МАХМҰД ҚАШҚАРИ (МАХМҰТ ИБН ӘЛ ХҰСЕЙН ИБН МҰХЕММЕД ҚАШҚАРИ)

МАХМҰД ҚАШҚАРИ (МАХМҰТ ИБН ӘЛ ХҰСЕЙН ИБН МҰХЕММЕД ҚАШҚАРИ)
(1029ж. Шу бойындағы Барысхан, қазіргі Қырғыз Республикасы – Ыстықкөл маңы)

— түркі ғалымы, өз заманының аса білімдар филологы, тарихшысы, этнографы, географы әрі философы ретінде танылады.

Шығармалары:

әйгілі «Диуани лұғат-ат-түрк» («Түркі сөздерінің жинағы») атты еңбектің авторы.
Махмұдтың әкесі белгілі қолбасшы, Барсханның әмірі болған.
Ол кейін Қарахан әулеті билеген мемлекеттің мәдени саяси орталықтарының бірі Қашқарға ауысқан. Махмұд осында дәріс алған, ұзақ жылдар тұрған. Оның аты жөніне қай жерден шыққанын көрсететін дәстүрмен «Қашқариді» тіркеуінің мәнісі де содан.
Ол Қашқарда алған білімін одан әрі толықтыру мақсатымен, Бұқара, Нишапур, Бағдад қалаларында болады, түркі тілінің сыртында араб, парсы, тілдерін жетік меңгереді.
Махмұд Қашқари түркінің тұңғыш тіл маманы, түркі тілінің оқулығын жасаған, грамматикасын түзеп, жалпы түркі әлемінің тіл өнерінің өрісін кеңейтіп, өркенін өсірген ғұлама. Түркология тарихында ол тұңғыш тарихи салыстырмалы әдісті қолданып, түркі тілдері тарихи диалектологиясының негізін салды. Оның осы тілдерді салыстырмалы түрде зерттеу тәсілі бүкіл Шығыс тілшілеріне ортақ зерттеу тәсілі ретінде өзінше бір мектеп болып қалыптасты.
Түркі жұртының бай тарихы, географиялық жағдайы, әдебиеті мен өнері, этнологияық ерекшеліктері «Диуани лұғат-ат-түркте» нақты тарихи деректілік сипатпен танылған. Ол көптеген ұлыстардың, тайпалардың тіл ерекшеліктерін саралап, түркі тілінің бітімін ежіктей түсіндіреді, тұрмыс салтын, әдет ғұрпын баяндайды, сол кездегі бір қатар қаламгерлердің, ғұламалардың, тарихи адамдардың аттары мен өмірбаяндық деректерін, түркі халықтарының байырғы жырларын, мақал мәтелдерін береді. Сонымен қатар ол көне дәуірдегі түркінің әлемдік қартасын жасап, онда Барсхан, Баласағұн, Тараз, Екіөгіз, Қашқардан бастап, түркі дүниесінің ежелгі шаһарларын, елді мекендерін түгел дерлік көрсетеді. Бұл ретте оны түркі жұртының тұңғыш энциклопедиялық анықтамалығы десе де болады.

Философиялық афоризмдері:

 Қара бұлтты – жел ашар, хан есігін – пара ашар.
***
 Өгіздің сирағы болғанша, бұзаудың басы болған жақсы.
***
 Аңшы – қанша айла білсе, аю – сонша соқпақ біледі.
***
 Екі бура сүйкенсе – ортасында сона өлер.
***
 Күл үрлегеннен – шоқ үрлеген жақсы.
***
 «Қаш-қаштан» хабар келсе – қасыңдағыны да көрмей қаларсың.
***
 Құрғақ қасық ауызға жақпас, бос сөз құлаққа жақпас.
***
 Есек айтар: «бас аман болса – теңізден де су ішерміз» деп.
***
 Зорлық есіктен сығаласа – әдеп түңдіктен қашар.
***
 Екпейінше – өнбес, талпынбайынша – жетпес.
***
 Тау мен тау – қауышпас, адам мен адам – қауышар.
***
 Бала су төгер – үлкеннің жамбасы сынар.
***
 Әкесі ащы алма жесе – баласының тісі сырқырар.
***
 Жасауы мол келіннің күйеуі жуас келеді.
***
 Іс -ыңғайына, саудагер – пайдасына.
***
 Жібек жамау – жібекке, жүн жамау – жүнге.
***
 Бидайдың арқасында бидайық су ішер.
***
 Екі қошқардың басы бір қазанда қайнамас.
***
 Далада бөрі ұлыса – үйдегі иттің бүйірі солқылдар.
***
 Жақсы адамның сүйегі қурағанмен – аты қалар.
***
 Жаны кедей адамның құлқыны бір тоймайды.
***
 Ауыр күн де өтеді – оған сабыр-шыдам қыл.
***
 Жағасындағыны жалаған – алақандағысынан айырылады.
***
 От – түтінсіз болмас, жігіт – мінсіз болмас.
***
 Жоғалтқанды – жоқтама, жоққа – өкінбе.
***
 Атаның тоны балаға жараса – бала атасын танымас.
***
 Пышақ қанша өткір болғанмен өз сабын өзі жона алмайды.
***
 Айтар сөзге тұщынғаның –ноқтаға басты ұсынғаның.
***
 Жылқы кісінескенше, адам – сөйлескенше.
***
 «Ағайын» десе – шақ қарадық,
«Қайын» десе – жалт қарадық.
***
 Ұран көтерілсе – ру жиылар, Жау келсе – жамиғат жиылар.
***
 Тәрбие басы – тіл.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *