АСАН-ҚАЙҒЫ (АСАН немесе ХАСАН СӘБИТҰЛЫ)

АСАН-ҚАЙҒЫ (АСАН немесе ХАСАН СӘБИТҰЛЫ)
(1361ж. Еділ бойы – 1370ж. Сарыарқа-Ұлытау)

— қазақ арасынан шыққан атақты ақын, философ, хан кеңесшісі. Тарихи аңыздарға қарағанда
Асанның әкесі саятшы болған. Революциядан бұрын жасаған қазақ тарихшыларының еңбектеріне қарағанда, Асан Алтын-Орда ханы Ұлұғ-Мұхаммедтің ықпалды биі әрі кеңесшісі. XV-ғасырдың ортасында Қазақ-Хандығы құрылған тұста, Шу алқабында 1456 жылы Жәнібек ханның кеңесшісі болған.

Басты идеясы:

Оның «Жерұйық» іздеу идеясы – баршаға жайлы һәм әділетті қоғам орнату жөніндегі адамзаттық аңсармен үндес әлеуметтік-саяси әрі философиялық ұлы идея. Асан ойларының енді бір өзегі – адам мен қоғам, табиғат пен тіршілік тақырыбы. Ел билеушіге қарата айтылған сөздерінде өмірдің ащы шындығын ашық жайып салады.

Философиялық шығармалары:

Асанқайғы жырлары мен ол туралы айтылатын аңыз-әңгімелері мен оның «Ел айырылған», «Асанқайғы», «Желмаяның жүрісі», «Зар» сияқты күйлері де сақталған.
Асанқайғы өз толғауларында, шешендік сөздерінде хандық мемлекетті нығайту, елдің қорғаныс қабілетін арттыру қажеттігін насихаттайды. Жәнібек ханды табысқа масаттанбауға, елдің түбегейлі болашағын ойлауға шақырады. Сол кездегі қоғамның әдет-ғұрып, мінез-құлық (мораль философиясы) мәселелерін көтереді. Өзінің ғұмырын туыстас руларды бір орталықты, қуатты мемлекет етіп ұйыстыру жолына арнайды (ағартушылық көзқарастары). Біздің заманымызға жеткен толғауларынан Асанның қилы кезең табиғатын жыға танығаны, тіпті Алтын-Орданың орнында пайда болған хандықтардың бәрінің құрып бітетініне дейін болжай алғаны көрінеді. Асанқайғының халық жадында сақталып қалған, айтылып келе жатқан «Жерұйықты» іздеуі утопиялық шығарма емес. Бұл Қазақ-Хандығының (мемлекетінің) тұңғыш рет тарих сахнасына шығуына байланысты туған жағдай.
«Асан ұзын аққан Ертісті көргенде: «Мына шіркіннің баласы тойдым деп қарап отырмас, қарным ашты деп жылап отырмас. Сиырдың мүйізі, доңыздың құлағы шығып тұрған жер екен» депті.
…Шідерлі деген өзенді көргенде: «Мына шіркіннің топырағы асыл екен. Алты ай мініп арықтаған ат бір айда майға бітетін жер екен. Бос жылқы шідерлеп қойғандай тоқтайтын, жылқының өрісі екен..» депті.
…Ұзын аққан Сыр бойын көргенде: «Басы байтақ, аяғы тайпақ қоныс екен. Қаратауды жайласам, Сырдың бойын қыстасам, қоныс болуға сонда дұрыс екен..» депті.
Асанқайғы бүкіл алты алаштың (қазақтың) жер-суын, қонысын көрсем, бұларға жағдай туғызсам, көп заман өмірін далада өткізіпті. Жүрген жерінде жақсы қонысқа да баға беріпті.

Философиялық көзқарастары:

Асанқайғы өз заманында қоғамдық өмірге үңіле қарап, халықтың тартып отырған ауыр азабын, аш-жалаңаштық, жұт-апат, өзара қырқысқан жаугершілік, әлеуметтік теңзіздікті көріп қайғырады, өз кезіндегі қоғамдық өмірге наразы болады. Олардың мекен еткен қоныстарын жақтырмайды.
Адам баласы ежелден бақытты өмірді, бейбіт тіршілікті, берекелі тұрмысты аңсаған, армандаған, іздеген. Қайткенде адам бақытты болады, қай жерде қандай жағдайда ол өзін бақытты сезінеді, міне, мұндай сұрақтар әр заманның данышпанын да, қарапайым жұртын да толғандырған. Шығыста әл-Фараби, Жүсіп Баласағұн, Батыста Сен-Симон мен Фурье, Компанелла тәрізді ұлы ойшылдар адамгершілік, рақымдылық пен берекелік проблемаларын сөз еткен өздерінің шығармаларында идеал қала мен патшалықты, ондағы қайғы-мұңсыз адамдарды суреттеп, утопиялық ойдың озық үлгісін тудырады… Асақайғы туралы шығармалардың басым көпшілігі әлеуметтік-утопиялық әпсана болып келеді.

Философиялық афоризмдері:

 Бұ заманда не ғаріп – ақ қалалы боз ғаріп, жақсыларға айтпаған асыл шырын сөз ғаріп.
***
 Әділдіктің белгісі – біле тұра бұрмаса, ақылдының белгісі – өткен істі қумаса.
***
 Есеніңде-тіріңде бір болыңыз бәріңіз.
***
 Атадан алтау тудым деп – асқынып жауап айтпаңыз, Атамның малы көп-ті деп – атты басқа тартпаңыз.
***
 Ғылымның қандай пайдасы – білместі жолға салмаса.
***
 Ердің құны сөз емес есебін тапқан сабазға, Мойнын бұрып сөз айтпас көңілі қалған аразға.
***
 Еділ бол да, Жайық бол – ешкімменен ұрыспа, Жолдасыңа жау тисе – жаныңды аяп тырыспа.
***
 Құйрығы жоқ, жалы жоқ,
Құлан қайтіп күн көрер?!
Аяғы жоқ, қолы жоқ,
Жылан қайтіп күн көрер.
***
 Көлде жүрген қоңыр қаз қыр қадірін не білсін, қырда жүрген дуадақ қадірін не білсін, санасы жоқ жамандар ел қадірін не білсін.
***
 Ойыл деген – ойың-ды, отын тапсаң – тойың-ды.
***
 Көшіп-қонып көрмеген – жер қадірін не білсін, көшсе қона білмеген, қонса көше білмеген, ақылыңа көнбеген –жұрт қадірін не білсін?!
***
 Ашу – дұшпан: артынан түсіп кетсең қайтесің түбі бір терең қуысқа.
***
 Қилы-қилы заман болмай ма – суда жүрген ақ шортан қарағай басын шалмай ма?!
***
 Ақың болса біреуде, айыбын тап та ала бер: ерегесіп ұрыспа, сенікі жөн болса да, атың шықпас дұрысқа.
***
 Мінезі жаман адамға – енді қайтіп жуыспа, Тәуір көрер адаммен – жалған намыс қуыспа.
***
 Арғымағың жамандап – тұлпар қайдан табарсың, Тұйғыныңды жамандап – сұңқар қайдан табарсың.
***
 Көлдің суын жамандап – Еділ қайдан табарсың,
Әкіміңді жамандап – әділ қайдан табарсың,
Өз барыңды жамандап – асыл қайдан табарсың.
***
 Ақ тоныңды жамандап – атлас қайдан табарсың, Өз басыңды зорайтып – теңдес қайдан табарсың.
***
 Адам әзіз айтар деп – көңіліңді салмағын,
Нәпсі алдаушы дұшпанның өсиетін алмағын.
***
 Есті көрсең кем деме – бәрі тұйғын табылмас, Жамандағанға жат болмас бірге туған қарындас.
***
 Бақыт қонған ерлердің әрбір ісі оң болар, Дәулеті күнге артылып, не қылса да мол болар.
***
 Күнінде өзім болдым деп – кең пейілге таласпа, Артық үшін айтысып – достарыңмен санаспа.
***
 Ғылымым жұрттан асты деп кеңессіз іс бастама, Жеңемін деп біреуді өтірік сөз қостама.
***
 Қадірін жеңге білмесе – бой жеткенмен қыз ғаріп, Замандасы қалмаған қария болар – шын ғаріп.
***
 Ата жұрты, бұқара өз қолында болмаса,
Қанша жақсы болса да, қайратты туған ер ғаріп.
***
 Надандықтың белгісі – тілін алмау білгеннің.
***
 Шамаңша шалқып жүре бер – қабірге әзір қоймаса, Артыңда қалар атақ жоқ – тіріде даңқың болмаса.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *