МАҢҒЫСТАУ ТОПОНИМДЕРІ – ДЕРЕКТІ АҚПАРАТ-ҰЛТТЫҚ САНА

ӘОЖ 811.512.122373
ҒТАХР 16.21.47
DOI 0000-0001-5544-3712

Көшімова Б.Ә., Әбішева Ш.С., Каримсакова Б.А., Жеткизгенова А.Т.

Ш.Eceнoв aтындaғы Кacпий мeмлeкeттiк тexнoлoгиялap жәнe инжиниpинг yнивepcитeтi, Aқтay қaлacы, Қaзaқcтaн
E-mail: bibatpa.koshimova@yu.edu.kz, baktigul.karimsakova@yu.edu.kz

МАҢҒЫСТАУ ТОПОНИМДЕРІ – ДЕРЕКТІ АҚПАРАТ-ҰЛТТЫҚ САНА

Аңдатпа. Мақалада жер-су атаулары тілді тұтынатын халықтың санасымен, дүниетанымымен, дәстүрімен, менталитетімен, құндылықтарымен, ойлау жүйесімен тығыз байланыста қарастырылады.
Ата-бабамыз бізге хатталған құжат, басылған кітап тастаған жоқ. Бізге бір сөздің бойына сидырып, ұғым, өзінің дүниені тануын, тарихын, тарихи мәтінін тастады. Бүгінгі ұрпаққа сол таңбалардың кілтін тауып, кодын ашу қалды. Адамның саналы әрекетінің ең соңғы нәтижесі, қорытынды түйіні шиыршықталып келіп (универбтеліп келіп) оның тілінде ғана көрініс тапқан. Сондықтан әсіресе жер-су атаулары жай ғана салынған белгі емес, немесе уәжінен қол үзген бос таңба емес, ол ұлтымыздың тарихынан, танымынан, мәдениетінен, құндылықтарынан маңызды ақпарат беретін ерекше семиотикалық таңба болып табылады.
Тіл деректерінің ішінде жалқы есімдердің таңбалық сипаты жалпы есімдерге қарағанда басым екені көрінеді, себебі олар мәдени контекспен етене жақын. Топонимдерде жалпыадамзаттық құндылықтарға қарағанда ұлттық құндылықтар айқын көрінеді. Жер-су атауларында ұлт, ұлттың рухани өмірі, әрекеті, бағалауы, жады, өзінікі-өзгенікі семантикалық өрістері бар. Сондықтан топонимдер этномәдени бірлік болып табылады. Топонимдер – өзге халық үшін жабық таңбалар, өз халқы үшін ашық таңбалар жүйесі. Топонимдер ‒ ашуға, оқуға болатын таңбалар мен символдар жүйесі.
Кілт сөздер: топономика; ономастикалы; жер су-аттары; тау атаулары; тілдік бейнесі; тлдік сана; ұғым.

Кіріспе
«Маңғыстау даласы алыс ғасырлардан бері қарай еуразиялық кеңістіктің ойкуменизациялануының аванпостарының бірі болды. Р.Карутц мәдени нивелирелену процесінен қауіптеніп, көшпелі мәдениетті жедел зерттеуге шақырған» [1]. «Оның еуропа мен Азияның көптеген этностары мен мемлекеттерін қалыптастыруға қатысы барлығын айғақтайтын көптеген жер су-аттары, тау атаулары бар. Бұл жердің ономастикасында огурджик, эрсары, қынқан, ақпан, қараман, оғланды, аусары, қарпын, қызық, эмир, шетпе, бәйті, баянды, даныспан, өгіз, өреуіл, үдек, бесбұлақ, Маңғыстау топонимдері сол қым-қуыт жылдардың көзіндей. Маңғыстау топонимикасы Ноғайты, Ноғайтөбе, Қалау, сары (Исмаилдың ағалары 1540 ж.), манай атаулары толып жатыр» [1]. Бұл әйгілі жазушы Ә.Кекілбаевтың сөзі. Өңір топономикасына зерттеушілердің назарын аударып, қызығушылықтарын арттыратын жолсілтеу. Жер-су атауларының жалаң қорын жасауға, санын түгендеуге, сөзжасамдық тәсілдерін қарастыруға шақырған үндеу емес, «қым-қуыт жылдардың көзіндей» болып сақталған есімдерден сол өңірдің тарихын, халықтың рухани, мәдени өмірін, дәстүрлі дүниетанымын, санасын, құндылықтарын аршып алуға шақырған мінберлі сөз. Өйткені, белгілі тілші ғалым Н.Уәлиұлының ойымен жалғастырсақ, «Тілдің лексикалық байлығы тек атауыш сөздермен шектелмейді. Ана тіліміздегі сөздердің енді бір қатары халықтың таным бірлігі, зерттеуі, ой қорытуына байланысты пайда болған. Ондай сөздердің номинациялық ерекшелігінен гөрі ұғымдық қасиеті басым болады… Қазақстан топонимдері зерттеушілер үшін ас құнды лингвистикалық, тарихи, этнографиялық деректер береді. Жер-су аттарында көптеген ашылмаған сыр, шешілмеген жұмбақ жатыр» [2, 55].
Зерттеу материалдары мен әдістері
Мақаланың зерттеу материалына Маңғыстау өлкесінің жер-су атаулары негізге алынды. Мақалада топонимдердің этнолингвистикалық сипаттамасын танытуда ономастикалық бірліктердің қызметі, жасалу жолдары арқылы типологиялық зерттеу әдісі, салыстырмалы — тарихи, жүйелі әдістері қолданылды.
Зерттеу нәтижелері
Қазақстанның топонимдер жүйесі әр өңірді жекелей алып жасалған зерттеулермен толығып отырды. Осы еңбектерде міндетті түрде қандай мәселелер қамтылғанын Б.Тілеубердиевтің сөзімен берсек, ол «1) аймақтың тарихи, географиялық ерекшеліктері; 2) аймақтық топонимияның стратиграфиясы (хронологиялық кірме қабаттары); 3) структуралық-сөзжасамдық классификациясы; және ара-тұра 4) топонимдердің этнолингвистикалық сипаттамасы» болып табылады [3, 9]. Бұл пікірді Н.Уәлиұлының мына ойлары бекіте түседі, сондықтан ғалым сөзін толық келтіруді жөн көреміз: «Дәстүрлі парадигмада жалқы есімдер негізінен ономастикалық бірліктердің қызметі, жасалу жолдары (аффиксация, сөздердің бірігуі, қосарлануы, мағыналас дамуы, т.б.), мағыналары, номинация принциптері, лексика-семантикалық топтары, этимологиясы, ауыс-түйістіктер, көне және жаңа қабаттар т.б. қарастырылады. Ал дәстүрлі емес парадигмада, яғни когнитивтік бағыт ономастикалық бірліктер жүйесін когнитивтік сананың құрылымы ретінде қарайды. Тілдік сана жер-су атауларын қалыптастыруды, сақтауды, қайта жаңғыртуды, түрлендіруді, дамытуды жүзеге асыратын ерекше құрылым болып табылады. Сондықтан ономастикалық атаулардың табиғатын когнитивтік құрылым тұрғысынан зерттеудің қажеттілігі, мүмкіндігі еш күмән туғызбаса керек, біріншіден, топоним, антропоним, гидроним, космонимдік т.б. атаулар ақиқат дүниенің үзігін бейнелейтін тілдік картиналарға жатады; екіншіден, ономастикалық атаулар тілдік ұжымның, тілдік тұлғаның когнитивтік санасында белгілі бір білімдер жүйесі, аялық білім түрінде өмір сүреді. Ономастикалық атаулар, оның ішінде жер-су атаулары кездейсоқ түзілім емес, ол тілдік санадағы ақиқат дүниені, мәдени-тілдік қоғамдастықтың тарихи иесін бейнелейтін жүйе.
Тілдік субъектілер – жеке адам, халық, ұлт – тілдік сананың иесі. Тілдік сана, жеке адамның болсын, тілдік ұжымның болсын, аса күрделі құрылымы. Оның бір бөлігі ономастикалық сана болып табылады. Ономастикалық санада ономастикалық атаулармен байланысты мәденитілдік ұжымның тарихи иесінің үзіктері ретінде білім қоры сақталады. Атты да, атауды да ешкім кездейсоқ қоя салмайды. Қайсыбір объектінің атына, атауына адам санасындағы түсінік, белгілі бір жағдаят негіз болады. Сөйтіп, ат қоюмен бірге әлгі атау, яғни тілдік таңба арқылы белгілі бір мәдени-ұлттық ақпараттар да кодқа салынады. Ал тілді тұтынушы сол таңба арқылы әлгі объектіні басқа бір объектіден ажыратып қана қоймай, сонымен қатар кодқа салынған ақпараттарды да ашады, яғни таңбаның этно-мәдени танымдық мазмұны ашылады (интерпретацияланады). Сондықтан, шартты түрде, жалқы атауларды ең қысқа «мәтін» деуге болады» [4].
Сол ең қысқа мәтіндердің кодын ашудағы негізгі мақсат не болады? Ел егемендігі халықтың рухани-мәдени мұраларынан ұлттық болмысты табу, оны ұлт санасына қайта құю, жаңғырту, сөйтіп, ұлттық сананы оятумен ұзарады. Бұл орайда қазіргі қазақ онамастикалық атауларынан ұлттық идеяны іздеуді алғаш көтеріп жүрген тілші-ғалым Қ.Рысберген: «Қазіргі ұлттық ономастикалық кеңістіктегі атаулардың концептілік мазмұнында ұлттық идея, нақтырақ айтсақ, ұлттық сана, ұлттық менталитет қаншалықты дәрежеде көрініс табады және тілге тиек етіп отырған ұлттық идеяны қалыптастыруға, әрі қарай дамытуға ономастикалық атаулар қалай, қаншалықты ықпал ете алады?» ‒ деген нақты сауалдарға жауап іздеудің қажеттілігін айтады [5]. Пифагор кез келген халықты тану үшін алдымен оның тілін тану керек деген екен. ХVIII ғасырда И.Гердер адамзаттың ең маңызды феномендері оның тілі, мәдениеті, қоғамы және ұлттық рухы депті. В.фон Гумбольд: «Адам тілі арқылы ғана адам бола алады» дегенінен бастап лингвистикада тілді адамның өзімен байланыстыра қарайтын бағыттар басталды. Осы орайда ХХғ. басында физика ғылымында пайда болған әлем бейнесі деген термин филологияда кеңінен қолданылып, сән тақырыпқа айналғанын білеміз. Ол әртүрлі мазмұнда айтылып келді: әлемге көзқарас, заттар мен оқиғаларды түсіну, идеология, әртүрлі мәдени құндылықтар туралы көркем түсінік, қоршаған ортаны танудың ұлттық ерекшелігі. 1960 ж. бастап семиотика аясында әлем бейнесі деген ұғым бастапқы модельдеу жүйесі (тіл) және қосалқы модельдеу жүйесін (миф, дін, фольклор, позия, проза, кино, сурет, сәулет) қарастыру арқылы көрінді. Бірақ әлемді мифтік тұрғыда тану, діни тұрғыда тану, пәлсапалық ойлар арқылы тану, өнер арқылы тану, ғылым арқылы танудың барлығы тілдік бірліктерде көрініс табатыны белгілі болды. Ол тілдік бірліктер үлкен мәтіндерден бір түбірлі атау сөзге дейін келе береді. Әлемде бүгін метафора арқылы тану тұрақты екен. Ортаны танудың субьективті, обьективті жақтары әлемді бастапқы кезде тану мен кейін танудың ішінде соңғысы маңыздырақ екенін байқатып отыр. Өйткені кейінгі таным жеке көзқарастардан ада, сана мен ойлауға негізделеді. Ал халық тарихы үшін қайсысы маңызды? Әрине, халықтың танымы мен ойлау жүйесінен ақпарат беретін дерек маңызды. Өйткені, А.Байтұрсынұлы айтқандай, «ақыл ісі аңдау, қиял ісі – бернелеу, көңіл ісі – талғау, көркем сөз – көңіл тілі, жалаң сөз – зейін тілі. Көркем сөз болуға ықтимал деген нәрселерді алып сөз қылады, жоқ нәрсені барға ұйғарып сөз қылады. Қара сөзден адам тек ұғым алады» [6, 210-211 бб.]. Ешбір атауда «бернелеу» (қиял нәтижесі), «көңіл ісі» таңбаланбайды. Тілде соңғы ойқорыту, ойды бекіту таңбаланады. Сондықтан тілтұтынушы cанасындағы құндылықтарды тану үшін атау беру процесіне назар аудару маңызды. Бұл –әлемді танудың көне тәсілі.
Философтар мен лингвистер әлемнің екі түрлі бейнесін ажыратады: концептуалды және тілдік. Әлемнің тілдік бейнесін әлемнің концептуалды бейнесіне беттестіретін болсақ, екеуінің беттесетін тұсы инвариант болады да, ол тілдік әмбебаптар болып шығады. Сондықтан екі бейненің арасы өте өтпелі, ажырағысыз. Ал әлемнің концептуалды бейнесінің сыртындағы ақпарат әр тілде әртүрлі нұсқада жүр. Сол себепті әлемнің тілдік бейнесі қаншалықты әмбебап болса, соншалықты ұлттық, жекелік сипатқа ие. Әлемнің тілдік бейнесіне реконструкция жасау қазіргі лингвистиканың маңызды міндеті болып саналады.
Тілде жасырынған ақпараттар әдетте символ, образ, миф, тұрақты тіркестер түрінде көрініс табады. Сөз таңба, ол өзіне көп нәрсені жасырады, тек кілтін тауып, аша білу керек. Кілті тілдік құрылымның өзінде болу мүмкіндігі аз. Егер сөздің, атаудың өзі өз тарихын, жасырынған ақпараттарды ашық қалдырса, тілдің таңбалық сипаты, символдық мәні, бейнелілігі қалмайды. Сөз тарих тезінен өте отырып, өзіне тарих жасырған бар мазмұнды жинайды, таңбалайды. Сондықтан бүгінгі лингвист өзін тілі арқылы танығысы келсе, тек тілші ғана болуы аз. Бұл ойлар тек кейінгі тіл мамандарының ғана пікірлерінде емес, тілді тіл үшін, өз ішінде зерттеген лингвистикалық бағыт өкілдерінің де еңбектерінен табылады: «Тілдің ішінен бәрі табылады, тек тани білетін қырағылық керек» дейді Ғ.Мұсабаев. «Тіл шындық өмірдегі заттар мен құбылыстардың, олардың сан алуан белгілері мен өзара қатысының адам санасындағы бейнелері болып саналады» дейді К.Аханов [7, 50]. Тіл деректерінің ішінде жалқы есімдердің таңбалық сипаты жалпы есімдерге қарағанда басым екені көрінеді, себебі олар мәдени контекспен етене жақын. Өйткені жер бедеріне атау беру адамның табиғатқа қожалығын, иесі болуының алғашқы қадамы. Сондықтан топонимдер – белгілі бір шынайы мәтіннің, деректі сөздің (речь) жемісі. Топонимдерде жалпыадамзаттық құндылықтарға қарағанда ұлттық құндылықтар айқын көрінеді. Себебі жер-су атауларында ұлт, ұлттың рухани өмірі, әрекеті, бағалауы, жады, өзінікі-өзгенікі семантикалық өрістері бар. Сондықтан топонимдер этномәдени бірлік болып табылады. Топонимдер – өзге халық үшін жабық таңбалар, өз халқы үшін ашық таңбалар жүйесі. Топонимдер ‒ ашуға, оқуға болатын таңбалар мен символдар жүйесі.
Мысалы, Маңғыстау өңірінде Торқаның төрткілі деген жер атауы бар. Маңғыстау даласына енді көшіп келгендердің ішінде мыңғырған жылқысы бар, зейнетіне қарай шаруасына өзі де бірге араласып жүретін, сондықтан дәулеті көбеймесе ортаймаған, дәлеті басынан таймаған ел аузында аңыз болған бір Аманұлы Қозыбай деген қазақтың атақты байы болыпты. Түрікмендер де бұл баймен қоңсылас, болып жақын жүргісі келеді екен. Оның үстіне Қозыбай діні өзгенің салт-дәстүрін құрметтей қоюға құлықсыз қазақтар бұрыннан жатқан үйіктерді ойрандап, қозы-лақтың ойнағына айналдыра бастағанда, діні басқа болғанмен құдай бір деп, құдайын таныған елдің тәбәрігін аяқ асты қылмаңдар деп, үйіктердің тасын жинатып, елге топырағын қайта үйдірген екен дейді. Бұл елге үлгі болып жақын ағайыны Қанай Кенжеұлы да өз қонысындағы бір үйікке қамқорлық жасаған. Кейін осы екі үйікті ел Қозыбай мен Қанай аттарымен атап кеткен көрінеді. Қозыбайдың 11 ұлдан кейін көрген өзі ақылды, өзі сұлу Торқа деген бір ғана қызы болыпты. Бой жеткенше бай қызын ешкімге атастырмаған екен дейді. Бірақ ұлдары бар ел-жұрттың аңдығаны осы Торқа болады. Құдаласушылар көбейіп, байдың мазасы әбден кеткен соң, Қозыбай біреуіне тоқтамаса болмайтынына көзі жетеді. Бірақ құда түскен Жары руына мынадай шарт қояды: 1) қызымның орнына қолдарыңдағы Серімді беріңдер; 2) қызымның отауы жан баспаған жерге тігіліп, тойы елде болмаған той болсын дейді. Серім – осы ауылдың шаруасын дөңгелентіп жүрген, берекесін келтіріп отырған жалшы жігіт еді. Құдалар жақ келісімге келеді. Торқаның ұзатылу тойы да келін болып түскен тойы да нешеме уақыт ел аузындағы айтулы той болады. Торқаның Кертөрткіл деген жерге отауы тігіледі. Нақ Манатадан бір көш жердегі төрткіл төбе Торқаның төрткілі атанады. Қозыбай Серімді той жасап қарсы алады. Бір сұлуды алып беріп, алдына мал салады. Қозыбай әулеті Серім әулетін қара шаңырақ тұтып құрметтейді. Осы кезге дейін жас келіндер бұл босағаға сәлем етеді. Қозыбай дүние саларда қызымның келін боп түскен жерін көріп жатайын деген сөзіне байланысты осы маңайға жерленген екен, ол жер Қозыбайдың төрткілі атанады [8]. Міне, бұл тарихы ел аузынан үзілмей келе жатқан шындыққа жақын әңгіме. Ақпарат өзінде жасырынған, ел аталу тарихын біле бермейтін жұмбақ атау емес, тарихи дерегі аңыздандыра айтылған мазмұн межесі тұрпат межесінен басым атау. Әдетте аңыз әңгімелер мен тарихи оқиғалар аянышты хал, трагедиямен аяқталған, байға, үстем тапқа, дұшпанға кегі кеткен, арманда қалғандардың өмірлерін жадында сақтаушы еді. Ал бұл аңызда кедей жарлы да жоқ, байға кеткен кек те жоқ, дұшпанға деген жеккөрініш те жоқ. Керісінше а) үстем таптың байлығы (мыңғырған жылқысы болуы), ә) байлығын малданушылық (құда түскен Жары руына шарт қоюы: сол ауылдың шаруасын дөңгелентіп жүрген, берекесін келтіріп отырған жалшы жігітті сұрауы; қызының отауын жан баспаған жерге тігуін, елде болмаған той жасауын қолқалауы), б) байлығының арқасында билік жүргізушілік (түрікмендердің бұл баймен қоңсылас, болып жақын жүргісі келуі, Қозыбайдың қызының келін боп түскен жерін «көріп жатуы үшін» сол маңайға жерленіп, Қозыбайдың төрткілі деген жер атауының пайда болуы) көрініс тапқан. Бірақ топоним де, көңілін елжіретіп, жанын сүйсіндіріп айтатын аңыз да ел есінде сақталған. Торқаның төрткілі деген атау Қазақстанның өзге өңір тұрғындары үшін екі ақпарат береді: 1) ол жер бедері төрткіл болып келеді; 2) жерге әйел есімі берілген: қорытынды ақпарат – Торқа деген әйел, не қыздың өмірі трагедиялы болған және ол ел үшін қызмет еткен. Бірақ жергілікті халық өкілі бұл таңбаны басқаша ашуы мүмкін, өйткені жергілікті тілтұтынушы санасында сол өңірді мекендейтін халықтың менталитеті туралы аялық білім бар. Бұл атауға қатысты аялық білім жергілікті халықтың, адай елінің қыз балаға ерекше қарауы болып табылады. Осы мотив аңызды сақтап, бүгінгі күн тұтынушысына әкелген. Әңгімедегі оқиғаның шындыққа қаншалықты жақын екені, оқиғаның қаншалықты аңызданғаны беймағлұм, бірақ аңыз бен атау арасында жеткілікті байланыс бар. Торқаның төрткілі топонимдік таңбасының мазмұн межесі тұрпат межесіне сәйкес келіп тұр. Енді бұл тілдік дерек өткен ғасырлардағы қазақ ұлтының (нақтырақ айтсақ, адай елінің) дүниетанымы мен санасы, құндылықтары туралы бізге қандай ақпарат береді? Алдымен, Торқаның төрткілі антропотопонимі – этномәдени бірлік. Мұнда құнды информация – қазақ ұлтының қыз балаға ерекше қарауы бар. Бірақ басты кейіпкер Торқа емес, Торқаның әкесі – Қозыбайдың өзге байларға үлгі болатын имандылығы (Қозыбай діні өзгенің салт-дәстүрін құрметтей қоюға құлықсыз қазақтар бұрыннан жатқан үйіктерді ойрандап, қозы-лақтың ойнағына айналдыра бастағанда, діні басқа болғанмен құдай бір деп, құдайын таныған елдің тәбәрігін аяқасты қылмаңдар деп, үйіктердің тасын жинатып, елге топырағын қайта үйдірген. Бұл елге үлгі болып жақын ағайыны Қанай Кенжеұлы да өз қонысындағы бір үйікке қамқорлық жасаған. Кейін осы екі үйікті ел Қозыбай мен Қанай аттарымен атап кеткен). Қозыбайдың адамшылығы мен имандылығын бағалаған халық үйікке де, Қозыбай жерленген төрткілге де Қозыбай есімін береді. Сонда топонимнен табылған халық дүниетанымы үшін бағалы құндылық – имандылық, ұрпағына деген қамқорлық, баланың әке үмітін ақтау сезімі болып шығады.

Қорытынды
Қорыта айтсақ, иә, ата-бабамыз бізге хатталған құжат, басылған кітап тастаған жоқ. Бізге бір сөздің бойына сидырып, ұғым, өзінің дүниені тануын, тарихын, тарихи мәтінін тастады. Бүгінгі ұрпаққа сол таңбалардың кілтін тауып, кодын ашу қалды. Адамның саналы әрекетінің ең соңғы нәтижесі, қорытынды түйіні шиыршықталып келіп (универбтеліп келіп) оның тілінде ғана көрініс тапқан. Сондықтан әсіресе жер-су атаулары жай ғана салынған белгі емес, немесе уәжінен қол үзген бос таңба емес, ол ұлтымыздың тарихынан, танымынан, мәдениетінен, құндылықтарынан маңызды ақпарат беретін ерекше семиотикалық таңба болып табылады.

ӘДЕБИЕТ
[1] Кекілбаев Ә. Ежелгі Маңғыстау құшақ жая қарсы алды / Ә. Кекілбаев //
Маңғыстау газеті.18.09.2007.
[2] Уәлиев Н. Сөз мәдениеті / Н. Уәлиев. Алматы, 1984. -117б.
[3] Тілеубердиев Б. Қазақ топонимдерінің лингвокогнитивтік негіздері.
филолог.ғыл.докт. ғылыми дәр. алу үшін жазылған дисс. /Б. Тілеубердиев. Алматы, 2005.
[4] Уәли Н. Қазақ сөз мәдениетінің негіздері. филолог.ғыл.докт.ғылыми дәр. алу
үшін жазылған дисс. / Н. Уәли. Алматы, 2007. -125 б.
[5] Рысберген Қ.Қ. Байырғы түрік топонимдік жүйесіндегі этникалық бірегейлік
жөнінде / Қ.Қ. Рысберген. Тілтаным. 2008. -224 б.
[6] Байтұрсынов А. Шығармалары. Өлеңдер, аудармалар, зерттеулер
/А.Байтұрсынов. Алматы, 1989. -320 б.
[7] Аханов К. Тіл білімінің негіздері / К.Аханов. Алматы, 1993. — 496 б.
[8] Спан Ә. Қабекеңнің қазынасы / Ә. Спан Алматы, 2003. -200 б.

REFERENCES
[1] Kekilbaev Á.(2007) Ejelgi Mańǵystaý qushaq jaıa qarsy aldy [Ancient Mangystau was greeted with open arms] Mańǵystaý gazeti [Mangystau newspaper] [in Kazakh].
[2] Ýálıev N. (1984) Sóz mádenıeti [A culture of speech] Almaty [in Kazakh].
[3] Tileýberdıev B. (2005) Qazaq toponımderiniń lıngvokognıtıvtik negizderi. fılolog.ǵyl.dokt. ǵylymı dár. alý úshin jazylǵan dıss [Linguocognitive bases of Kazakh toponyms.candidate of science. scientific lecture to get a written dissertation] Almaty [in Kazakh].
[4] Ýálı N. (2007) Qazaq sóz mádenıetiniń negizderi. fılolog.ǵyl.dokt.ǵylymı dár. alý úshin jazylǵan dıss [Fundamentals of Kazakh speech culture. PhD. get a written dissertation] Almaty [in Kazakh].
[5] Rysbergen Q.Q.(2008) Baıyrǵy túrik toponımdik júıesindegi etnıkalyq biregeılik jóninde [Ethnic identity in the ancient Turkic toponymic system] Linguistics [in Kazakh].


[6] Baıtursynov A. (1989) Shyǵarmalary. Óleńder, aýdarmalar, zertteýler [Work. Poems, translations, research] Almaty [in Kazakh].
[7] Ahanov K. (1993) Til biliminiń negizderi [Fundamentals of linguistics] Almaty [in Kazakh].
[8] Span Á. (2003) Qabekeńniń qazynasy [Kabeken’s treasure] Almaty [in Kazakh].


Кошимова Б.А., Абишева Ш.С., Каримсакова Б.А., Жеткизгенова А.Т.

МАНГИСТАУКИЕ ТОПОНИМЫ — ДОКУМЕНТАЛЬНАЯ ИНФОРМАЦИЯ-НАЦИОНАЛЬНОЕ СОЗНАНИЕ

Аннотация. В статье рассматриваются географические названия в тесной связи с сознанием, мировоззрением, традициями, менталитетом, ценностями, системой мышлением потребляющого языком населения. Наши предки не оставили нам письменного документа или печатной книги. Они дали нам слово, концепцию, мировоззрение, историю, исторический текст. Современное поколение должно найти ключ к этим символам и расшифровать их. Конечный результат сознательного действия человека, вывод которого универсален, выражается только на его языке. Таким образом, особенно географические названия – это не просто встроенный или пустой знак, лишенный мотивации, это особый семиотический знак, дающий важную информацию об истории, знаниях, культуре и ценностях нашей нации.
Среди языковых данных видно, что символический характер имен собственных преобладает над нарицательными именами, поскольку они тесно связаны с культурным контекстом. В топонимах национальные ценности более выражены, чем общечеловеческие.
В географических названиях есть смысловые поля нации, духовной жизни нации, действия, оценки, памяти, своего-собственного. Поэтому топонимы являются этнокультурными единицами.
Топонимы — закрытые символы для другого народа, а открытая система символов для своего народа. Топонимы — это система символов, которые можно расшифровать и прочитать.
Ключевые слова: топонимия; ономастика; топонимы; горные названия; языковой образ; языковое сознание; концепты.

Koshimova Bibatpa., Abisheva Sharapat., Karimsakova Baktigul., Zhetkizgenova Aliya

MANGISTAUKI TOPONYMS — DOCUMENTAL INFORMATION — NATIONAL CONSCIOUSNESS
Annotation. The article considers a close connection between geographical names with the consciousness, worldview, traditions, mentality, values, and the system of thinking of the population of language users. Our ancestors did not leave us a written document either a printed book. Instead of, they left us the word, concept, worldview, history and historical text. The modern generation must find out the key to these symbols and decipher them. The end result of a conscious action of a person, whose conclusion is universal, is expressed only in his language. Thus, especially place names are not just an embedded or empty sign devoid of motivation, it is a special semiotic sign that gives important information about the history, knowledge, culture and values of our nation.
Among the linguistic data, it can be seen that the symbolic nature of proper names prevails over common nouns, since they are closely related to the cultural context. In toponyms, national values are more pronounced than universal ones.
In geographical names there are semantic fields of the nation, the spiritual life of the nation, actions, assessments, memory. Therefore, toponyms are ethnocultural units.
Toponyms are closed symbols for another people, but an open system of symbols for their own people. Place names are a system of symbols that can be deciphered and read.
Key words: toponymy; onomastics; toponyms; mountain names; linguistic image; linguistic consciousness; concepts.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *