ДЕМОКРИТ АБДЕРСКИЙ
(б.д.д.460 – 370 ж.ж..)
— көнегрек философы, Левкипптің шәкірті, атомистиканың негізін қалаушылардың бірі әрі диалектикалық-материалистік философияда материализмнің негізін қалаушы болып саналады.
Философиялық шығармалары:
«Пифагор», «Планеталар туралы», «Табиғат туралы», «Ақыл-ой туралы», «Үлкен әлем құрылысы», «кіші әлем құрылысы» (70-тен астам шығармалар жазған) және т.б.
Философиялық көзқарастары:
Демокриттің ілімі бойынша, дүниенің бастамасы – атомдар (шын болмыс) және бос кеңістік (бейболмыс). Болмыс пен бейболмыс бір-біріне қарама-қарсы құбылыстар. Егер болмыс өзіндік пішіні бар және ол өте тығыз болғандықтан, бөлшектенбейтін атомдардан тұратын болса, бейболмыс – өзіндік пішіні, түрі жоқ, шексіз бос кеңістіктерден тұрады. Болмыс – сансыз көп ұсақ бөлшектердің жиынтығы. Ұсақ бөлшектер – атомдардың негізгі қасиеттері: мәңгі бөлінбейді, өзгермейді, өзіне-өзі тең (ұсақ), қозғалмайды. Бұл қасиеттер – атомдардың ішкі мәні. Ал олардың сыртқы қасиеттеріне өзіндік пішін, түрлерінің және көлемінің болуы жатады. Атомдар шар, бұрыш, қармақ, ойма, т.б. тәріздес болады. Атомдарды бос кеңістік бөліп тұрады.
Атомдар бос кеңістікте өз табиғатына тән үздіксіз қозғалыста болады, бір-бірімен соқтығысқанда, өздерінің қозғалыс бағыттарын өзгертеді.
Атомдарда бояу түрлері, иіс, дыбыс, т.б. сияқты сезімдік қасиеттер жоқ. Бұл қасиеттер атомдар адам түйсіктерімен кездескенде ғана пайда болады. Демокрит – алғашқылардың бірі болып сезімдік қасиеттердің субьективті түрде болатындығын айтқан ойшыл.
Атомдар бос кеңістікте соқтығысып, бір-бірімен соқтығысып, бір-бірімен бірігіп және байланысып, заттар әлемін құрайды. Атомдар өзгермейтін мәңгі болса, олардан құралған заттар уақытша, өтпелі және өзгерісте болады. Денелердің пайда болуын Демокрит былай түсіндіреді. Бос кеңістіктегі атомдардың тығыздығы әртүрлі болғандықтан, оның бір бөлігінде тығыз орналасқан атомдар құйындатып қозғалысқа түседі де, ортасында ауыр салмақты атомдар, ал шетке таман жеңіл салмақты атомдар топтасып, әртүрлі денелер пайда болады. Мысалы, Жер мен Аспан ауыр салмақты атомдардан жаратылған. Ал Аспаннан – от, ауа және ауа құйындап қуып жүрген жұлдыздар пайда болады.
Тіршіліктің шығуын Демокрит табиғи заңдылықтардың салдары деп түсіндіреді. Бұл жерде жоғары күштердің де жандары бар. Жандар шыққан қайнар көзі бар тіршілікті тудырған – жылулық. Жандар әртүрлі болады. Космостың жаны жоғары деңгейде емес, одан гөрі жануарлардың жаны жылылықты көбірек қабылдағандықтан, әлдеқайда жоғарырақ. Ал адамның жаны болса, ол ең жоғары сатыда тұр, себебі онда жылумен қоса от та бар. Басқаша айтқанда, адам мен жануарлар жандарының айырмашылығы – біріне ақыл тән болса, екіншісінде ол жоқ. Ал жанның ақылдылығы мен ақылының жоқтығы оның өз бойына қабылдаған жылуының мөлшеріне байланысты. Олай болса, жан – атомдардың жиынтығы. Демокриттің ілімінде ақылды жан – «сана» ұғымымен синонимдес ұғым.
Өмір сүрудің қажетті жағдайы – дем алу. Жан атомдары дем алу арқылы қоршаған ортадан өздеріне керекті от атомдарын қабылдаса, дем шығарғанда, жанның кейбір атомдарды денеден шығады, оның толық шығып кетпеуіне қайтадан алған дем кедергі болады. Дем алмай, тек дем шығарылса, онда дене өледі, себебі жан атомдары деммен бірге денеден толығымен шығып кетеді. Денеден шыққан жан атомдары ауада шашырап кетеді. Сөйтіп, денемен бірге жан да өледі. Демокриттің пікірінше, шын мәнісіне өмір сүретін атомдар, бос кеңістік және олардан туындайтын заттардан басқа, адам ақыл-ойында да өмір сүретін құбылыстар бар. Олар – пікір арқылы қалыптасқан сезімдік қасиеттер (дәм, бояу түрлері, иіс т.б.). Бұл қасиеттер шындығында өмір сүрмейді, олар сезімдік заттарға тән емес, олар тек адамдардың пікірінде ғана бар құбылыстар.
Осы екі түрлі құбылыстың өмір сүруіне сәйкес танымның да екі түрі болады:
А) сезім мүшелері арқылы танып-білу. Олардың берген мәліметтері көмескі білім болғандықтан, олардың ақиқатты тануда ешқандай пайдасы жоқ.
Ә) ақыл-ой арқылы алған білімдеріміз заңды туылған білім болғандықтан, оның ақиқат туралы пайымдаулары дұрыс болады. Себебі дүниенің алғашқы бастамасы атом мен бос кеңістікті сезім мүшелері арқылы көріп-біле алмаймыз, ал олардың мәнін, табиғатын түсіну үшін ақыл зер салып ойлануы керек. Дей тұрғанмен де, Демокрит сезімдік танымды ақыл-ой танымына қарсы қоймайды. Ақыл-ой сезімдік таным арқылы алған ақпараттарын әрі қарай өрбітіп, қорытынды жасайды.
Жалпы таным процесінің ақиқатқа жетудегі қайшылықтарын, қиындықтарын түсінген Демокрит танымның субьектісі болу кез-келген адамның қолынан келмейді, ол тек данышпандарға ғана тәндеп есептейді. Данышпандар сабырлылық, үйлесімділік, симметрия, алаңсыз тыныштық, қызықпаушылық, әділдік т.б. осы сияқты моральдық қағидаларға сүйеніп, философияға беріліп, елеусіз өмір сүруінің арқасында мәнділіктің мәнін, табиғатын дұрыс түсініп-білуге мүмкіндік алады. Егер барлық адамдар осы моральдық қағидаларды басшылыққа алып өмір сүретін болса, онда заңның қажеті болмайтынын айтады Демокрит. Заңды адамдар ойлап тапқан, ол тобырларды өз қолында ұстап тұру үшін қажет.
Демокрит қоғамның дамуы және мемлекет мәселелері туралы пікірлер айтқан: Адамдар аңға ұқсас кезінде аңдар сияқты өмір кешті (әрқайсысы жеке өмір кешті, бір-біріне көмектесуді білмеді, жеміс-жидек жеп қана күн көрді, т.б.), ал аң сияқты қалыптан мұқтаждықтың арқасында өркениетке өткенде, олар бір-біріне көмектесіп, бір жерде жинақталып, үңгірлерде, ағаштардың қуысында өмір сүрді. Бұл кезде олар патшасыз, әскербасыларсыз, бір-бірімен соғыспай, ұрлықсыз, қарапайым да еркін өмір кешті. Кейінірек келе, отты пайдалана алатын болды, қулық-сұмдықтар да көбейді, сонымен қатар өнер де пайда болды. Осы айтқан жағдайға адамдарды мұқтаждық пен өздерінің тәжірибиелері жеткізді. Адамдар әлімсақта сөйлей алмайтын-ды. Адамдардың бір-бірімен араласып, қарым-қатынасқа түсуінің арқасында түсініксіз дыбыс шығарудың орнына сөз арқылы қатынас орнады. Сөйтіп, тіл пайда болды. Тіл көп түрлі болып, адамдардың тұрған ортасына қарай қалыптасты.
Дін де тіл сияқты тарихи құбылыс. Алғашқы кезде дін болмаған, діннің шығуына себеп болған – адамдардың табиғаттың дүлей күштерінің себебін білмей қорыққандығы. Құдай деп жүргеніміз шын мәніндегі құдайлар емес, тек олар туралы қалыптасқан бейнелер ғана.
Философиялық афоризмдері:
Жоққа күйінбей, барын бағалай білетіндер ақылды.
***
Бақытсыздық ақымақты да тәубесіне келтіреді.
***
Үнемі кешіге беретін болсаң, мақсатыма жетемін дегенді де ұмытқайсың.
***
Жастар оңай бой ұрып кетер жамандық – желбастылық.
***
… борышқа әділ болу – ұлы іс.
***
Кім көп еңбек етсе бақыт соған қонады.
***
Еңбек үздіксіз үйренгендіктің арқасында жеңілдей түседі.
***
Мінезі бірқалыпты адамдардың өмірі де жайма-шуақ болады.
***
Арлы мен арсыздың кім екені істеген ісінен ғана емес, пікір-пиғылынан да көрінеді.
***
… өзінің құштарлықтарына билігін жүргізген адам да ер.
***
Іші тар адам нақ бір сөз дұшпанына қастық қылғандай, өзін-өзі кейістікке ұшыратады.
***
Күншілдік адамдар арасындағы ұрыс-керіске бастама болады.
***
Әйтеуір сөйлей беру ештеңені тыңдағысы келмеу – мақтаншақтың белгісі.
***
Оқып үйренбесең, өнерге де, даналыққа да қолың жетпейді.
***
Арғы жағында ақыл болмаса, тек сыртқы сұлулық жануарларға да тән нәрсе.
***
Өзінің ақыл-ойын артықша бағалайтын адамды үйреткісі келген кісі уақытты босқа шығындамайды.
***
Ақымақтың аяғын шалғың келсе, алды-артына қаратпай мақтай бер.
***
Табиғаты тазалар ғана әдемілікті танып, әсемдікке ұмтыла алады.
***
Жағаң жайлауда болу деген жаның тыныш, ештеңеге үрейленбейтін кезің.
***
Жолы болмағанның жанынан табылу – үлкен ізгілік.
***
Жақсы адам жаманның жамандығын да бетіне баспайды.
***
Шектен шыққан пайдакүнемдік барып тұрған жоқшылықтан да сорақы.
***
Қателікке мән бермеу ұятсыздыққа апарып соғады.
***
Міншілдер дос бола алмайды.
***
Қызғаншақ адам өзін-өзі жауынан жаман күйдіреді.
***
Әділетсіздіктің алдын алып, қорғана білу естіліктің белгісі болса, кекшілдік тасбауырлықтың белгісі.