ИОГАНН ГОТЛИБ ФИХТЕ

ИОГАНН ГОТЛИБ ФИХТЕ
( 19 мамыр, 1762ж, Бишофсверда – 27 қаңтар, 1814ж, Берлин)

— неміс философы. Субъективтік идеализмнің негізін қалаушылардың бірі және неміс классикалық философиясы өкілдерінің бірі.
Философиялық ілімдер ғылымдар теориясы (ғылымдар туралы ілім) ретінде қандай да болмасын білімнің негізін көрсетулері керек деген пікірді өз ілімінің басты қағидасы етіп алған ойшыл.

Философиялық шығармалары:

«Ғылым туралы ілім» (1794ж.),
«Адамның міндеті» (1800ж.), т.б.

Фихте «өзіндік затты» танып-білуге болмайды деген пікірді мойындамайды және оны сынға алады. Оның пікірінше, алғашқы бастама барлығын қамтитын, анықтаушы нақтылық – абсолюттік «Мен». «Мен» өзінің дамып отыратын іс-әрекетінің арқасында өзінің алғашқы бастама кезеңіндегі (сана – субьект) ақыл-ойдың нақтылығына қарама-қарсы жағдай – «басқа Менге» (табиғат-обьект), одан кейін өз дамуының үшінші сатысы– екеуінің өзара қарым-қатынасына айналады. Бұл жердегі «Мен» — рух, жігер, әдептілік, сенім ұғымдары, «басқа Мен» — табиғат және материя ұғымдары болса, олардың өзара қатынастары синтез – бұрмалаушылыққа қарсы күресіп жатқан адамның жігерін көрсететін ұғым. «Басқа Мен» (табиғат-обьект) нақты өмір сүріп қана қоймай, «Менге» әсер етіп, кейбір жағдайларда оның іс-әрекетін де айқындайды. «Басқа Меннің» (табиғаттың,обьектінің) әсерімен болған іс-әрекетті біз танып-біле алмаймыз, бірақ бұл «әсерді» тікелей сезінеміз. Сөйтіп, теориялық іс-әрекеттің негізінде бисаналық іс-әрекеттің жатқандығын көреміз. Ал «Меннің» іс-әрекеті деп Фихте субьектінің «әдептілік мінез-құлқын» айтады. Демек, адамның іс-әрекетінің мақсаты – әдептілік заңдары мен парызыңды орындау. Бұл мақсатты жүзеге асыруда қоршаған ортамен тығыз байланысты адамның тән табиғатынан туындайтын оның табиғи қабілеттері қарсы болады. «Менге» қарсы тұрып, оны іс-әрекетке итермелейтін «басқа Мен» дегеніміз, айналып келгенде, осы.
Фихтенің «басқа Мені», табиғаты, обьектісі Канттың «өзіндік заты» сияқты санадан тыс өмір сүрмейді, ол – сананың ерекше қызметінің қажетті туындысы. Бұл қызметтің ерекшелігі: санада осы қызмет жүріп жатқанда, адамда ол туралы саналы ойлау қабілеті болмайды. Сондықтан да қарапайым күнделікті сана ол туралы ештеңе білмейді.
Сол себепті сананың осы ерекше қызметін қарапайым сана біздің түйсігіміздің мазмұны, бізге табиғаттан берілген деп ойлайды. Қарапайым сананың бұл қателігін тек философиялық ойлау ғана түзете алады. Шын мәнінде, түйсігіміздегі мағлұматтар «Меннің» (сананың) іс-әрекетінен туындаған «елестету» ғана. Демек, «Меннің» (сананың) бұл іс-әрекеті бірінші де, «басқа Мен» мен «басқа Меннің» ажыраспас бірлігін байқап «көруге» болады. Бұл қабілетті Фихте «интеллектуалды интуиция» деп атайды.
Фихтенің пікірінше, әрекетшіл «Мен» әр уақытта да өзінің қарама-қарсысының әсерімен қозғалысқа және іс-әрекетке түседі. «Меннің» себепсіз іс-әрекеті – оның қызметі мен алдындағы мақсатының өзара қарамқайшылықтарын қайта-қайта қалпына келтіру процесі. Басқаша айтқанда, бір кедергіден өтіп, оны жойған кезде, екіншісі пайда болады, сөйтіп шексіз кете береді. Өзінің осы тәсілін Фихте «антитетикалық» тәсіл деп атаған. Бұл тәсілдің ерекшелігі: антитезис тезистен шығарылмайды (диалектикалық тәсілдегідей), керісінше, антитезис қарама-қарсылық ретінде тезиспен қатар қойылып, содан кейін барып олар бірігеді. «Антитетикалық» тәсілді қолдану арқылы Фихте теория негізінен (түйсік, бақылау, қиялдау, елестету, ойлау тағы басқаша қарастыру негізінде) практикалық ақыл-ойдың негізгі мазмұнына, қабілетіне қарай ой түзейді. Осының арқасында субьект рет-ретімен теориялық іс-әрекеттің ең төменгі сатысынан жоғарғы сатысына дейін көтеріледі де, бұл деңгейде ол ойлау обьектісін өзінің ақыл-ойының белсенділігінің нәтижесі екенін түсініп-біледі. Сөйтіп, «ғылым туралы ілім» тәсілі адамзат ақыл-ойының даму жолымен сәйкес келгендіктен, айналып келгенде, өзінше байланысқан адамзат рухының тарихы болып шығады.
Фихтенің «практикалық философиясының» (этика, құқық және мемлекет туралы ілім, т.б.) негізгі ұғымы – «бостандық» ұғымы. Ол «бостандық» ұғымын «қажеттілік» ұғымына қарсы қою арқылы түсіндіруге тырысады. Спиноза сияқты, Фихте де адам жігері– оның қандай да болмасын рухани іс-әрекеті себептілікке бағынады деп есептеген. Бірақ осындай жалпыға бірдей қажеттілік бостандықтың болу мүмкіндігін жоққа шығармайды. Ал бостандық дегеніміз – қажеттілікті жою емес, керісінше, жеке адамдардың, адамзаттың заңдар мен мақсаттарға өз еркімен бағынуы. Басқаша айтқанда, бостандық дегеніміз – қажеттілікті танып-білуге негізделген іс-әрекет. Өнегелілік және құқықтық мәселелерге тоқтала келе, Фихте этиканы адамның ішкі дүниесіне бағытталған бостандық деп, ал құқықты адамдар арасындағы сыртқы қатынастарды реттейтін әлеуметтік құбылыс деп санайды. Демек, құқық әділеттілік заңдарына емес, адамдар арасындағы өзара қатынастарға сүйенеді. Ал өзара қатынастардың, келісімдердің негізі болып қоғамда үстемдік етіп тұрған заңдарға әркімнің бағынуы саналады.

Философиялық көзқарастары:

Фихте мемлекеттік билікті бөлу идеясын қолдамайды. Жалпы адамзат меншік иелері және меншігі жоқтар болып екіге бөлінеді. Мемлекет дегеніміз – меншік иелерінің ұйымы. Демек, мемлекет азаматтардан басқалардың құқығын мойындауды талап ету үшін, өзінің олардың әрқайсысын меншік иесіне айналдыратындай ұйымдастыру қабілеті болуы керек. Кейінгі еңбектерінде Фихте мемлекет пен құқықты адамзаттың әдепті өмір сүруінің бастапқы, бірақ қажетті даму сатысы екенін, ал қоғамда әдептілік заңдары толық жеңгенде, құқық пен мемлекеттің керегі болмайтыны жайлы пікір айтады. Фихтенің осы пікірлері өзінен кейінгі ойшылдарға үлкен әсер етті.
Иоганн Готлив Фихте – И.Канттың шәкірті. Оның басты еңбегі – «Әрқилы жаңалықты сынау тәжірибесі». Ол субъективтік идеалист. Фихтенің пікірінше, нақты өмір сүретін тек біздің санамыз. Материалдық дүние, болмыс, табиғат тек біздің санамызда, біздің сезімімізде, елесімізде, ұғымымызда болады. Оның пікірінше, практикалық істен сана бұрын басталады. Сана іштен туады. Фихтенің тағы бір пікірі-дөңгелектер туралы ілім. Қандай да бір шындық болмасын, ол «меннің» жемісі, дейді философ. Бірақ «меннің» екі түрі бар: жекелік «мен» және абсолюттік «мен». Бұл екеуі тығыз байланыста. Егер «мен» «мен емеске» бағынышсыз болса, онда субъект теориялық болады да, ал егер керісінше болса, онда ол практикалық болады. Ал 1800 жылдан кейін ол «мен еместі» «менге» біржолата бағындырады. Сондықтан ол И.Кантты, яғни «мен еместі», былайша айтқанда, санадан тыс «өзіндік затты» мойындағаны үшін сынады. Идеалистік бағыттың өкілі Ф.Шеллингке Фихтенің әсері зор болды. Бірақ ол Фихтеден бас тартты.

Философиялық афоризмі:

 Барлығын еркін еткісі келген адам ғана ерікті.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *