ҰЛТТЫҚ ДҮНИЕТАНЫМДАҒЫ «ЖАРАТУШЫ КҮШТЕР» КОНЦЕПТІСІ

Гүлдархан РЫСБАЕВА,
философия ғылымдарының кандидаты, доцент,
ҚазМҚПУ-дің кафедра меңгерушісі

ҰЛТТЫҚ ДҮНИЕТАНЫМДАҒЫ «ЖАРАТУШЫ КҮШТЕР» КОНЦЕПТІСІ

Қазіргі кезде антропоцентристік парадигма негізінде халықтың сан ғасырлық дүниетанымы, ділі, мәдени құндылықтары мен салт-дәстүріне қатысты тілдік бірліктер, яғни тірек сөздер, тұрақты сөз тіркестері, сөйлемдер, мақал-мәтелдер, қанатты сөздерді «Әлемнің тілдік бейнесі» теориясы тұрғысынан қарастыру тіл білімінің өзекті мәселелерінің бірі болып табылады. Дүниетанымдық құрылымдардың бірі – концепт. «Концепт – жадының, ментальді қордың, тұжырымдау жүйесінің әр адам санасында көрініс табатын бүкіл әлемнің мазмұнды да белсенді бірлігі» [1;90]. Адам санасындағы білім әртүрлі тілдік құрылымдар арқылы көрініс табатындығы жайында В.А.Маслова: «…елестету, схема, картина, фрейм, сценарий (скрипт), гештальт» сияқты бірліктерді адам танымындағы ақпараттарды сыртқа шығаруда қолданылатын тілдік құрал деп есептеген. А.Ислам: «Концепт дегеніміз – этномәдени санада сақталған, белгілі бір ұлттың ұрпақтан-ұрпаққа берілетін ықшам әрі терең мағыналы шындық болмыс, ұлттық мәдени құндылықтары жөніндегі сан ғасырлық түсінігін білдіретін құрылым»,- деп анықтама береді [2;62]. Демек, концепт – белгілі бір танымды айқындайтын, тірек сөздер көлемінде танылатын ұлттық болмысқа негізделген санадағы ақпараттар бірлігі. Белгілі бір концепт түсінігі тек тіл арқылы ғана емес, сонымен қатар тілдік емес құралдар арқылы танылады. Бүгінгі таңда қоршаған дүниенің концептуалдық бейнесін қалыптастыратын концепт түрлерінің бар екендігі ғылыми тұрғыдан дәлелденуде.
«Концепт» ұғымының ойсурет, схема, фрейм, сценарий, метафизикалық концепт сияқты түрлері бар. Кез келген концепт когнитивтік тілдік бірліктер арқылы, олардың әртүрлі құрылымдық модельдері арқылы тілде көрініс табады. Біз өз жұмысымызда ойсурет концептісін тілдік материал талдауда қолданамыз. Ойсурет – концепт қалыптастыру операциясының ең күрделі формасы. Ойсурет санада суреттеу тәсілі, яғни бейне, символ, метафораның көмегімен танылады. Ойсуретті адам қиялынан (фантазия) туындаған концепт-мифтерде де кездестіруге болады. Концептінің ойсурет құрылымда танылған формасы көркем мәтінде жиі көрініс табады. Мысалы, «жаратушы күштер» концептісіне қатысты: алла жар болсын, алланың құлағына шалынсын, тәңір жарылқасын, құдай сақтасын, құдай тілеуіңді берсін, құдайға құлшылық ету, алладан жәрдем сұрау деген сияқты тіркестерін келтіруге болады.
«Жаратушы күштер» концептісі — көзге көрінбейтін, бүкіл әлемді жаратушы, жарылқаушы ерекше күштер. Ұлттың ерекше дүниетанымды, рухани өмірді әлемнің тілдік бейнесі тұрғысынан түсінуде басты компонент болып табылатын концептінің басты белгілерінің бірі — оның мәдени реңге, бояуға ие болуы. Сондай мәдени бояуға ие концептілердің бірі — ұлттық дүниетанымдағы «жаратушы күштер» концептісі. «Жаратушы күштер» концептісіне «құдай, алла, тәңір» культтік сөздерін жатқызамыз. «Жаратушы күштер» концептісімен байланысты тілдік құрылым бір күннің жемісі емес, ғасырлар бойы жасалып, өшпей, ұмытылмай, өз мәні мен күшін жоймай бүгінге дейін жетіп отыр. Бұл ұғымның ұлттық санамызда белгілі, анық тұстарына қарағанда, тылсым, жасырын тұстары көп.
«Жаратушы күштер» концептісінің бірі — «Құдай» концептісі түркі халықтарында әртүрлі айтылғанымен, лексикалық мағынасы бірдей, «бар әлемді жаратушы, құдірет иесі, тәңір, алла, жасаған» дегенді білдіреді. Құдай сөзі парсы тілінен енген, құдай – ұйғырша – «худа», түрікменше – «худай», өзбекше – «худо», татарша – «ходай», қырғызша – «кудай», қарақалпақша – «қудай» деп аталады. Башқұрт, қарашай-балқар тілдерінде алла, құдай, тәңірі сөзі «алла, аллах» деп аталады.
«Құдай» сөзі кейде «құда» сөзімен ауыстырылып та айтылады. Құда сөзі құдай сөзінің қысқарған түрі. Құдайдың құдіреті, құданың құдіреті – Алла тағаланың кереметі деген сөз. Мысалы, Бір күні кемпір құдайдың құдіретімен дым сезбей ауырыпты /Қазақ ертегілері/. Құданың құдіреті, қой аузынан шөп алмайтын секілді еді, аяқ астынан желік етіп, қағынып шыға келді /О.Сәрсенбаев/. Құдай сөзінің синонимі ақ сөзі. Ақ сөзі кейбір түркі тілдерінде құдай деген мағынаны білдіреді [3;16]. Ескі діни ұғым бойынша ақ сөзінен «киелі», «қасиетті» ұғымның нышаны байқалады. Ақ сөзіне байланысты: ақ бата, ақ тілек, ақ ниет, ақ жауын, ақ сары бас құдайы немесе боз қасқа құдайы, құдайына ақ сары басын айту, т.б. сөз тіркестері туындаған. Ақ сары бас құдайы – береке, бақыт үшін берілетін садаққа, құрбандық. Мысалы, Мен Абайға кінә қойдым. Елде қатын-бала сені уайымдап түн ұйқысын төрт бөліп, құдайына ақ сары басын айтады… Сен болсаң, шалжиып жатқаның мынау, – деді /М.Әуезов/.
«Алла» концептісі – араб тілінен алынған, «Аллаһ» деген ұлы жаратқанның есімі, қазіргі қалыптасқан дүниетанымымызда Алла тағала күллі ғаламды жаратқан күллі адамзаттың тәңірі. «Алла» есімі үнемі бас әріппен жазылуы шарт. Алла сөзі – ұйғырша, татарша, түрікменше, башқұртша, қарақалпақ тілінде «алла» деп аталса, қарашай-балқар тілінде «аллах», өзбек тілінде – «оллох» деп аталады. Алла – тіршілік дүниені және қиямет-қайымды жаратушы Құдай есімі. Ислам дәуіріне дейінгі арабтардың (негізінен Меккенің) Құдай ретінде сыйынған белгілі адамдарының қабірі. Алла исламда жалғыз Құдай, адамдарға өзінің елшісі ретінде Мұхаммедті жібереді. Исламның қысқаша сенім-ұраны: «Алла мен оның елшісі Мұхаммедтен басқа ешқандай жаратушылар жоқ». Мұсылмандардың нанымы бойынша, Құран — Алланың өз сөзі. Алла бұл сөзін Мұхаммедке тікелей өзі немесе періште арқылы жеткізген екен. Мұсылмандардың құдайы Алла – өзінің жаратылысынан жалғыз, оның басқадай «серігі жоқ». «Алладан басқа құдай жоқ» дегенге сену ислам дінінің негізгі парызы болып саналады.
Құран уағызының негізі – Алланы дәріптеу болған. Алла ұғымының мұсылмандар арасында әртүрлі болғанымен Мекке мен Мәдинадағы кезеңінің Құрандағы түсініктемесінде айырмашылығы жоқ. Құранның мазмұны да, тақырыбы да бір ғана Аллаға сену болғандықтан, көп құдайлы пұтқа табынушылыққа қарсы тұрған. Алла – жалғыз, оның ешқандай «теңдесі» жоқ. «Алла – жалғыз, Алла мәңігілік, ол тумайды, оны ешкім туған жоқ, оған тең келер ешкім жоқ». Құранда Алланың құдіреттілігі, қалтықсыздығы және ұлылығы туралы үнемі айтылып келеді. 18 мың ғаламның барлығы Аллаға бағынғандықтан дүниеде оның әмірінсіз ештеңе істелмейді, тіршіліктің дамуы оның әмірі негізінде ғана жүреді. Құран дұғасы осыны дәлелдейді. Сондықтан Алла өзі жаратқан дүниеге әмірін жүргізеді, демек тіршілікті дамытады, өзгертеді, барлық құбылысты өзі жасайды. Алла адамзатқа өте қайырымды, себебі ол адамның санасына сенеді, адамға кешірімді. Адам Алла құдіретіне сенгендіктен, өзін Құдайдың «құлымын» деп түсінгендіктен, дін жолына түсіп, Құдайға құлшылық етеді. Құдайға құлшылық етуші мұсылман қауым, тіршіліктегі барлық құбылысты Алла ісі деп түсінеді [4;9]. Құранда Алла «қайрымды», «ақылды», «дана», «жасаған дүниенің билігін қолында ұстаған» [5] деген теңеулермен суреттеледі. Әрбір мұсылманның негізгі борышы – Алланың құлы екендігін мойындау, басқа құдай бар дегенге сену кешірілмес күнә деп саналады. Құран бойынша, Алла – «жаратушы, жоқтан бар етуші, бір нәрсені кейіптеуші /мүсіндеуші/, ол ең сүйікті есімдер иесі. Жер-көктегі жаратылыстың бәрі оны дәріптейді. Ол – үстем /жеңімпаз/, әрі данышпан» /Хашр сүресі/. Жаратушы Алланың 99 есімі бар. Тәспиықтың тастарының саны тоқсан тоғыз болатындығы сондықтан. Шын тақуа әр тасты тартқанда Алланың бір есімін айтып отыру қажет. Мысалы: ар-Рахману, ал-Хусна, ар-Рахиму, ал-Малику, ас-Саламу, ал-Халиқу, ал-Ғаффару, ал-Қаһһару, ал-Кабиру, ал-Қадиру, ал-Аууалу, ал-Ахиру, ан-Нуру, ас-Сабуру, ас-Садиқу, т.