БЕНЕДИКТ (БАРУХ) СПИНОЗА

БЕНЕДИКТ (БАРУХ) СПИНОЗА
(24 қараша, 1632ж, Амстердам – 21 ақпан, 1677ж, Гаага)

— нидерландық философ. Жаңа дәуірдегі философиядағы басты тұлғалардың бірі, рационалист, пантеизм және натурализм өкілі. Математик, оптик, аспапшы сондай-ақ, ол — физик те.
Ол өз шығармаларын геометриялық әдіспен, яғни дефинция – анықтама — аксиома түрінде жазды. Амстердамда еврейлердің діни училищесінде оқиды, Ван ден Энден ұстазының ықпалында болады. Жас кезінен Дж.Бруно, Ф.Бэкон, Т.Гоббс шығармаларын құныға оқиды.
Спиноза көзқарасын еврей діни қауымдастығы қабылдамай, оны қудалауға ұшыратады. Ауылдық жерге қашып барып, сонда күнін көреді, шығармашылық жұмысын жалғастырады.

Философиялық шығармалары:

«Геометрияда қолданылатын әдіспен жазылған этика», «Құдай, адам және оның бақыты туралы» (1658-1659), «Діни саяси трактат» (1670-аяқсыз қалған), «Саяси трактат», «Ақыл-парасатты жетілдіру туралы трактат» (аяқсыз қалған), «Декарт философиясының принциптері», «Этика» және т.б.
«Этика» — Спинозаның ең басты шығармасы. Ол философ қайтыс болғаннан кейін ғана жарық көрген. Мұнда оның метафизикасының басты мәселелері қарастырылып, өз шешімін тапқан. «Этиканы» Спиноза геометриялық әдіспен құрастырып, дәлелді түрде мазмұндаған.
Спинозаның ілімі бойынша, барлық материалдық денелер мен құбылыстарды біріктіретін ұғым – ол субстанция (түпнегіз). Құдай, табиғат, әлем, түпнегіз біртектес, бір реттегі түсініктер, синонимдер. Түпнегізге сансыз көп атрибуттар (ең басты қасиеттер) тән. Солардың ішіндегі ең маңыздылары – кеңістікте көсілу мен ойлау. Түпнегізді ешкім (Құдай да, табиғат та) жаратпайды, ол өзінің өзінен пайда болуына себепкер. Түпнегіздің атрибуттары модустарды дүниеге әкеледі. Олардың өздері екі түрлі болады. Біріншісі – түпнегіздің атрибуттарынан тікелей туындаған модустар. Бұлардың өзі атрибуттарының табиғатына қарай: кеңістікте көсілу атрибутынан – қозғалыс және тыныштық модустары, ойлау атрибутынан – ақыл-ой және жігер модустары болып бөлінеді. Екіншісі – әлемдегі жеке денелер модустары. Әлем түпнегізбен пара-пар болғандықтан, бұл модустар – түпнегіздің (әлемнің) жеке денелер арқылы көрінуі. Әлем универсум (әмбебап жалпы ұғым) ретінде мәңгі және өзгермейді. Ал оған кіретін жеке денелер үздіксіз өзгерісте, қозғалыста болады. Өзгермейтін, қозғалмайтын әлеммен үздіксіз өзгерісте, қозғалыста болатын жеке денелердің арасындағы байланыс қозғалыс модустары арқылы жүзеге асады. Түпнегіздің ойлау атрибутының модустары (тіршілік, рух, жан) барлық жеке денелер мен құбылыстарды қамтиды.
Осы модустардың әрқайсысы өздеріне лайық жеке денелерде әртүрлі болып кездеседі. Егер жануарларда – жан, адамдарда – жан, рух, ақыл-ой, жігер модустары болса, басқа заттарда тіршілік модусы ғана болады. Бұл жерде Спиноза тіршілік деп жеке денелердің пайда болған кезінен өлгенге дейінгі өмір сүруін айтады. Спинозаның әлемдегі барлық денелерді басынан бастап жанды заттар ретінде қарастыруы философияда гилозоистік көзқарастың жанданып, одан әрі қарай дамуына үлкен әсер етті.
Спинозаның ілімі бойынша, тек денелер ғана модустар емес, сонымен бірге идеялар да модустар. Олай болса, адамдар өз мүмкіндіктерін және табиғаттың заңдылықтарын, сырын неғұрлым көбірек білсе, соғырлым ол өзі үшін әдептілік қағидаларын белгілеп, пайдасыз іс-әрекеттерден аулақ болып, Құдайдың мәнін түсінуге жақындар еді. Ал Құдайды жақсырақ түсінген сайын, оны көбірек сүйеміз. Осындай Құдайға деген сүйіспеншілік те біздің игілігіміз. Адамдар өзін туғаннан еріктімін деп есептейді, шындығында олар ерікті емес. Өйткені олардың іс-әрекеттері себептілікке бағынады. Бұл заңдылықты білмегеннен кейін, олар өздерін еріктіміз деп ойлайды.
Табиғаттың, адамның өмірінің себептілік заңдылығына бағынышты екенін түсіну үшін, ойлаудың математикалық тәсілі ғана бізді ақиқатқа жеткізеді.

Философиялық көзқарастары:

Жалпы алғанда, таным процесі үш сатыдан тұрады: біріншісі – сезімдік таным. Бұл сатыда біз шынайы білім ала алмаймыз, себебі түйсіктер арқылы алған ақпараттар көп жағдайларда көңіл-күйге байланысты болады. Екіншісі – рационалдық таным, басқаша айтқанда, ақыл-ой арқылы келетін таным. Танымның бұл сатысында да біз ақиқатқа жете алмаймыз. Үшіншісі – интуиция немесе заттар мен құбылыстардың мәнін іштей түсіну. Бұл сатыда заттардың мәнін түсініп-білу арқылы , олардың түпнегізін (Құдайды) білуге мүмкіндік аламыз.
Сөйтіп, Құдайдың (түпнегіздің, табиғаттың, әлемнің) мәнін, мазмұнын, табиғатын түсіну тек матиматикалық тәсілді қолданған ғылымдардың ісі, ал дінге келетін болсақ, оның Құдай туралы айтқан пікірлері қате. Жалпы алғанда, діннің шығуына екі түрлі себептер әсер еткен. Олар: біріншіден, адамдардың табиғаттың өзінен табиғаттағы құбылыстардың себептерін түсіндіре алмауы және екіншіден, олардың табиғаттың дүлей күштерінің алдындағы қорқынышы.
Бірақ, Спинозаның пікірінше, дін халықты уыстан шығармай ұстап тұру және қоғамда тәртіп орнату үшін қажет.
Спиноза ілімінің атеистік идеялары XVIII-ғасырдағы француз ағартушыларының еңбектерінде өз жалғасын тапса, оның дедуктивтік тәсілі мен таным процесіндегі кейбір соңғы идеялары (интуиция, т.б.) Шеллингтің, Канттың, Гегельдің философияларында даму үстінде болды.

Философиялық афоризмдері:

 Күнделікті өмірімізде кездесетіннің бәрі де өтеді-кетеді …
***
 Уақытында істеу – уақыттан ұту деген сөз. Дер кезінде жасалмағанның бәрі желге ұшады.
***
 Күнделікті өмірде кездесетіннің бәрі өткінші әрі мәнсіз.
***
 Жалған деп жүргеніңнің ақиқатқа айналуы да жиі кездеседі.
***
 Егер кімде-кім бәрін заңмен реттеймін десе, ол жөнсіздіктерді жоюдың орнына көбейтіп алуы ықтимал.
***
 Надандық – аргумент емес.
***
 Түсіну – келісушіліктің басы.
***
 Нәрсе көпшіліктің оны мойындамағанынан ақиқат болмай қалмайды.
***
 Мүлтіксіз әділдік ең ізгі адамдарда ғана кездеседі. Тіпті өзін шыншыл санайтын адамдардың өздері күн сайын түрлі асырып-жасырып айтумен күнәға батады. Асырып айту әркімде дерлік кездесетін қасиет.
***
 Бақыттың да, бақытсыздықтың да түбірі бір, атап айтқанда өзіміздің қатты ұнататын нәрсемізде болғандықтан зұлымдық пайда болған.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *