ВЛАДИМИР СЕРГЕЕВИЧ СОЛОВЬЕВ

ВЛАДИМИР СЕРГЕЕВИЧ СОЛОВЬЕВ
(16 қаңтар (28 қаңтар), 1853ж, Мәскеу – 31шілде (13 тамыз), 1900ж, Мәскеу губерниясы,Узкое елді-мекені, Ресей империясы)

— орыс философиясының либералдық бағытының көрнекті өкілі, орыстың діни философы, ақын, сыншы. Оның философиясы діни философиялық дәстүрдің бүкіл рухы мен кейпін білдіреді. Көптеген ірі философтар өздерін В.С.Соловьевтің ізбасарлары ретінде санайды.

Философиялық шығармалары:

«Батыс философиясының дағдарысы», «Біртұтастық білімнің философиялық бастамалары», «Құдайлы — адамилық туралы оқулар» (1877-1878), «Тианақсыздық бастауларды сынау» (1880), «Ізгілікті ақтау» (1897-1899), «Теократия тарихы мен болашағы», «Платонның өмір драмасы», «Үш әңгіме», «Смысл любви» (1892-1894) т.б.

В.С.Соловьев христиан дінін платонизммен, классикалық неміс философиясын (әсіресе, Ф.Шеллинг философиясын) және ғылыми эмпиризимді біріктірмек болды. Бұл шын мәнінде мүмкін емес, метафизикалық әдіс болатын. «Жер бетінде шындық бола ма, әлде болмай ма?» — деген сұрауды ол христиан діні тұрғысынан шешпек болды. Әлеуметтік мәселелерге тоқтала келіп, елдің тыныштығын сақтау үшін Рим папасы мен орыс патшасы арасында одақ жасалуын жақтады. Ол христиан дінін, материалдық өмірді уақыт пен кеңістіктің қиратуынан құтқарып, тозбайтын ғарыш сұлулығына айналдыруды мақсат етті. В.С.Соловьевтің пікірінше, жетілдірілген жыныстық махаббат адам бүтіндігі мен дүниені сақтап, мәңгі өлместікке жеткізеді. Осылардың бәрі философиядағы туып келе жатқан революциялық-демократиялық қозғалысқа, материалистік, атеистік пікірлерге қарсы бағытталған іс-қимыл еді.
В.С.Соловьев адамның діни және әлеуметтік өмірі сұраныстарын біртұтастыққа байланыстыратын бүтіндей дүниетанымдық жүйені құруға тырысты. Соловьевтің ойы бойынша мұндай дүниетаным негізі христиандық болып табылады. Соловьевке дейінгі және кейінгі діни ойшылдар да бұл идеяны айтқанымен, бұл дүниетанымның негізі ретінде тек бір христиандық концессияны ғана (православие, католицизм немесе протестантизм) қалап алды. Соловьев тәсілінің ерекшелігі, ол барлық христиандық концессияларды біріктіруді жақтады. Сондықтан оның ілімі тар бағытта емес, концессияаралық сипат алды. Соловьевтің тағы бір маңызды ерекшелігі, христиандық дүниетанымға жаратылыстанудың соңғы жаңа жетістіктерін енгізіп, ғылым мен дінді синтездеуге ұмтылуымен сипатталады.

Философиялық көзқарастары:

Соловьев философиясының негізгі идеясы – жалпы тұтастық идеясы. Бұл идеяны дайындауда славянофильдердің соборшылдық идеясына сүйенгенмен, оған жалпы қамтушы, ғарыштық мағына береді. Болмыстың төменгі және жоғарғы деңгейлері өзара байланысты, өйткені төменгі үнемі жоғарыға тартылып отырса, ал әрбір жоғары өзіне төменгіні «енгізеді». Соловьевте жалпы тұтастық, «құдайдың қасиетті Үштігі барлық құдіретті жаратылыстармен, оның ішінде бастысы адаммен тығыз байланысты» деген тұжырымынан көрінеді. Жалпы тұтастықтың негізгі принципі: «Құдайда барлығы біртұтас». Жалпы тұтастық – бұл ең алдымен жаратушы мен жаратылыс тұтастығы.
Қоршаған әлем тек бір құдіретті суреткердің шығармашылық еркінен туындайтын жетілген туынды ретінде қарастырыла алмайды. Құдайды дұрыс түсіну үшін оның абсолюттік мәнін ұғыну аз, сонымен қатар оның ішкі қайшылығын да қабылдау қажет. «Барлығы болу үшін абсолюттік көп нәрсені талап етеді». Бұл – қоршаған әлем туралы Соловьевтің пікірі.
Соловьев болмыстың диалектикалық тәсілін қолдады. Оның пікірінше шындықты қатып қалған формасында қарастыруға болмайды. Барлық тіршіліктің ең жалпы белгісі өзгерістердің алмасуымен сипатталады. Болмыстың үздіксіз динамикасын негіздеу үшін ол белсенді идеялармен қатар әлемдегі барлық субьекті түрінде көрінетін әлемдік жан деген белсенді бастауды енгізеді. Бірақ ол өз алдына дербес әрекет етпейді, бұл әрекет құдайдың құдыретін керек етеді. Бұл құдырет Құдайдың әлемдік жанға, оның барлық әрекетін анықтаушы форма ретіндегі жалпы тұтастық идеясын беруінен көрінеді.
Соловьев жүйесіндегі бұл мәңгілік идеясы София – даналық атауын алды. София – Соловьев жүйесіндегі негізгі ұғым. Сондықтан оның ілімі софиология деп аталады. София ұғымын енгізгенде Соловьев бұл әлемнің тек Құдайдың ғана жаратылысы емес екендігін айтқысы келеді. Әлемнің негізі мен мәні Құдайға, әлемге және адамға жалпылық беретін жаратушы мен жаратылыс арасын байланыстырушы буын ретінде қарастырылатын «Әлемдік жан» – София болып табылады.
Құдайдың, әлемнің және адамның жақындасу тетігі Соловьевтің философиялық ілімінде құдайадам концепциясы арқылы ашылады. Құдайадамның нақты және толысқан үлгісі ретінде христиандық догмат бойынша әрі толық адам болып саналатын Иисус Христос болып табылады. Оның бейнесі әрбір индивидтің ұмтылуы тиіс идеалы ғана емес, бүкіл тарихи үдеріс дамуының жоғарғы мақсаты болып табылады.
Соловьевтің тарихы, Софиясы осы мақсатқа негізделеді. Бүкіл тарихи үдерістің мақсаты мен мәні адамзаттың рухтануы, адам мен құдайдың бірігуі, құдайадамның кейпіне ену болып табылады.
Соловьевтің ойынша тек Иисус Христос бейнесіндегі құдіреттілік пен адамзаттылықтың бірігуі, яғни «құдыретті сөз» арқылы бірігу жеткіліксіз.
Бұл бірігу практикалық тұрғыда, онда тек жекелеген адамдарда («әулиелерде) ғана емес, бүкіл адамзаттық деңгейде жүзеге асуы тиіс. Құдайадамға алып баратын жолдағы бастапқы алғышарт христиандыққа бет бұру, яғни христиан дінін қабылдау. Құдайдың шапағатына ие бола алмаған адамдар қара күш ретінде сипатталады. Христос адамға жалпы моральдық құндылықтарды ашып берді, адамгершілікті жетілдіруге жағдай жасап берді. Христос іліміне құлақ түре отырып, адам өз бойында киелі рухты сезінеді. Бұл үдеріс адамзат өмірінің барлық кезеңдерін қамтиды. Адамзатты біріктіруші бастау ретінде Құдай адам кейпіне енген кезде бейбітшілік пен әділеттілік, ақиқат пен жақсылық салтанат құрады.
Соловьевте адамгершілік философиясы сүйіспеншілік философиясына көшеді. Жоғары сүйіспеншілікпен салыстырғанда барлығы төменгі деңгейде, сондықтан тек сүйіспеншілік қана мәңгілікті қажет етеді. Құдыретті сүйіспеншілік арқылы жеке индивидуалдылық бекітіледі.
Құдыретті әлем туралы Соловьевтің ойы мынадай: Киелі құдыретті әлем – бұл ең нағыз шындық әлем, бұл әлем бүкіл дүниенің ұмтылатын идеалды тұтастығы. Құдаймен сәйкес келетін ақиқаттың өзі. Шынайы болмысқа заттай болмыс қарсы келеді. Әлемдік үдерістің міндеті табиғи болмысты идеялардың жалпы тұтастығына және шынайы, құдыретті болмысқа сәйкес келтірумен сипатталады.
Соловьевтің ұлттық өзіндік сананың «орыс идеясы» сияқты феноменін дамытуға үлкен үлес қосқандығын айта кету керек. Орыс философиялық ойының төлтумалылығын көрсететін идея ретіндегі «орыс идеясы» туралы жоғарыда айтылды. Және бұл төлтумалылық Христиандықпен байланыстырылады. Соловьевтің тұжырымдауынша, орыс идеясы мен Ресейдің парызы әлеуметтік Үштікті (киелі Үштікпен ұқсас) – шіркеудің, мемлекеттің және қоғамның органикалық тұтастығын жүзеге асырумен сипатталады. Христиандық Ресей Христің өзіне еліктей отырып, «Ғаламдық шіркеуді» өзіне бағындыруы тиіс. «Орыс идеясының» бұл бейнесінде Соловьев Ресейдің бүкіл тарихының өн бойындағы бұл концепцияны бір мазмұнға біріктіреді: «Қасиетті Русь» идеясы («Мәскеу-үшінші Рим» концепциясы), «Ұлы Русь» идеясы (Ұлы Петрдің реформаларымен байланысты) және «Еркін Русь» идеясы (негізін декабристер қалаған).

Философиялық афоризмі:

 Шын патриоттың адамгершілік парызы – адамзаттың ішінде жүріп халқына, халқының арасында жүріп адамзатқа қызмет ету.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *