ҚАЗАҚТЫҢ ФИЛОСОФИЯСЫ

ҚАЗАҚТЫҢ ФИЛОСОФИЯСЫ

Жалпы, қазаққа сырт көздің берген бағасы мынадай: «Қазақ – ойлана білетін, дарынды да ақылды». Ел арасында «Қазақ – болашағын алдын ала болжап қоятын, ал тасадағысын байқай бермейтін халық» деген де пікір бар. Немесе, «Жолдасың қазақ болса, жолдан адаспайсың» (Өзбек мақалы) — дейді. Бұл біздің философиядан алыс кетпегенімізді білдіреді.
Қазақтың ерте замандағы философиялық ой-пікірлері бізге мифтік аңыз, қиял-ғажайып ертегілері, мақал-мәтелдері, жаңылтпаштары, ұлағатты сөздері түрінде жетті. Өткен замандарда өмір тіршілігінің көбін табиғат құшағында, күндіз-түні мал соңында өткізген қазақ қауымы, айналасын қоршаған жаратылыс дүниесі және оның сан-алуан құрылыстары – Аспан мен Жер, Ай мен Күн, Күн мен Түн, Қараңғы мен Жарық, Адам мен Табиғат, Жан мен Тән, Өмір мен Өлім, Жақсылық пен Жамандық, Бақ пен Сор сияқты сан алуан мәселелер жөнінде түрлі аңыз, қиял-ғажайып ертегілер, өлең-жыр, мақал-мәтел және толғаулар ойлап шығарып, түрліше болжамдарды айтқан.
Қазақтардың ең алғашқы дүниеге көзқарасы мифологиялық, яғни адам мен ғарыштың біртұтастығы идеясы болды. Оларда Ғарыш пен Жердің Ғайыптан пайда болғаны туралы, Күннің, Айдың және басқа да аспан шырақтарының қайдан шыққаны туралы айтылған (Иманқұл Н., Бөрібаев Т. Іліми Философия. /Ортағасырлық қазақ философиясы. «Парыз», —Астана: 2009. 127-бет).
Ерте замандағы қазақтың ұғымында: жер жүзіндегі барлық жаратылыстың түпкі тегі төрт нәрседен – Топырақ, Су, От және Ауадан жаратылған. Барлық болмыстың өмір сүру тетігі: жарық пен қараңғылыққа байланысты деп білген. Олардың ойынша: Жарық-жылудың, күннің, өмірдің, жақсылықтың және өмірдің нышаны. Ал, Қараңғылық – суықтың, түннің, өлімнің, жамандықтың, сор-қырсықтың нышаны. Бұларды бір-біріне қарама-қарсы күштер деп есептеген.
Бұрынғы замандағы қазақтың санасында: жаратылыс дүниесі адамдардың тұрмыс-тіршілігіне ұқсатып топшыланған. Олардың ойлауынша, әлемдегі барлық нәрсе және тіршілік жоқтан бар болып, кішкенеден үлкейіп, бір-бірінен туып, өсіп-өрбіп отырған. Ерте замандағы қазақтың «жасаған», «жаратқан» деп сыйынатын «иелері» де бейне бір асқан шебер өнерпаз «ұста адам» бейнесінде болған. Қазақтың жер мен аспан алғаш жаралғанда тым кішкене екен. Алғашында «әуе айнадай, жер тебінгідей» ғана болыпты. Ол кезде бүкіл әлем қаратүнек тұман ішінде тұрған. Кейін ұзақ замандардың өтуімен, жер мен аспан бірте-бірте үлкейіп, бұлардың арасынан күн мен ай туып, қараңғы мен жарық айырылып, адамзат, жан-жануардың тіршілігі пайда болған екен дейді.
Қазақтың көне дәстүрі бойынша, Жер – адамзат, жан-жануар, ағаш шөптің анасы. Аспан – жарық, жылу беріп, жаңбыр жаудырып есіркеуші – атасы есептелген. Сондықтан, ерте кездегі қазақтар Көк-Тәңірге, Жер-Анаға табынған.
Қазақтың ұғымында: Көк Аспан – бейне қазақтардың киіз үйі сияқты, барлық өмірге пана болған көк күмбез, Аспан әлеміндегі жұлдыздар – осы көк күмбезге жағылған шырақтар, олардың ойынша: аспандағы жұлдыздардың адам өмірімен тығыз байланысы бар. Әрбір адамның өмірін жаратып, тағдырын белгілейтін бір жұлдызы болады. Ол жұлдыз жоғарласа, бұл адамның бағы көтеріледі, егер сол жұлдыз төмендесе, бұл адамның бағы қайтады. Жұлдызы оңынан туса, барлық іс сәтті болады, жұлдызы солынан туса, қырсық шалады, ол жұлдыз жерге түссе, бұл адам өледі де, оның жаны көкке ұшады дейді. Қазақтар: ісі оңалған адамды «жұлдызы оңынан туды» дейді, аспандағы аққан жұлдызды көргенде: «менің жұлдызым жоғары», «сақтай гөр, жасаған» деп сыйынады. Олардың ұғымынша: адамдардың жұлдыздары әр түрлі, біреуі топырақ, біреуі су, біреуі от, кейбіреуі ауа сияқты болып келеді, бұл сол адамның мінездемесін, адамдар арасындағы қарым-қатынастарды белгілейді. Мысалы, жұлдызы су сипатты адам жұлдызы от сияқты адаммен жараса алмайды. Қазақтар жараса алмаған ерлі-зайыптыларды көргенде «бұлардың жұлдыздары жараспады» дейді, өмірінде бір-біріне өш болып өткен адамдарды «бұлардың бір-біріне жұлдыздары қарсы» дейтін болған.
