ФЕДОР МИХАЙЛОВИЧ ДОСТОЕВСКИЙ

ФЕДОР МИХАЙЛОВИЧ ДОСТОЕВСКИЙ
(30 қазан/11 қараша, 1821ж. Мәскеу, Ресей империясы тұсында – 28 қаңтар/9 ақпан, 1881ж. Санкт-Петербор, Ресей империясы)

— орыс жазушысы, философ. Экзистенциализм және философиялық антропологияның қалыптасуына ықпал етті.

Шығармалары:

«Қылмыс пен жаза», «Нақұрыс», «Ағайынды Қарамазовтар» және т.б.

Өзінің шығармаларында ол Ф.Ницшенің және И.Кант философиясының ықпалында болды. Оның шығармаларының желісі — адамның ішкі дүниесі, психологиялық күйзелістері. Мәселен, И.Кант философиясындағы «антиномизмді» ұғымын кеңінен пайдаланып, полифония көзқарасын ұстанды. Айталық, ол адам психологиясындағы әділдік пен зұлымдық, тазалық пен арамдық, жақсылық пен жамандық қарама-қарсылықтарын өмірден алып, өз кейіпкерлері арқылы көрсете білді. Сондай-ақ әлеуметтік зұлымдық тамыры адам антропологиясында деп білді. Бір жағынан, адам құндылығы оның азаттығында болса, екінші жағынан, оның ішкі имандылығында деп санады. Ішкі имандылығы жоқ адам бар азаттықты бағаламайды, ондай азаттық тіпті «шектен тыс жоғары адамды» да бұзады, ірітеді деп білді ол. Оның мақсаты христиан дініне негізделген, құдайға сенген қоғам құру болды. Ол мұны жердегі жұмақ немесе «орыс социализмі» деп түсінді.

Философиялық көзқарастары:

Ол философ болмағанымен немесе таза философиялық шығармалар жазбағанымен, оның философиясы – ол қалыптастырған әдеби кейіпкерлерінің ойы және қылықтары. Оның шығармаларының философиялылығы соншалық, тіпті әдеби-көркем жанр шеңберінен шығып кетеді. Жазушы шығармаларында адам тағдыры мен мәнінің әлем және Құдаймен терең байланыстылығы туралы идеясын көтереді. Достоевский бойынша еркіндіктің «шынайы жолы» – бұл Құдай-адамға жеткізетін жол, Құдайдың жолымен жүру. Ол үшін Құдай адамгершіліктің барлық кепілінің негізі болып табылады. Достоевскийді үрейлендіретін нәрсе – бір нәрестенің болса да көз жасына құрылған әлем мен адамдар әрекетін жарқын болашақтың атымен ақтап алуға бола ма деген мәселе. Оның жауабы дайын – ешқандай дажоғары мақсат бейкүнә сәбидің қайғысы мен зорлықты ақтай алмайды. Бұл жолмен Құдай мен Әлемді келісімге келтіру мүмкін емес. Достоевскийдің ойынша, Ресейдің жоғары ұлттық миссиясы халықтарды христиандық тұрғыда біріктіру болып табылады. Ресейде Достоевский діни философияның бүкіл кейінгі дамуына үлкен ықпалын тигізді. Оның көзқарастары Батыста экзистнциализмнің, яғни әлемдегі адамның өмір сүруін негізгі мәселе ретінде қарастыратын философияның қайнар көзінің бірін құрады (Ғабитов Т. Философия. «Раритет», -Алматы: 2004./Орыс философиясы. 65-66 бет).

Философиялық афоризмдері:

 Біз неғұрлым ұлтжанды болсақ, солғұрлым европалық (бүкіл адамзаттық) бола түсеміз.
***
 Егер басқа адам бақытсыз болса, саған да бақытты болуға жол жоқ.
***
 Күлкі ең алдымен шынайылықты талап етеді.
***
 Адам жақсы күледі екен – демек, жақсы болғаны.
***
 Еш нәрсе істемеуге болатын кездің қандай екені миыма кірмейді.
***
 Махаббаттың күштілігі соншалықты, ол біздің өзімізді де қайта жарата алады.
***
 Өзіңнің бауырларың мен өзіңнің Отаныңды қорғап немесе тіпті өз Отаныңның мүддесін қорғап өміріңді құрбан етуден асқан асыл мұрат жоқ.
***
 Кейбіреуінің достарының ішінде болғанынан да жауларының ішінде болғаны пайдалырақ.
***
 Бостандық дегеніміз өзіңді-өзің ешнәрседен қыспау емес, өзіңді өзің билей алу.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *