ПЛОТИН
(204/205ж. Ликополь, Мысыр, Рим империясы – 270ж. Минтурны, Кампания)
— неоплатонизмді бір жүйеге келтіріп, оны өзіндік философиялық бағыт ретінде қалыптасуына атсалысқан атақты ойшыл.
Философиялық көзқарастары:
Оның пікірінше, алғашқы мәнділік дегеніміз – даралық, бірақ ол ақыл-ой немесе ақыл-ой танымының қарастырар обьектісі емес. «Даралық» өзінің эманациясының (төгілу, тарау, шашылу) арқасында әлемдік рух – нусты бөліп шығарады. Ал нус – әлемдік жандар мен идеялар әлемінің ордасы, шын мәніндегі әлем (болмыс). Керісінше, сезімдік заттар әлемі – идеялар әлемінің иллюзорлық бейнесі. Әлемдік жандар жекеленген жандарға бөлінеді. Ал материя – эманацияның ең төменгі сатысы ретінде, өміршең емес «жауыз» (мейірімсіздік) ретінде, құдайдың алғашқы мәні – абсолютті жоққа шығарушы ретінде пайда болған бейболмыс. «Даралықтан» тарайтын адамдар жанының соңғы және ең жоғары мақсаты – «даралықпен» қайтадан қосылу. Бұл мақсатқа экстаздың арқасында жетуге болады. Ал танып-білу – экстазға жетудің дайындық сатысы.
Жалпы, Плотиннің көтерген мәселесі, бір жағынан, алғашқы даралық-құдай болмысынан ақыл-ой, әлемдік жан, жеке адамдардың жаны арқылы төмен қарай бейболмысқа (материяға) ұмтылған қозғалыс болса, екінші жағынан, адамдар жанының экстаз арқылы құдаймен қосылу үшін жоғары қозғалысы.