Сонымен бірге, фетишизм, тотемизм, анимизм элементтері, адамдардың құдайлық күштермен «қарым-қатынасындағы» аралық міндеттер қоғамдағы ерекше топтың – шамандардың қолында болды.
Ертедегі қазақи түркілер арасында әр түрлі діндер таралған, олардың ішінде ең әйгілілері – отқа табыну, жануарларға табыну, өсімдіктерге табыну. Егіншіліктің пірі – Диқан баба, желдің пірі – Жалаңаш-Ата, жылқыға – Қамбар-ата немесе жылқышы-ата, қойға – Шопан-ата, түйеге – Ойсылқара, сиырға – Зеңгі-баба, ешкіге Сексек-ата қамқоршы деп саналған. Қыдыр-ата алуан түркі игілік, молшылық, байлық, бақыт әкелуші. Жоғарғы құдай – Тәңірі-Көк идеясы көптеген түркі халықтарының, соның ішінде қазақтардың ата-бабаларының да дүниеге көзқарасында пайда болған. Бұл көзқарастың негізі Көкке (Тәңірі) және Жер-Суға сиыну болды. Құдырет деп есептелген бұл қос күштің негізгісі – Көк болды. Өзінің мәні жөнінен бұдан кейін тұрған әйел тәңірісі – Ұмай отбасы мен бала-шағаны қорғаушы болған. Тоныкөк ескерткішінде: «Көк, Ұмай, қасиетті Жер-Су, міне, бізге жеңіс сыйлаған осылар деп ойлау керек!» — деп жазылған. Тағы бір жерінде: «Жоғарыда зеңгір көк, төменде қара жер жаралғанда, олардың екеуінің арасында адам баласы пайда болған. Адам баласына менің ата-бабаларым үстемдік құрған!».
Міне, бұлар ислам дініне кіруден бұрынғы ұғымдар еді. Ислам дініне кірген соң, ұғымдардың көбі ислам философиясына бағынып кетті, оның сарқыншақтары аңыз-ертегілерде там-тұмдап сақталып келеді. VIII-ғасырда (бір деректерде 714ж., басқа бір деректе 776-780ж.ж.) қазақтар ислам дінін қабылдады. Ислам Қазақ Елінде христиан дінін де, будда дінін де, зороастра дінін де, жергілікті діндерді де біртіндеп ығыстырып шығарды. Сөйтіп, қазақтар политеизмнен монотеизмге өтті.
Сонымен бірге, қазақ пен оның тілі (қыпшақ тілі) қалыптасуының этникалық-генетикалық және этникалық-лингвистикалық процесінің қалыптасуының да маңызы зор болды. Қазақ эпикалық жырлары – «Алпамыс», «Қобыланды», «Ер-Сайын», «Ер-Тарғын», «Қамбар-батыр» және т.б. философиялық ой кешулер шыңдала бастады. Бізге дейін жеткен авторы мәлім поэзияның ең ертедегі үлгісінің мерзімі XIII-XV — ғасырлар деп белгіленеді. Бұлар – деректемелерде Ұлы жыршы деп аталатын Кетбұға (XIIIғ.), Қотан (XIVғ.) ақындар мен жырау жырларының үзінділері (ИманқұлН., Бөрібаев Т. Іліми Философия. /Ортағасырлық қазақ философиясы. «Парыз»,—Астана: 2009. 128-бет).
Қоғамның дамуына, экономиканың өркендеуіне, ой еңбегі мен дене еңбегінің бөлінуіне байланысты, қазақтың арасынан өз философиялық ой-пікір қайраткерлері шықты. Бұлар негізінен қазақтың кемеңгер ойшыл, ақын-жыраулары еді. Қазақ философиясында, философиялық ой-пікір саласында жарыққа шыққан кемеңгер ойшыл қайраткерлері философия ғылымының маңызды деген мәселелері жөнінде өз көзқарастарын ортаға салды. Олар философияның өрістеуіне өздерінің елеулі үлестерін қосты (Мыңжани Н. Қазақтың көне тарихы/ Қазақтың ертедегі философиялық ой-пікірлері.
«Жазушы»,—Алматы: 1994. 112-бет). Жалпы, қазақ арасынан шыққан философиялық тұлғалар аз болмаған, олар әлі де зерттелу үстінде.

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *