ФРЭНСИС БЭКОН

ФРЭНСИС БЭКОН
(22 қаңтар,1561ж. Лондон – 9 сәуір, 1626ж. Хайгейт)

— ағылшын философы, тарихшы, саяси қайраткер, эмпиризмнің негізін қалаушы (индуктивтік әдісті қолданды).
Кембридж университетін бітірді, дипломатиялық қызметте болды, 1584 жылы парламентке сайланды. 1617 жылдан баспа лорд-сақтандырушысы, сосын — лорд-канцлер; Ақсүйектер отбасында дүниеге келген, кейіннен Веруламдық барон және Сент-Олбандық виконт. Король Яков І оған Верлуам деген жердегі үлкен қорғанды сыйға тартып, «Верлуам лорды» деген атақ береді. Алайда саясатта тұрақтылық болмағаннан кейін, бұл саладан кетуге мәжбүр болды. Кейін, оның философиямен айналысуына жол ашылады. Оның нақыл сөзі – «Білім-Күш».

Философиялық шығармалары:

«Адамгершіл және саяси тәлімдер немесе тәжірибиелер» (1597),
«Ғылымдарды арттыру және оның қадір-қасиеті туралы» (1615, 1623),
«Табиғатты талқылаудың 12-қағидасы – ойлар және бақылаулар»,
«Ежелгілердің даналығы туралы», «Аспан туралы», «Себептер мен бастаулар туралы», «Желдердің тарихы», «Өмір мен өлім тарихы», «7-Генрихтың тарихы»,
«Жаңа Атлантида» (1627), «Жаңа Органон» және т.б.
Фрэнсис Бэконның шығармаларының ерекшеліктері – ол білімнің өмірге деген қажеттіліктен пайда болатындығын асыра көрсетілуі. Ол әсіресе табиғатты зерттеудің қажеттігіне көп көңіл бөледі, ал оның негізгі жолы – тәжірибелік зерттеулер. «Не іс-әрекетте пайдалы болса, ғылымда да ақиқатты», ғылымның жетістіктері мен жемістері – оның ақиқаттығының көрінісі», — дейді ұлы ойшыл.
Бэконның пікірінше, табиғаттың сырын, заңдылықтарын білген адам оларды өз қажетіне жарата алады, ал табиғатты материяны қарастыру арқылы түсінуге болады. Материяның қасиеттері көп, солардың ішіндегі негізгісі – қозғалыс. Қозғалыс – материяның кеңістіктегі орын ауыстыру ғылымдары тәсілмен қабылдап білуге болатын денелер ғана, ал рух, жан, т.б. ғылыми тұрғыдан танып-білуге болмайтын болғандықтан – нақты шындыққа жатпайды. Табиғатты танып-білу негізінде мәдени өмірді мақсаттылықпен өзгерту – адамзаттың негізгі мақсаттарының бірі. Бұл жолда адамдар әр нәрсеге сеніп, табынушылық жалған эксперимент екенін түсінулері керек. Бэконның түсінігінше, зерттелетін заттардың қасиеттері еш уақытта өзгермейді және олар бір-бірімен байланыста болмайды. Дін мен ғылым бір-біріне кедергі жасамай, әрқайсысы өз жолымен ақиқатқа жетулеріне болады.
Тәжірибені талдай келе, Фрэнсис Бэкон оны екіге бөледі. Олар – жемісті тәжірибе мен сәулелі тәжірибе. Бірінші өмірге пайдалы нәтижелер әкелсе, екінші табиғаттың терең сырларын ашуға көмектеседі.Сәулелі тәжірибелер өмірге дереу пайда әкелмегенімен, жемісті тәжірибелерді жүргізуге көмек береді, басқаша жағдайда олар сарқылып қалар еді.
Ғылымның дамуына сондай үлкен мән берген ғалым, оны сала-салаға бөлу мәселесіне (классификацияға) көп көңіл бөленді. Оның ойынша, адамның жан дүниесіндегі үш қабілеті ғылымды топтастырудың негізінде жатуы қажет. Олар:
1. Есте сақтау;
2. Қиял;
3. Ақыл-ой. Есте сақтау қасиетіне сай ғалым – тарих, қиялға – поэзия, ақыл-ойға – философия.
Тарих ғылымын Фрэнсис Бэкон екіге бөледі. Олар – жаратылыстану тарихы, екіншісі – азаматтық тарих.
Қиялға негізделген поэзия дүниені шынайы бейнелемей, керісінше, адамның жүрегінен, сезімінен шығатын талаптар тұрғысынан көрсетеді.
Ал енді философияға келер болсақ, оның пәні үш мәселені қамтиды. Олар – Құдай, Табиғат және Адам мәселелері. Өз заманындағы түсініктері сай, Фрэнсис Бэкон Құдай мәселесін «қос ақиқат» тұжырымы арқылы қарайды. Философия саласында Құдайды ақыл-оймен танып-білу мүмкін емес. Сондықтан ол теологияның шеңберінде сенім арқылы қаралуы керек.
Ал табиғат философиясына келер болсақ, Фрэнсис Бэкон оны да екіге бөледі. Олар – теоретикалық және практикалық философия. Теоретикалық философия сәулелі тәжірибелерге сүйеніп, табиғатта бұрын-сонды болмаған жаңа заттар мен құбылыстарды тудырады.
Адам мәселесі де екіге бөлінеді: Табиғат туындысы ретінде оны философиялық антропология, ал қоғамның мүшесі ретінде азаматтық философия зерттейді.

Таным мәселелері:

Фрэнсис Бэконның ойынша, ғылым салаларында ғасырлар бойы қалыптасып, адамның дүние тануына кеселін тигізетін нәрселер бар. Ең алдымен оларды сыртқы шығарып әшкерелеу қажет. Сонда ғана жаңа әдістерге жол ашылып, зерттеулердің тиімділігі артады. Сол ғылымдағы кедергілерді Фрэнсис Бэкон «идолдар», я болмаса «елестер» дейді. Олар – төртеу.
Бірінші елес – тектік идолдар. Олар адамның жаратылысынан, жалпы табиғатынан шығады. Оны біз қазіргі тілмен «антропоморфизациялау» деп айтар едік. Ол сонау көне заманда пайда болған мифологияға келіп тіреледі. Адам табиғаттағы сырлы құбылыстарды танып-білуге бағытталған кезде, оларды «өзіне ұқсатып» түсіндіруге тырысады. Текті елестер ең тұрақты, оларды толығынан жою мүмкін емес. Фрэнсис Бәконның бұл айтқан ойларын растау үшін мынандай мысал келтірейік. Адамдардың мыңдаған жылдар бойы арман еткен басқа Дүниелердегі ақыл-оймен, рухпен кездесу қиялы ХХ ғасырда ғарыштан ұшып келген тарелкалар жөніндегі неше түрлі аңыздарды тудырды. Ол қазіргі заманның тудырған мифтері бойынша, ұшып келген тарелкалардың ішінен шыққан пенделер нақ жердегі адамдар сияқты екі аяқты, қолды, екі көзді, тек олардың түсі көкшіл екен т.с.с.
Әрине, кең ғарыштың кеңістігінде басқа жұлдыздар аясындағы планеталарда өмір және сол өмірдің биік ғажап шыңы – рух пайда болуы мүмкін. Бірақ ол рухтың иесі тек адам сияқты болуы тіпті қажетті емес. Бірақ адам оны өзіне ұқсатып көргісі келеді… Ал бізге ең жақын орналасқан жұлдыздың қашықтығы 5 сәулелік жыл екенін ескерсек (яғни секундына 360 мың км. Жылдамдықпен ұдайы 5 жыл ұшу қажет!!!) және А.Эйнштейннің салыстырмалы теориясына сай ондай жылдамдықтың шеңберінде заттың салмағы күрт өсіп, кеңістіктегі алатын орны қысқарып, уақыт бауласа, онда қайсыбір тіршілік түрі мұндай қашықтықты өте алмайтындығына көзіміз жетеді. Сонымен ғылыми тұрғыдан қарағанда, «тарелка мифінің» орынсыз екенін көруге болады. Міне, бұл – Фрэнсис Бэконның айтқан тектік идолдарының бүгінгі таңдағы бір көрінісі ғана.
Екінші елес – ол үңгір идолы. «Әрбір адам белгілі бір отбасында, белгілі бір жерде дүниеге келіп, тәрбиеленеді, ересек адамға айналады. Біреу адам түгіл құдай да ұмытқан ауылда, екіншісі аудан орталығында, үшіншісі астанада, ия болмаса үлкен қалада туып–тәрбиеленеді. Біреу кедей, екінші ауқатты отбасында өсіп-өнеді, көбінесе соған сәйкес білім алуға, өмірде өз орнын табуға мүмкіндіктер ашылады. Ол адамның болашақ тағдырына өзінің зор ықпалын тигізбей қоймайды. Ол сол өзін қалыптастырған «үңгірден» дүниеге қарайды, ал оның өзі «табиғаттың сәулесін әлсіретіп бұрмалайды», — дейді ұлы ойшыл. Ал бұл елестен құтылу жолы – дүниеден алған жеке тәжірибені жалпыхалықтық тәжірибемен ұштастыру болмақ.
Үшінші – алаң, ия болмаса базар елестері. Олар қарапайым адамдар жиналған жерлерде пайда болады. Оның қайнар көзі – зат пен соны көрсететін, бейнелейтін сөзді толығынан теңеу. Ал шынына келсек, сөз – затқа қойылған ат қана. Сөз көбіне заттың не екенін емес, оның адамдарға деген маңызын ғана көресетеді, — дейді ұлы ойшыл. Егер сөзді затқа теңесек, онда көбіне біз «жалған даналық» жолынга түсіп кетеміз. Бұл елеске берген сыннан біз схоластикалық философияға қарсы бағытталған Фрэнсис Бэконның көзқарасын болжаймыз.
Төртінші, соңғы елес – ол театрлар идолы. Олардың дүниеге келу себебі – тарихтағы өмір сүрген даналарға, ұлы тұлғаларға толығынан сену, солардың уақытында жасаған ғылыми тұжырымдамаларын «соңғы өзгермейтін мәңгі ақиқат» ретінде түсіну. Мысалы, белгілі бір мәселе бойынша Аристотель былай деп айтқан, ал сіз Аристотельден де ақылдысыз ба? – деген дау-дамайдан сол адамның «театр елесінің» шеңберінде екенін байқаймыз. «Ақиқат беделдің емес, тек өз заманындағы уақыттың қызы», — деп қорытады Фрэнсис Бэкон. Жаңада ғана келмеске кеткен Кеңес заманының негізгі елесі осы «театр елесі» болды емес пе? Тек беделділердің аттары ғана өзгерген жоқ па? Олар К.Маркс, Ф.Энгельс, т.с.с. болды. Бүгінгі таңдағы қоғамды демократизациялау, көппікірлік принципке көшу бұл елестің өмірден кетуіне себеп болуда.
Сонымен жоғарыда көрсетілген идолдар қандай күшті болғанмен, ғылым жолына түскен адам өзінің ақыл-ойын, дүниесезімін олардан тазарту керек деп қорытады ұлы ойшыл.

Философиялық көзқарастары:

Ғылым жолын неше түрлі елестерден тазалағаннан кейін, Фрэнсис Бэконның алдында жаңа зерттеу жолдарын жасау мәселесі пайда болды. Ол үшін ең алдымен сол кездегі философиядағы абстрактілі – схоластикалық әдістерді сынау қажет болды. Олар – нәтижесіз. Белгілі бір жалпы ұғымдарға негізделген Табиғаттың нәзік сырлары көп тұжырымдардан анағұрлым терең», — дейді Фрэнсис Бэкон.
Әрине, ойшыл жалпы ұғымдар керек емес деп оларды толығынан теріске шығарды деген пікірден біз аулақпыз. Әңгіме сол жалпы ұғымдардың қалай шығарылғанында. Егер олар кездейсоқтық деректерді жалпылаудың негізінде пайда болса, онда олардан шығарылған тұжырымдар бізді жалған жолға түсіреді, адастырады.
Жалпы ұғымдар тәжірибеден шығуы керек. Бірақ біз оны әрқашан сынап, ой елегінен өткізіп отыруымыз қажет. Ғалым адам жолында жатқанның бәрін жинай беретін құмырсқаға (сол кездегі алхимиктер), сонымен қатар бәрін өз ішінен шығарып, өзінің торын тоқитын өрмекшіге (сол кездегі схоластар) ұқсамауы керек. Ол әрбір гүлге қонып, оның нәрін жинап, оларды қайта өңдеп балға айналдыратын араға ұқсас болуы қажжет, — деп қорытады Фрэнсис Бэкон.
Жекеден жалпылыққа өрлеуді – индуктивті әдістемені – алғаш рет Фрэнсис Бэкон дүниеге келтірді десек, онда ол шындыққа лайықты болмас еді. Өз заманында ұлы Аристотель жалқыдан жалпыға көшу әдістемесін жасаған болатын. Орта ғасырларда да бұл әдістеме мүлде ұмыт болған жоқ-ты.
Фрэнсис Бэконның бұл әдістемеге енгізген негізгі жаңалығы – тек қана белгілі бір ұғымды дәлелдейтін деректерді ғана емес, сонымен қатар оған қайшы келетіндерді де зерттеу, олардың себебін табу болды.
Жалқыдан жалпыға жету жолында үш кесте жасау керек. Олар: tabula presentiae – деректердің болу кестесі, екінші – tabula absentiae – деректердің болмаған кестесі, үшінші – tabula graduum – деректердің азды–көпті болуының деңгейін көрсететін кесте. Зерттеу жолында бұл кестелер толтырылғаннан кейін, соларды салыстыру арқылы белгілі бір ұғымдарды тудыруға мүмкіндік пайда болады.
Сонымен Фрэнсис Бэкон – жаңа дәуірдегі қалыптасып жатқан тәжірибелік ғылымның дамуына зор әсерін тигізген ұлы тұлға.

Философиялық афоризмдері:

 Жар басында тұру қиын, кері де қайта алмайсың: екінің бірі – құлайсың не батасың.
***
 Тамақты тарта жесең санаңды ашар, Көп жесең – ұйқы басар.
***
 Кітап – заманалар толқынында тербеліп, үстіндегі қымбат қазынасын ұрпақтан-ұрпаққа жеткізіп келе жатқан ой кемесі.
***
 Аз-аздап бетін ашып қоя салатын да, аяғына жеткенше бас алмастан оқып шығатын да кітаптар бар, бірақ көңілді үйіріп, көкірекке тоқуға татырлықтай кітаптар некен-саяқ болады.
***
 Білім мен құдыреттілік – екеуі бір нәрсе.
***
 Жоғары лауазым адамды үш мырзаның малайына айналдырады: ол мемлекетке және мемлекет басшысына қызмет етеді, жұрт өзі туралы не ойлайды екен деп алаңдап бас қатырып жүреді, оның үстіне өзіне тапсырылған істің жайын ойлаудан қолы босамайды. Сөйтіп, ол өзіне де, ісіне де, тіпті, уақытына да ие бола алмай қалады.
***
 Шектен шығудан асқан арсыздық жоқ.
***
 Өзімшілдер өздеріне жұмыртқа пісіріп алу үшін сенің үйіңді өртеп жіберуден тайынбайды.
***
 Махаббат пен қызғаныштан асқан құштарлық жоқ.
***
 Оқу – адамды білімді болуға, әңгімелесу – тапқырлыққа, естігенді жазып отыру – дәлдікке тәрбиелейді.
***
 Адам тану – бір бөлек, істі білу – бір бөлек.
***
 Қаталдық қорқытады, дөрекілік жеккөрінішті етеді.
***
 Тұйықтық – әлсіздердің үйшігі.
***
 Қу адамдар білімпаздықты жек көреді, ақкөңілдер оған таң қалады, ақылдылар оны пайдаланады.
***
 Томаға тұйықтықтың үш түрі бар. Біріншісінде – адам өзінің кім екенін білдіртпей, ұстамдылық пен үнсіздік сақтайды; екіншісінде – ол белгілер мен шаралардың көмегімен өзі туралы жалған түсінік беретін жалтарушылықты ұсынады; үшіншісі – екіжүзділік, ол өзінің кім екенін білдірмеуге тырысып, әдейі жасанды қылық жасайды.
***
 Адамның ақыл-ойы тойымсыз. Ол тоқтай да, тыныштықта тұра да алмайды, ол үнемі алға ұмтылыста болады.
***
 Ең күйініштісі ақиқат, ең ұнамды адасудан әлдеқайда артық.

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *