ФРАНЦУЗДЫҢ МАТЕРИАЛИЗМІ

ФРАНЦУЗДЫҢ МАТЕРИАЛИЗМІ

Бұл материализм XVII ғасырдағы ағылшын материализмі сияқты механикалық, метафизикалық материализмге жатады. Сондықтан негізгі сипаттары ортақ. Әрине, одан бір ғасыр кейін және Франция жағдайында дүниеге келгендіктен айырмашылықтары да бар. Француз материалистері көпшілікке тікелей әсер ету үшін философиялық ой-пікірлерін салондарда айтып, ой тартыстарын тудырып, энциклопедиялық еңбектер жазып, ауызша да, жазбаша түрде де кең таратты. Негізінде олар дінді, оның уағыздаушыларын қатты сынға алды, сатиралық сөздермен мазақ етті. Бірақ қоғамдық түсіндіруде олар идеалистік шеңберден шыға алмады (Кішібеков Д., Сыдықов Ұ. Философия. «Қарасай», —Алматы: 2008).
Энциклопедистер ілімі – атақты француз «Энциклопедиясын» шығару барысында сол кездегі табиғаттану ғылымдарының жетістіктеріне сүйенген бір топ ойшыл ғұламалардың дүниетанымдық көзқарастары дүниеге келді. Негізгі өкілдері мен олардың еңбектері: Дени Дидро «Рамо жиені», Ламетри «Адам-машина», Гольбах «Табиғат жүйесі», Гельвеций «Адам туралы», т.б.
Энциклопедистердің пікірінше, әлемнің түпнегізі – табиғат, материя. Оның негізгі қасиеттері: кеңістікте көсілу, салмақ, бірлік, түр (форма), қозғалыс.
Материяның кейбір түрлеріне белсенділік тән болса, кейбіреулеріне енжарлық тән. Белсенділігінің арқасында материя, ешқандай сыртқы күштің әсерінсіз, өзінен өзі туындайды және өз дамуының себебі өзінде.
Кеңістік пен уақыт бір-бірімен тығыз байланысты және олар материяның негізгі қасиеттері. Ал қозғалыс болса, ол материяның өмір сүру тәсілі. Денелер үздіксіз қозғалыста болады, тыныштықтың өзі де қозғалыстың бір түрі. Бірақ олар қозғалысты механикалық қозғалыс (орын ауыстыру) тұрғысынан қарастырады. Сезімдік түйсіну барлық денелерге тән. Олай болса, табиғаттың өзінде түйсіктерге ұқсас қасиет бар. Ал, сана, сезімдік түйсіктері бар денелер, негізінде, жоғары дәрежеде ұйымдасқан материяның түрінде болады (Гольбах).
Дүниеде себепсіз ештеңе болмайды, керек десеңіз, кездейсоқтықтың өзі де себептіліктің бір түрі. Өзгеріс, даму – жай ғана көбею, пайда болу, жеделдету, бәсеңдету. Адамдар мен қоғамдар солай дамиды.Сайып келгенде, дүниедегі өзгерістердің барлығы таза механикалық заңдылықтарға бағынады. Мысалы, жануарлар, адамдардың өздері де, жаны бар машиналар.
Адам табиғаттың бөлігі болғандықтан, олардың өздеріне тән табиғи құқықтары бар. Олар – өмір сүру, меншік иесі болу, бостандық құқықтары. Адамдардың бұл аталған табиғи құқықтары феодалдық қоғам тұсында жүзеге асырылмай келді, себебі онда билеушілердің мінез-құлықтары нашарлап, адамгершіліктері төмендеп кеткен. Сондықтан халықтың табиғи құқықтарын жүзеге асыру үшін мемлекетті басқару тәсілін өзгертіп, жетілдіру және заңдарды реттеу керек. Ол үшін билеушілерді ағарту керек. «Әлемді пікір билейтін» болғандықтан, мемлекет басқаруда ұлы адамдардың (патшалар, қолбасшылар, ғұламалар және т.б.) рөлі өте жоғары. Демек, билеушілер ақылды, жанашыр, әділетті болса, халықтың жағдайы жақсарады, өздерінің табиғи құқықтарына жетуге мүмкіндік алады.
Таным процесі туралы айта келіп, энциклопедистер мынадай ойларды алға тартады: қоршаған орта туралы деректер түйсік арқылы қабылданады да, ақыл-ой арқылы қорытылып, жаңа тұжырымдарға айналады. Бірақ адамның санасы заттарды тура сол күйінде қабылдамайды, бұл ретте адамның көңіл-күйі, т.б. субьективтік қасиеттері үлкен рөл атқарады. Олай болса, адамдар ақиқатқа жету үшін (ақиқат – дегеніміз заттар туралы ұғымдардың сол заттарға сәйкес келуі) тиімді әдістер іздейді, ал олар адамдар ақыл-ойының белсенділігін арттырады. Демек, ақиқатты танып-білу – философияның міндеті (Алтай Ж., Қасабек А., Мұхамбетәлі К. Философия тарихы. /Жаңа Заман философиясы.«Раритет», —Алматы: 2006.132-бет).
Дегенмен, сол кездегі философиялық тұлғалар Франциядағы саяси-әлеуметтік құрылыспен аяусыз күресті.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *