С.МҰРАТБЕКОВТЫҢ 80 ЖЫЛДЫҒЫНА ОРАЙ «ЖУСАН ИІСІ» ПОВЕСТІ БОЙЫНША ОЙ ТАЛҚЫ САҒАТЫНЫҢ ӨТКІЗІЛУ СЦЕНАРИЙІ

С.МҰРАТБЕКОВТЫҢ 80 ЖЫЛДЫҒЫНА ОРАЙ «ЖУСАН ИІСІ» ПОВЕСТІ БОЙЫНША ОЙ ТАЛҚЫ САҒАТЫНЫҢ ӨТКІЗІЛУ СЦЕНАРИЙІ
27.10.2016 сағат 14.00
С.Сейфуллин атындағы ОҚК
Экранда іс-шараның атауы.
Қатысушылар мен көрермендерді орналастыру.
Жүргізуші Армысыздар құрметті оқырман қауым!
Жазушы Сайын Мұратбеков – қазақ көркем әдебиетіндегі қашан да қайталанып оқыла беретін қаламгердің бірегейі. Сөз зергері Ғабит Мүсірепов Сайын Мұратбеков прозасын алыстан көрінетін жас талға теңейді. Тахауи Ахтанов сыршыл лиризмнің сырбаздығына таңғалады. Шерхан Мұртаза «Сайын – біздің ұлттық құндылығымыз» дейді. Смағұл Елубай Сайынның қазақ әңгімесін жаңа белеске көтергенін атап өтсе, әдебиет сыншысы Бақытжан Майтанов «Әңгімелері мәңгілік даңқтың иелігіне шақыру алған» деп баға берген.
Сайын Мұратбековтың өмірі мен шығармашылығы туралы слайд көрсетіледі
Жүргізуші
Қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі, көркемсөз өнерінің шебері Сайын Мұратбековтің қаламынан туған туындылардың арасында деңгейі төмені жоқ. Аса талантты жазушының қай шығармасын да сондықтан оқырманы құмарта оқиды. Әлбетте, бұлардың арасында «Жабайы алма», «Жусан иiсi», «Кәмен–тоғай», «Дос iздеп жүрмiн», «Қалың қар» атты тамаша хикаяттарының орны бөлек. Оның шығармалары оқиға желiсiнiң шынайылығымен, тiлiнiң көркем де өрнектiлiгiмен, кейiпкерлерiнiң биiк адамгершiлiк қасиеттерiмен ерекшеленіп тұрады. Табиғи нанымдылығы арқасында олар оқырманын баурап отырады.
Бүгінгі ой-талқымызға арқау болып отырған жазушының «Жусан иісі» повесті.
Туған жер әні қойылады
№8 мектептің 8 «ә» сыныбы оқушыларының қатысуымен көрініс
Жүргізуші
1. 1. Көркем шығарманың тақырыбы не туралы және ол арқылы жазушы оқырманына қандай идеяны жеткізгісі келді? Достық, адамгершілік, батылдық туралы қандай мақал-мәтелдер білесіңдер?
Оқырман жауабы
2. Шығармадағы оқиғалар қиылған қағаздарда оқырмандардың алдына беріледі. Олар повесть желісімен реті бойынша тақтаға іледі.
Оқырмандар жоспар құрғанша «Туған жер» әні қойылады

• Әжесі мен Аянның ауылға көшіп келуі
• Ауыл балаларының Аянмен танысуы
• Аян мен Есікбайдың төбелесуі
• Ауыл балаларының сауат ашуы
• Майданға жазылған хаттар
• Аянның тобығының тайып кетуі
• Шана теуіп ойнаған балалар
• Аянның әжесінің қайтыс болуы
• Аянның ертегілері
• Жусан иісі аңқыған пальто
• Қаралы қағаздың келуі
• Аянның жетімдер үйіне кетуі
Оқырман құрылған жоспар бойынша қысқаша мазмұндайды
3. 3. Кейіпкерлерге талдау. Шығармадағы кейіпкерлерге мінездеме беріңіздер. Аянның бойынан қандай қасиеттерді көреміз? Қазіргі жас жеткіншектерге Аянның бойындағы қандай қасиеттері керек деп ойлайсыңдар?
Оқырмандар мінездеме береді
Жүргізуші Рөлдік ойындар. Слайдта шығармадан үзінді ретінде кейіпкерлердің сөздері көрсетіледі. Оқырмандар кімнің сөзі екенін табады.
— Менің көкем де жоқ, апам да жоқ, сондықтан төбелессем әжем ұрсады ғой… (Аян)
— Үйбай бетім-ай, бұ дүбірлеген не десем, мыналар екен ғой. Аулақ жүріңдер әрі, өй, өңшең топырлаған немелер!… (Бапай шалдың кемпірі)
— Анау ат қораның төбесіне шығайық та, шөпке белуардан кіріп ап отырайық… (Садық)
— Ух, шіркін, сондай семсерім боп мен де соғысқа барсам фашистерді тура бауша қияр едім… (Есікбай)
— Жылауды әркім біледі. Мықты болсаң нағыз еркектерше қиыншылықта жыламай бақ… (Аян)
Жүргізуші Ой-талқы.
1. Шығарманың «Жусан иісі» деп аталуының себебі неде?
2. Аян ертегісінің «Бір жетім бала болыпты» деп басталуының сыры неде?
Оқырмандар өз ойларымен бөліседі. Өздері құрастырған ертегілерін оқиды.
Слайдтан суретін көрсетіп, жусанға сипаттама беру.
Жүргізуші Жусан-күрделі гүлділер тұқымдасына жататын көп жылдық, кейде бір не екі жылдық шөптесін өсімдік, шала бұта. Қазақстанның барлық жерінде, шөл-шөлейтті далада, таулы жерлерде өсетін 81 түрі бар. Жусанның биіктігі 10-16 см, кейде 1,5-2 м-дей болады. сабағы тік немесе жерге жайылып өседі. Жапырағы кезектесіп орналасқан, қауырсын тәрізді, шеті тілімденген, кейде бүтін жиекті. Ұсақ гүлі қос жынысты, сары түсті, себеттері көп, әбден піскен кезде шашыраңқы иіліп келген сыпыртқы гүл шоғырын құрайды. Шілдеден қыркүйекке дейін гүлдейді. Жемісі-тұқымша. Жусан құнарлы мал азығы, дәрілік, бояуыш, тағамдық, витаминді, эфир майлы өсімдік. Жусанның иісін «қазақтың иісі» деп те атайды.
Бейнеклип көрсетіледі — 1
Жүргізуші Пікірталас. Қазіргі кездегі жетім балалар мен сол кездегі жетім балаларды салыстыру. Жетім қалған себебі, балалардың психологиялық ахуалы. Проблеманы шешу жолдарын ұсыну.
Соғыстың зардабын тартқан жетімдер
Өз елінен пана таппай, шет елдерге сатылып жатқан жетім балалар
Бейбіт күндерде ана жылуына зәру жетім балалар
Бейнеклип көрсетіледі — 2
Жүргізуші Егер сен автор болсаң шығарманы қалай аяқтар едің? деген сұрақпен бүгінгі ой-талқымызды қорытындыласақ.

Ребус көрсетіледі. Жауабы: «Жетім көрсең, жебей жүр»
Оқырмандар, кеш қонақтары өз ойларын ортаға салады.
Ребус жауабын тапқан оқырманға кітап сыйға беріледі.
Жүргізуші Аға-іні бір-бірімен қас болмай,
Адам менен адам ұлы дос болғай.
Бейбітшілік мәңгі болсын әлемде,
Қой үстіне жұмыртқалап бозторғай.
Қарттың сөзі том-том кітап, тағылым,
Ата көрсін немересін бәрінің.
Ана көріп баласының қызығын,
Бала көріп өссін әке тәлімін.
Өрімдейін жастар жүдеп, солмасын,
Ерлер елін мылтықсыз-ақ қорғасын.
Сұм соғыстың сезінбесін зардабын,
Еш қазақтың көзіне жас толмасын.
Аналар жесір қалмасын,
Балалар жетім қалмасын.
Тыныштық мәңгі орнасын,
Болмасын соғыс, болмасын…
Белсене қатысқан оқырмандарды марапаттау.
Жүргізуші Бақытты елдің болашағы — балаларымыздың бақытты балалық шағында емес пе?! Әр сәби анасының ыстық құшағында оянып, ата-ананың мейірімімен өссе екен деген тілегіміз бар. Зейін қойып тыңдағандарыңызға рахмет, қош сау болыңыздар!

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *