-ай … Жолдасын жолай тіздеген, Өзіне тиген дұшпанын, Қарт бурадай іздеген, Мен қарға бойлы Қазтуған, Қайғыланып асып барамын, Ноғайлы-Қазақ елінен!»
Қазақ пен ноғайдың айрылысқанын, ата қоныстың артта қалғанын Қазтуғанның көзі көріп отырса да, көңілі сенбейді, жан жүрегі бұл сұмдықты мойындамайды. Осынау тарихи оқиға Қазтуғанның бүкіл өмірінің мазмұнына айналған сияқты. Сүйінішұлы Қазтуған XV-ғасыр аясында сексен жасқа жақындап ғұмыр кешкен адам.
Қазтуғанның ат жалын тартып мініп, ата жолын қуып, ел ісіне араласқан ортасы Дешті Қыпшақтың кіндік мекені – Еділ мен Жайық арасы, Каспий алыбы, Нарын, Қабыршақты, Қарсау деген жерлер. Қазтуған даланың бағы мен сорын пешенесіне балаған елбасыларының үмбетінен шыққан. Оның тепсініп сөйлеп, таусылып айтып, тебірене күй төгуінде осындай гәп бар.

Философиялық афоризмдері:

 Азамат ердің баласы жабыққанын білдірмес – жамандар мазақ қылар деп.
***
 Арғымақтың баласы арыған сайын тың жортар – арқадан қосым ауар деп.
***
 Буыршынның бұта шайнар азуы, бидайықтың көл шаймаған жалбызы.
***
 Ойласа – ойдың көсемі, сөйлесе – қызыл тілдің шешені, ұстаса – қашағанның ұзын құрығы, қиып алған жас орманның сырығы.
***
 Бұлт басқан айды ашқан, мұнар басқан күнді ашқан.
***
 Ақ дария толқын күшейтер – құйрығын күн шалмаған балығым арқамда ойран салар деп.
***
 Жабағылы жас тайлақ жардай атан болған жер, жатып қалған бір тоқты жайылып мың қой болған жер.
***
 Атамыз біздің Сүйініш – күйеу болып барған жұрт, анамыз біздің Бозтуған – келіншек болып түскен жұрт.
***
 Балығы – тайдай тулаған, бақасы – қойдай шулаған.
***
 Шырмауығы – шөккен түйе таптырмас, балығы – көлге жылқы жаптырмас.

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *