МИШЕЛЬ ЭЙКЕМ ДЕ МОНТЕНЬ(28 ақпан, 1533, Сен-Мишель-де-Монтеньдегі Монтень қамалы – 13 қыркүйек, 1592, Бордо)

МИШЕЛЬ ЭЙКЕМ ДЕ МОНТЕНЬ
(28 ақпан, 1533, Сен-Мишель-де-Монтеньдегі Монтень қамалы – 13 қыркүйек, 1592, Бордо)

— атақты француз жазушысы және Қайта Жаңғыру кезеңіндегі философ.

Философиялық шығармалары:

«Тәжірибиелер» (1580), «Мен не білемін?» атты еңбектердің авторы.
«Тәжірибиелер» – бұл абстрактылы философиялық еңбек емес, адамға күнделікті қажет, практикалық туынды. Монтеньді Аристотель мен Платон философиясы қызықтырмайды, Аристотельді ол тіпті «схоластикалық ғылымның құдайы» деп атайды, негізінен скептиктерді жоғары бағалайды. Адамды табиғаттың бөлшегі ретінде қарастырған Монтень күнделікті болмыс, күйбің тіршілікті (адамның киім кию мәнері, өзін қоғамдық жерде ұстай білу өнері, балалар тәрбиесі және тағы басқаларды суреттей отырып, философияны өмірмен байланыстырып байқайды, өмірге қатысы жоқ, бос, көпірме пікірталастарға әуестігі үшін философияны сынға алады: «менің ойымша, философияның бізге парасат пен ақымақтықтың, қаталдық пен кешірімділіктің, адалдық пен арамдықтың бірлігі табиғатқа жат, қарсы деп үйретуі баланың ойыны секілді». Антика философтарының негізгі кемшіліктері қарапайым адамның күнделікті өмірінен алыстығында екендігін түсіне білген Монтень өз өмірінің жақсы-жаман жақтарын сараптай отырып, адам үшін ең бастысы – философиялық ілімдер дамытатын ақыл-ойға жүгініп қана қоймай, өз табиғатының сұраныстарын да тыңдай білуі екенін көрсетті: «біз бөтен ойлар мен білімдерді сақтап қана қоямыз. Оларды өз меншігімізге айналдыруымыз қажет. Әйтпесе, біз от іздеп көршісіне барып, бөтен үйдің отына жылынып, өз үйінде от жағуды ұмытып кеткен адамға ұқсаймыз».

Философиялық көзқарастары:

Монтень адам өмірінің мақсаты – табиғатқа сеніп, жалпылық заңы бойынша бірқалыпты өмір сүру деп есептейді. Табиғи заңдарға сәйкес өмір сүру ғылымы өте қиын, бірақ адамдық міндетті орындағаннан артық ештеңе жоқ, адам өз табиғатына қарсы келмеуі керек. Өлімді қарсы ала білуді де Монтень осы тұрғыдан үйретеді. Оның ойынша, өлімнен қашып құтылу мүмкін емес, өлім – табиғат заңдылығы, бір өмірдің орнына екіншісі келеді, өмір сүргісі келетін басқа адамдарға да орын босатқан жөн, яғни өлімге философиялық тұрғыдан қарау керек. Монтень бұл мәселе жөнінде Цицеронның «пәлсапа соғу – өлімге үйрену деген сөз» деген қағидасын мойындайды.
Біздің ойымызша, Монтень философиясы адамға аса пайдалы. Көп адамға түсініксіздеу, қарама-қарсы пікірлерге толы (Монтень жазғандарын қайта-қайта түзетіп, толықтырып отырған) «Тәжірибелерден» өмірге қажетті құнды кеңестер алуға болады. Шынында да, адамға ақыл-ойдың жетегіне еріп, көкке ұмтылудың қажеті жоқ. Адам табиғатпен үйлесімді, өз мүмкіндігін бағалап өмір сүрсе жеткілікті.
Монтеньннің қағидалары: «Мен болсам құдай сыйлаған өмірді сүйемін .. табиғат мен үшін жасаған нәрселерді шын жүрегіммен, алғыс айта отырып қабылдаймын, оның сыйына қуанамын, ардақтаймын …»
«Әрбір адам – қайталанбас, ерекше құбылыс».
«Әрбір адам өзін мүлдем өзгерте алады».
«Ал мен не білемін?»
«Надандықтан құтылғың келсе, оны мойындау керек?».

Философиялық афоризмдері:

 Білуге құштарлықтан асқан табиғи құштарлық жоқ.
***
 Басқаларға орын босатудан қорықпа, бір кездері біреулер сен үшін де солай жасады ғой.
***
 Кітап оқудан артқан ермек жоқ және одан гөрі ұзақ рахат та жоқ.
***
 Аз білетініңді ұғыну үшін көп оқып үйрену керек.
***
 Қасиет біткеннің ішіндегі ең қажеттісі – өзіңді-өзің ұстай білу.
***
 Ақымақтар ғана айтқанынан қайтпайды.
***
 Көптің соңынан құлақкесті құлша ере беретіндердің өз бағыт-бағдары, мақсат-мүддесі болмайды.
***
 Алдауға да адам аяғы баспаған алап қолайлы.
***
 Пифагордың ізбасарлары жақсылық нақты және шектеулі, ал жамандық, керісінше, жадағай һәм шексіз деп санайды.
***
 Жалғандық шындық тәрізді бірбет болса, біздің жағдайымыз жаман болмас еді ғой.
***
 Мен керегінен асырмай сөйлеген жанды кездестірмеппін, өміріміздің жартысын сөзге жұмсайтынымыз да содан болар.
***
 Мақсатқа жеткізетін жол біреу болғанымен, сан соқтырып адастыратыны – мың сан.

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *