Шолпан Бәйнеш,
педагогика ғылымдарының докторы,
Нұр-Мүбарак университетінің гуманитарлық
және жаратылыстану кафедрасының меңгерушісі
ШЕТЕЛ ТІЛІН ОҚЫТУДА АҚПАРАТТЫҚ
ТЕХНОЛОГИЯЛАРДЫҢ ҚОЛДАНЫЛУ ЖАЙЫ
Ғылым мен білім ғарыштап дамып отырған жиырма бірінші ғасырда шетел тілдерін оқытуда ақпараттық технологияларды қолданудың қажеттілігі, шетел тілінен білім мен біліктіліктің қолданылу аясының күн өткен сайын кеңеюі еліміздегі әрбір оқушының тілдік қана емес техникалық та толық білімі болуына баса мән берілуде. Елбасы Н.Ә.Назарбаев білім берудің және тәрбиелеудің сапасын жақсарту әр пәнді ғылыми негізде, заманауи ақпараттық технологияларды пайдаланып оқыту талаптарын қойып отыр. Білім беруді ақпараттық технология жаңалықтарымен толықтыру елімізде білім беру сапасын арттырудың басты бағыттарының бірі саналады. Кеңес Одағы кезінде шетел тілін оқыту ісінде Қазақстанда оқу бағдарламасынан бастап, оқулықтардың, кешендердің, ақпараттық технология құралдарының тек қана Ресейден шығарылып, одақтас республикаларға таратылып отырғанын біз ілгеріде атап өткенбіз. Кеңестік мектептерде ақпараттық құралдардан ең әуелі радиофондар, одан соң барып грампластинкалар шығарылып, қолданылды.
Өткен ғасырдың алпысыншы жылдарына дейін кеңестік мектептерде шетел тілін үйретуде қолданылған техникалық құралдардың бірі радиофон болды. Радиофон арқылы алдын ала дайындалған фонограммалар арқылы мәтіндер тыңдатылды. Өзі қалаған материалдарын фонограммаға жазуға кез келген мектеп мұғалімінің мүмкіндігі болмады, бұл радиофонның кемшілігі еді. Өйткені радиофондағы фонограммалар тек қана шетелдік диктордың оқуымен жазылуы тиіс еді. Радиофондар тек қана үлкен қалалардағы мектеп мұғалімдерінің қолына тиді, ауылдық мектептерде радиофонды қолдану мүмкіндігі болмады.
Шетел тілі пәндерін оқытуда сексенінші жылдарға дейін мектептерде ұзақ жылдар бойы түрлі жаттығулар, мәтіндер, әндер т.б. жазылған грампластинкалар пайдаланылды. Грампластинканы сабақта қолдану оқушыларды шетел тілін жақсы меңгеріп, оған деген қызығушылығын, ынтасын арттыру мақсатын көздеді. Сабақ үстіндегі тәсілдерді түрлендіру арқылы білім берудің тиімділігін негіздеген Д.Д. Остапенко грампластинкалардағы жазбаларды, фильмоскопты, эпидиоскопты, диапроекторды қолдану барысында мынадай мақсаттарды орындауға қол жететінін айтады:
1) оқушыларды шетелдіктің сөзін түсінуге үйрету;
2) жеке дыбыстарды, сөздерді, сөз тіркестерін т.б. дұрыс айтуға жаттықтыру;
3) оқушыларды дұрыс оқуға төселдіру;
4) шәкіртттерді ән айтуға үйрету;
5) өзге елдің музыкалық және т.б. мәдени мұралармен таныстыру.
Кеңестік мектептердегі шетел тілін оқытуға арналған оқу-әдістемелік кешендер өткен ғасырдың сексенінші жылдары қайта толықтырылып, жаңартылды. Неміс тілінен оқу-әдістемелік кешендерді дайындау Мәскеудегі Педагогика ғылымдарының академиясында (АПН) профессор И.Л. Бимнің жетекшілігімен жүргізілді. Ол кешендер, әрине, бүкіл Кеңес Одағының сол кездегі құрамында болған он бес одақтас республикалардың мектептеріне бір ғана орталықтан таралып отырылды. 1980 жылдан бастап жасалған жаңа оқу-әдістемелік кешеннің құрамы:
1. Мұғалімге арналған кітап;
2. Оқушыға арналған кітап;
3. Оқу кітабы;
4. Грампластинкалар топтамасы (жаттығулар, мәтіндер);
5. Оқу-көрнекілік құралдар топтамасы (тақырыптық суреттер және заттық суреттер);
6. Фланелеграфқа арналған тапсырма материалдары;
7. Грамматикалық кестелер топтамасы;
8. Диафильмдер;
9. Кинофрагменттер;
10. Кинокольцовкалар;
11. Лингафондық практикум;
12. Мұғалім құралы;
13. Оқушыларға арналған көркем суретті материалдар;
14. Үзілісті жаттығулар жазбасы болды.
Дайындалған кешен құрамындағы он бір құралдың бесеуі техникалық құрал еді. Бұл, әрине, сол кездегі кеңестік ғалымдардың шетел тілінен білім беруді мүмкіндігінше сол кездегі уақыт талабына сай етуді көздегендерін танытатын мағлұмат тұғын.
Мәскеудегі Педагогика ғылымдарының академиясы (АПН) Кеңес Одағы кезінде шетел тілі пәндерін оқытуға арналған техникалық құралдарды, олар арқылы қолданылатын үнтаспа жазбаларын шығаруға рұқсат еткеннен кейін ғана бұл құралдар түрлі студиялар мен музыкалық қорларда жазылып, мектептерге жолдама алатын. Магнитті үнтаспа жазбалары лингафон кабинеттерінде немесе жай сыныпта магнитофонмен жұмыс істеуге арналып дайындалды. Үнтаспа жазбаларының тиімді жағы — , онымен оқушылар сыныпта да, үйде де жұмыс жасауға мұмкіндігі әрі үнтаспа жазбаларын грампластинка жазбаларына қарағанда ұзағырақ қолдануы..
Ресейдің «Школфильм» атты арнайы студиясы мектеп оқулығындағы материалдарға сай лексика-грамматикалық материалдарды түсіндіріп, пысықтауға, қайталауға арналған транспоранттар сериясын жасап, мектептерге ұсынып отырды. Бұл жұмыс, әсіресе, 1980-1990 жылдар аралығында жан-жақты жүргізілді.
Шетел тілін үйретуде мектептерде кеңінен қолданылған, қазір де қолданыста бар техникалық құралдардың бірі – диафильмдер. Диафильмдер белгілі бір тақырыпқа арналып дайындалды. Диафильмнің пән мұғаліміне ыңғайлы жағы мұғалімнің өз қалауынша диафильмге арнайы үнтаспа жазып қолдануына мүмкіндігі болуы еді. В.М. Глускин мұғалім мұнда әр сынып оқушыларының білім деңгейін, мүмкіндіктерін ескеретіндіктен, бұл фонограммалардың тиімділігі жоғары болатынын айтады.
Диафильмдер мектептегі барлық сыныпқа арналған оқулықтардағы тақырыптарды қамтыды. Олардың авторлары И.Л. Бим мен А.А. Галотина болатын. Диафильмдерді қолдану тәсілі бүкіл Кеңес Одағына «Мектептегі шетел тілі» журналы арқылы таралып отырды. Диафильмдер негізінен оқушының сөйлеу тілін ұштап, коммуникацияға жетелеуді мақсат етті.
Диапозитивтер, әсіресе, 1980 жылдан бастап арнайы түрде дайындалып, жан-жақты қолданыла бастады. Бұл кезге дейін кеңес мектептері оқулыққа арнайы қосымша жасалған диапозитивтерді емес, қолда бар диапозитивтерді пайдаланған-ды. Ал жаңа диапозитивтер мазмұны оқушылардың тыңдап түсінуі мен сөйлеуіне, күрделі мәтіндерді оқуға, білім беру арқылы тәрбиелеуге бағытталды.
Диафиьмдерді Ресейдегі «Диафильм» студиясы дайындады. Оларды жасауға А.В. Кузина, И.И. Серебряников, Е.В. Писаренко сияқты т.б. мұғалімдер мен ғалымдар атсалысты. Диафильмдерде шетелдік ғалымдар мен атақты музыканттар, ақындар, жазушылар, т.б. өмірі мен еңбегінен өнеге, тәлім берерлік материалдар қамтылды. Мысалы, неміс ақындары Г. Гейне, И.В. Гете, өнер шеберлері Ф.Шуберт, Ф.Лист, Л.Бетховен т.б. өмірі мен шығармалары туралы материалдар берілді.
Кеңес Одағы кезінде тілді үйретудің дәстүрлі тәсілдерін неғұрлым тиімді ету үшін проекционалдық және дыбыстық техникалық құралдар да қолданылды. В.М.Глускин өзінің «Шетел тілін оқытудағы техникалық құралдар» атты зерттеуінде бұл құралдарды қолданудың практика жүзіндегі мынадай пайдалы жақтарын атап көрсеткен:
– мұғалімнің ақпараттық мәліметті беру мүмкіндігін молайтады;
– сабақ барысында оқушылардың атқаратын іс-әрекеттерін реттеп, оларға бағыт-бағдар беруге көмектеседі;
– ауызша іс-әрекеттердің кейбір түрлерінен жасалатын жаттығуларды қызықты әрі белсенді етеді.
Шетел тілін оқытуда дыбысты техникалық құралдар ішінде бүкіл Одақтас республикалар мектептерінде ең кеңінен қолданыс тапқаны магнитофон болды. Магнитофонға мұғалім алдын ала өзіне керек сабақ материалдары бойынша фонограмма дайындады немесе диктордың оқуындағы фонограммаларды пайдаланды. Әсіресе, фонетикалық жаттығуларды жасау үшін шетелдік диктордың оқуындағы жазбалардың шетел тілін дұрыс меңгертуге тигізген пайдасы өте үлкен болды. Мұғалімдер лингафон кабинетінде қажетті лексиканы пысықтауға және ауызша сөйлеуге, жаттықтыруға қажетті өздерді қалаған материалдарды жаттығу ретінде үнтаспаға жазып, «оқушы-лингафон» тәртібінде жұмыс жүргізіп, тақпақтар, мәтелдер қолдану арқылы дұрыс оқу техникасы мен екпіндерді шетел тілінде дұрыс айтқызуға, сөздердің ырғағын жақсы меңгертуге мүмкіндік алады.
Лингафон кабинетінің тиімді жағы сол, оқушылардың бір-біріне кедергі жасамай, жеке-жеке өз бетімен жұмыс істеуіне мүмкіндік береді. Мұғалім кезек-кезек өзіне керек оқушыны тыңдап, сұрақ қойып, жауап алады. Лингафонды қолдану, білік, дағдыларды тезірек қалыптастыратынын айта келе Г.М.Глускин лингафон кешенінің бірнеше тиімді жақтарына тоқталады:
– лингафонмен жұмыс істеудегі көзделетін ең басты мақсат – тыңдағанын түсіне алу және сөйлей алу;
– қиын материалдарды меңгертуге мұғалім алдымен сыныпта дәстүрлі түрде жаттықтырады да, одан кейін барып, лингофон кабинетінде пысықтайды;
– оқушылар бір-біріне кедергі келтірмей бір мезгілде бәрі дауыстап сөйлей алуға мүмкіндік алады;
– лингафон кабинетінде оқушылар тілді үйренумен қатар өз бетімен еркін, ешкімнен қымсынбай, ұялмай сөйлеуіне, белсенді болуына жағдай туады;
– оқушылардың барлығының шетелге барып, шетелдіктермен араласып, қарым-қатынас жасап, сөйлесуге мүмкіндіктері жоқ екендігі ақиқат, ал олардың өз елінде жүріп-ақ шетел тілін дұрыс үйреніп, дұрыс сөйлеу дағдысының қалыптасуына лингафон кабинетінің қосар үлесі үлкен-ақ;
– лингафон кешенінің көмегімен дұрыс сөйлеуге қол жеткізе отырып, тіл үйренуші оқушының сөз мәнері мен сөйлеу жылдамдығының шетелдіктің сөйлеу нормасына жақындауына тікелей себеп болды;
– лингафонға арналған жаттығулардың көмегі арқылы оқушылардың пәнге деген қызығушылығы әрі шетел тілін оқып, үйренуге дағдыланып, белгілі бір деңгейде білігі артады.
Шетел тілін оқытуда мұғалімге ең қиын тиетіні тіл үйренушілерді тыңдап түсінуге дағдыландыру. Оқушы үнемі күнде өзіне сабақ беріп жүрген мұғалімнің шетел тілінде сөйлеген сөзін түсініп, дағдыланып алады, ал шетелдікпен сөйлесе қалатын жағдайға кез келсе, оны бірден түсінуі қиынға түсетіні тәжірибеден белгілі. Осындай жағдайды болдырмау үшін оқушыларға түрлі үнтаспа жаттығуларын, мәтіндерді, түрлі әндер мен жаңылтпаштарды, мақал-мәтелдерді мақсатты түрде тыңдатып, түсіну дағдыларын жан-жақты қалыптастыру керек. Техникалық құралдардың көмегімен жасалынатын тыңдап түсінуге арналған түрлі жаттығулардың жүйелі түрде, үнемі жүргізілуі білімді сапалы етері сөзсіз.
Сонымен, Кеңестік Социалистік Республикалар Одағындағы мектептерде компьютерді шетел тілін оқытуда қолдану ең әуелі Ресей мен Балтық бойы республикаларында өткен ғасырдағы сексенінші жылдардың басынан бастап қолға алынды. Сол жылдарда кеңестік ғалымдар компьютердің қолдану ауқымын, міндетін т.б. енді ғана зерттей бастаған болса, АҚШ-тағы оқу орындарының 99 пайызы компьютермен қамтамасыз етілген еді.. Оқу үрдісіндегі компьютерге арналған жаңа бағдарламаларды, қолданылатын тәсілдерді, мақсат-міндеттерді, білім мазмұнын т.б-ды КСРО ғалымдары Е. Азимов, В.Н. Алалыкин, А.В. Зубов, И.А. Дьяченколар т.б. зерттесе, Германияда Е. Бухгальц, Венгрияда А. Дебречене т.б. зерттеді. Ұлыбританиялық ғалым К. Джонс, М. Кеннинг т.б. компьютерге арналған ойындық және диалогтар түріндегі еліктіру-модельдеу бағдарламасын жасады.
Шетел тілін оқу үрдісінде жаңа мультимедиалық технологиялар үздік әдістемелік тәсілдермен шебер әрі дұрыс ұштастырылса өте тиімді нәтиже берерін уақыт өзі көрсетіп отыр.
Шетел тілі сабағында компьютер арқылы атқарылатын жұмыстарды екі түрге бөлуге болады. Танымдық, білімдік бағдарламаларды және материалдарды түсіндіру, пысықтау, тексеруге мұғалімнің өзі құрған қосымша бағдарламалары.
Компьютерге арналған танымдық әрі білімдік бағдарламалар сабақта және сабақтан тыс кезде компьютерді қолдануға өте қолайлы. Ойын элементтері бар бағдарламаларды қолданып мұғалім оқушылармен жеке және топтық жұмыстарды жасай алады. Төменгі сынып оқушылары заттарды атау, суреттердегі сөздерді оқу,қысқа әндерді айту арқылы жаңа тілді табиғи әрі жеңіл түрде меңгереді.
Компьютерлік бағдарламалар: бастапқы, ортаңғы және жоғарғы болып үш деңгейге бөлінеді. Тапсырмалардың бұлай үш деңгейлі болуы балаларды бір деңгейден екінші деңгейге өтуге талпынтып, ынталануға жетелейді. Тапсырмалардың алуан түрлі болуы оқушыларды қызықтырады әрі мұғалім жеке тапсырмалар беру арқылы олардың білім деңгейін нақты анықтай алады.
Кез келген қиын материалдармен жұмыс жарыс түрінде ұйымдастырылған жағдайда оқушылар оларды еш қиындықсыз-ақ меңгере алады. Оқу материалдарын Microsoft Word-та да, Microsoft Power Point-та да жасауға болады.
Сабақтан тыс кезде компьютер мен мультимедиалық технологияларды шетел тілін үйрену үшін қолданудың пайдасы деп мыналарды айтуға болады:
– мультимедиалық технологиялар оқу үрдісін жеделдетеді;
– оқушылардың пәнге деген қызығушылықтарының өсуіне сеп болады;
– материалдың меңгерілу сапасын арттырады;
– оқу үрдісінің оқушының жеке басына арналуына мүмкіндік береді;
– білімді бағалаудың субъективті болуына жол бермейді.
Компьютерлік технологияларды шетел тілін үйрету үрдісіне ендіру білім беруді жеделдетуге тікелей ықпал етеді. Олар іс жүзінде психологиялық-педагогикалық мәселелерді қолдануға жағдай тудыру арқылы білімді механикалы түрде меңгеруден өз бетінше жаңа білім алуға қажетті білік, дағдыларды қалыптастырады. Компьютерлік технологиялар білім алушылардың жеке басының қабілеттерін ашып, сақтап және жетілдіре түседі. Шетел тілін үйрену барысында техникалық құралдар мен әдістемелік тәсілдерді қатар, кешенді түрде қолданған жағдайда ғана ойдағыдай білім нәтижесіне қол жеткізуге болады.
Шетел тілі сабағында Интернет жүйесін қолдану қазіргі кезде дүниежүзінің дамыған елдерінде дұрыс жолға қойылған. Интернет сөзі «халықаралық жүйе – international net» дегенді білдіреді. Кибернетика саласын оқу, білім мақсаттарына пайдалану жалпы дидактика мен әдістеме ілімінің ең жаңа бағдары болып отыр. Өзге тілді үйренудегі басты мақсат – балалар бойында мәдениетаралық коммуникацияны қалыптастыру болғандықтан, Интернеттің атқарар қызметі өте үлкен. Өйткені интернет халықаралық көпұлтты қоғамды қамтып, ол арқылы әлемнің миллиондаған адамдары электрондық қарым-қатынасты жүзеге асыруда. Ал шетел тілін меңгерген адамға әлемнің ақпараттар ағымындағы түрлі мәліметтер есігі кеңінен ашылып отыр.
Интернет арқылы оны қолданушылар электронды пошта, телеконференция, бейнеконференциялардан мәліметтер алып, өзінің мақалаларын, еңбектерін жариялап, өзіне керегін Web-серверге жинап, анықтама каталог жасап, іздеу (Alta Vista, Hot Bob,Open Text т.б.) және желідегі сөйлесу (Chat) жүйесіне ене алады. Е.А.Букетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің оқытушысы Е.В.Сычаева өз тәжірибесімен бөлісе келе, Интернет желісін қолдана отырып, оқу үрдісін интеграциялап, шетел тілін оқытуда төмендегідей бірнеше дидактикалық міндеттерді шешуге болатынын айтады:
а) оқушылар бойында Интернеттегі түрлі мәліметтерді қолдану арқылы оқуға қажетті білік, дағдылар қалыптасады;
ә) жүйеден алынған материалдар арқылы монолог және диалог түріндегі сөз біліктілігін жетілдіруге болады;
б) әріптестерімен қарым-қатынас жасай отырып оқушылар рефераттар дайындауға, шығармалар жазуға төселеді, яғни жазу шеберлігін ұштайды.
Әлемнің барлық беделді газеттерінің Интернетте арнайы Web-беттері бар, сондай-ақ ВВС ақпарат агенттігі тарататын әлемдегі адам баласының өміріне байланысты жаңалықтарды оқып қана қоймай, тыңдауға да мүмкіндік бар.
Электронды поштаны қолдану барысында балалар өзара достық қарым-қатынас орнатып, шетел тілін түрлі салада, түрлі деңгейде қолдануға жаттығады. Электронды пошта кәдімгі поштаға қарағанда тез, ыңғайлы және арзан. Электронды поштаны қолданудың шетел тілін үйренуде мынадай тиімді жақтары бар:
1) электрондық коммуникация тіл үйренудің өте тиімді практикасы;
2) хат жазу арқылы оқушылар өз қателерін түзетуге дағдыланады;
3) e-mail қолдану шетел тілін үйренуге деген қызығушылықты арттырады.
Ал Интернет арқылы жер шарындағы басқа ел өкілдерімен біріккен жоба жұмыстарын орындау кезінде оқушылар сөз қорын байытып, өзге ел мәдениетін үйреніп, әлеуметтік және қоғамдық ерекшеліктерін таниды, тілдік әдеби этикетке, түрлі халықтардың салт-дәстүрінің ерекшеліктерін біліп, өздерін қызықтыратын мағлұматтарды ала алады.
Егемендігін алғаннан кейін Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің 2002 жылғы 28 ақпандағы «Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің 2001 жылғы жұмыс қорытындысы және 2002 жылғы міндеттері» атты №1 А қаулысында сол кездегі министр Ш.К. Беркімбаеваның нұсқауымен республиканың білім беру саласын ақпараттандыруды міндеттеді.
Аталған Қаулы негізінде мектептер мен жоғары оқу орындарында барлық пәндерден электрондық оқулықтар шығару Ғ.Қ. Нұрғалиева басқаратын республикалық «Білім беруді ақпараттандыру республикалық ғылыми-әдістемелік орталығына» жүктелді. Шетел тілі пәндерін ақпараттандыруға байланысты соңғы жылдары жаңа зерттеулер жүргізіліп, игі істер атқарылуда. Ағылшын тілінің маманы Б.Қ.Исабаеваның атсалысуымен қазір ағылшын тілінен 5-9 сыныптарға арналған электрондық оқулықтар жасалып, республикаға таратылуда.
Білімді ақпараттандыру мәселесін ұзақ жылдар бойы зерттеп келе жатқан ғалым Е.Ы. Бидайбеков өзінің «Білімді ақпараттандыру хақында» атты еңбегінде ақпараттың философиялық категория ретіндегі материя семантикалық қасиетін төмендегіш сипаттайды:
– ақпарат материяның қасиеті бола тұра әр материалдық нысанға тән;
– материяның семантикалық қасиеті бола тұра әр материалдық нысанның мағыналық жағын көрсетеді;
– материаның бар болуының жалпы түрі оның оның қозғалысы болып табылатындықтан, ақпарат осы қозғалыстың бағытын, оның мақсатын беретін материя қасиеті болып табылады.
Ақпараттың мағыналық (семантикалық), мәнерлік (синтаксистік) және бағалық (прагматикалық) құрамдас бөліктен тұратынын көрсете келе Е.Ы.Бидайбеков жалпы әлемдегі ақпараттың пайда болу жүйесіне төмендегідей сипаттама береді:
Бірінші ақпараттық революция тіл мен адамның анық сөйлеуінің пайда болуымен байланысты жасалды.
Екінші ақпараттық революция жазудың ойлап табылуына байланысты болды.
Үшінші ақпараттық революция ХV ғасырда ақпараттық технологиялардың алғашқыларының бірі болып саналатын кітап басып шығаруды ойлап табудан туындады.
Төртінші ақпараттық революция ХІХ ғасырда ақпаратты жіберу мен таратудың телеграф, телефон, радио және теледидар сияқты құралдары ойлап табылды.
Бесінші ақпараттық революция адамзат есептеу техникасын белсенді пайдалана бастаған кезде, ХХ ғасырдың ортасында болды.
Республика Үкіметінің жіті қадағалауының арқасында білім беру саласы қарыштап алға басып келеді. Мектептер ақпараттық техникалық құралдармен қамтамасыз етілуде. Күні бүгін республиканың мектептерінде шетел тілі пәнін оқытуда мұғалімдер қауымы жаңа ақпараттық технологияларды мүмкіндігінше кеңінен қолдануда, өйткені ақпараттық технологияларды қолдану қоғам мен уақыт талабы болып отыр. Компьютерлік телекомуникативтік жүйені қолдану арқылы дистанционды түрде білім алу да іске асырылуда. Білім алудың мұндай жолын қазір білім беру саласындағы басты реформаның бір түрі деп те айтуға болады, себебі қашықтықтан білім берудің тигізер пайдасы жан-жақты. Олар мыналар:
– ересек адам немесе жас түлектердің өз жеке басын, көзқарасын, ұстанымдарын қалыптастыру;
– қоғамда азамат ретінде өзінің идеалын, саяси көзқарасын т.б. өмірде жүзеге асыра білу;
– ата-ана болып, әлеуметтік индивид ретінде еңбекте де өзін көрсете алу;
– өзі қалаған қоғамдық қажеттіліктерді болашақта пайдалана алуына мүмкіндік туады.
Қашықтықтан білім берудің тағы жетістігі – оның тездігі, әрі уақыт жағынан шектелмеуі, алынатын білім ауқымының әр түрлі, әрі мол болуы.
Компьютерлік технологияның тағы бр жаңалығы – интерактивті бейнетаспа. Оқушылар мұнда оқу фильмінің іс-әрекетіне қарай жауап беріп, сөйлеп үйренеді.
Электронды пошта (Е-mail), телеконференция, бейнеконференция, хабарландырудың электронды тақтасы да телекомуникациялық жүйенің ұсынатын қызметтері шетел тілінен білім беруде кеңінен қолданылуда.
Қазір біздің республикамызда оқулықтарға қосымша аудиоматериалдарды «Мектеп» баспасы дайындап, таратып отыр. Жаңа төл оқулықтардың авторлары дайындаған оқулыққа қосымша аудиомәтіндер Қазақстанға Германиядан келіп жұмыс істеп жүрген неміс мұғалімдерінің атсалысуымен жазылды.
Күні бүгін республикамызда түрлі әдістемелік құралдарды, оқу фильмдерін кешенді жүйелі түрде дайындап, мектептердің құзырына ұсынатын арнайы студиялар, фабрикалар т.б. әлі күнге дейін жоқ. Болашақта дамыған елу елдің қатарына қосылу мақсатына жету жолында білім беру саласының мамандары күні бүгін аянбай еңбек етуде. Болашағы жарқын, аспаны ашық, жан-жақты білімді, елі үшін еңбек ететін ұрпақ тәрбиелеп өсіру игі мақсат болып отыр.
Сонымен, бұл еңбекте Қазақстанда шетел тілінің жеке пән ретінде жалпы орта білім беретін мектептерде оқытылуының тарихына, оқыту мақсаттары мен міндеттерін, білім мазмұнын тиімді етіп оқытуға қатысты зертеулермен танысып, тілді оқыту әдістемесінің қалыптасып, дамуы қарастырылды:
1. Шетел тілін оқыту тарихын зерттеу арқылы осы пәннің методологиялық, ғылыми-педагогикалық, әдістемелік негіздері оқыту кезеңдеріне бөліне отырып қарастырылды. Өткен жиырмасыншы ғасырдың басынан бастап қазірге дейінгі мектептегі шетел тілі курсының оқытылу тарихын зерттеу оны оқытуды болашақта әлемде тіл білімі саласында болып жатқан жаңалықтармен байыту, уақыт талабына сай ету мақсатымен астасып жатады.
2. 1917-1990 жылдарда Қазақстандағы қазақ тілді мектептерде шетел тілі пәнін оқыту кеңестік дәуірде өзінің білімдік, тәрбиелік, жетілдірушілік міндеттерін жан-жақты, жүйелі, жоғары деңгейде орындамады. Қазақ тілді мектептерде бұл пәннің ұзақ жылдар бойы тек орыс тілі негізінде оқытылуы көптеген қиындықтар туғызып, республиканың білім саласының өзіне тән ерекшеліктерінің ескерілмеуі, оларды зерттеулердің өте аз, мардымсыз жүргізілуі оқыту ісіндегі проблемаларды шешуге дәрменсіз болды. Жиырмасыншы ғасырдың тоқсаныншы жылдарынан бастап шет тілі пәнін оқытудың мақсаты, міндеттері, білім мазмұнының құрылымы т.б. біздің елдегі тарихи өзгерістерге байланысты зерттелді.
3. Қазақстанда өткен ғасырдың басында орнаған социалистік қоғамның кейбір саяси, қоғамдық ұйымдастырушылық шаралары салдарынан болған қиын жағдайларға байланысты қазақ тілді мектептерде Ұлы Отан соғысына дейінгі кезеңде неміс тілі пәнінің оқытылуы өте төмен деңгейде болды. Одан сабақ беретін жоғары білімді мұғалімдер жоқтың қасы еді. Мәскеуден бертін келе шыға бастаған оқу құралдары орыс тілінің негізінде жазылды. Барлық Кеңес Одағына қарасты республикалардағы мектептерге неміс тілінен бір ғана бағдарлама мен оқулықтар жіберіліп отырылды. Қазақ тілді мектептердің материалдық базасы Кеңес Одағы жылдарында толық болмады. Осының бәрі мұғалімдердің және оқушылардың бұл пәннен кең ауқымда білім беріп, білім алуын және шығармашылықпен жұмыс істеуін шектеді.
4. Шет тілі пәні мектепте түрлі кезеңдерде түрлі әдістер арқылы оқытыла келе жан-жақты толық мектеп курсы болып қалыптасты. Шет тілін оқыту әдістемесі дамуының басты кезеңдері, республика мектептерінде осы пәнді оқыту барысында қалыптасқан тәжірибелер бойынша алынған деректердің пәнді күні бүгін шығармашылықпен оқытуға, үйретуге септігі тиері сөзсіз.
5. Шетел тілін оқытуда ақпараттық технологиялардың өткен ғасырдағы кеңес мектептерінде қолданылуы мен дамуы, қазіргі кездегі өріс алып отырған арналарына ғылыми-педагогикалық тұрғыда талдау жасалды.
Пайдаланылған әдебиеттер:
1. С.Ә.Әбдіғали. Шетел тілін оқытудың негіздері.-А.; «Ғылым»,-2009.-67б.
2. Ш.Б.Бәйнеш. Шетел тілін оқыту үрдісінің дамуы.А.;2010.-219б.
3. К.Канчи.Шетел тілінен білім беруді жаңалау талаптары.-Рига; «Университет»,-2006.-28-б.
4. Т.Әлдібаева. Қазақстандағы білім мазмұнын жаңалау,-А. Ы.Алтынсарин атындағы ҚБА, -2008. 22 б.
5. Шетел тілін оқыту тұжырымдамасы.-А.;ҚБА,-2007.,-108 б.