б. Осы тоқсан тоғыздың ең құрметтісі – ар-Рахману, ар-Рахиму атты есімдер. Рахман Алланың шексіз мейірім, шапағат иесі екенін білдірсе, Рахим іс жүзінде көмек, рақым жасаушы екенін көрсетеді. Сондықтан бұл есімдерді дұға оқыған сайын қайталап отыру керек [6;26-27]. Біз Алланың «Көркем есімдерінің» тілімізде кісі есімі ретінде жиі қолданып жүргеніне көп мән бере бермейміз. Мысалы, Рахман Алланың шексіз мейірім, шапағат иесі екенін білдірсе, Рахим іс жүзінде көмек, рақым жасаушы екенін көрсетеді. Қысқасы Рахман – мейрімді: Рахман/Рақым, Рақманқұл, Рахман, Рахманбек; әр-Рахим рақымды: Рақым/Рахым, Рақымжан, Әбдірахым, Рахима (әйел есімі); әл-Малик – бүкіл жаратылыстың иесі: Мәлік, Мәлікбай; әл-Халиқ – жаратушы: Халық, Халықберген, Әбдіхалық; әл-Қадир – құдіретті: Қадыр, Әбдіқадыр, Қадыржан, т.б.
«Жаратушы жалғыз – Алла», «Жалғыздық бір Аллаға жарасады» дейміз, бұл тіркестердің астарында үлкен мән жатыр, егер адам баласына қатысты айтылғанда, адам баласына жалғыздық жараспайтынын, жалғыздық тек Аллаға жарасатынын түсіндіреді.
«Он сегіз мың ғалам» тіркесі «әлемдегі барша тіршілік» дегенді аңғартатыны белгілі. «Он сегіз мың ғаламды жаратушы жалғыз – Алла» деп те айтылатын, кейде «он сегіз мың әлемді билеуші бір Құдай» деген де фразеологизмдер кездеседі. Мысалы,
Өзі қақтың жолында
Он сегіз мың ғаламның,
Он бесі бар қасында
Жеті кәміл бабасы
Келді жетіп қасына /«Қобыланды батыр»/.
Жаратқан, жаратушы, жасаған, жасаған ием, ие дегендер – алла, тәңір, құдай сөздерінің қазақша баламасы. Олар да «бар әлемді жасаушы ұлы күш, құдірет иесі, яғни құдай, алла, тәңір, жаратушы» деген мағынада жұмсалады. Қарақалпақстандағы қазақ ақын-жыраулары поэзиясындағы діни-ағартушылық ағымдағы Бекенқұл ақынның «Жаратушым, мен сені…» деген өлеңінде «Жаратушым» деп Аллаға сыйынады, жалбарынады. Алланы «пірім» немесе «күнім» деп мадақтайды. Өлеңнің мазмұны адам баласын жаратушы Аллаға сыйыну, оның жолының ақ екенін, сол ақ жолмен жүрген адамдардың – мұсылман баласының бақытты болатынын дәлелдегісі келеді. «Жаратушы – Алланың жолы – нұрлы жол, ақ жол» деген ойды жеткізеді.
Діни ағартушы ақынның «Жаратушым, мен сені» деген екі шумақ өлеңінде :
Жаратушым, мен сені
Пірім, күнім деп сенем.
Тек өзіңе, өзіңе,
«Жәрдем берші» деп келем.
Жаратушы, ақ жолың
Бізге ғана жақ жолың.
Бізді бақытты ететін,
Сенің нұрлы хақ жолың, — делінген [7;122].
Өлең шумағындағы «Ж а р а т у ш ы» – діни ұғым бойынша, бар әлемді жасаушы ұлы күш, құдірет иесі [8;6,682]. – Жаратушы-ау, жазуың осылай ма еді! /А.Жүнісов/. Хат жаздым сәлемнама Манатжанға, Бетіне жанның бәрін қаратқанға. Бір алла осы аруға кез келтір деп, Жылаймын ертелі-кеш жаратқанға /Айтыс/. Жаратқан сөзі «жалғыз», «алла», «құдай», «бір құдай», «жаппар», «ием», «тәңір» сияқты культтік сөздерімен тіркесіп келіп, «жаратқан алла», «жаратқан жалғыз алла», «жаратқан құдай», «жаратқан бір құдай», «жаратқан жаппар құдай», «жаратқан ием», «жаратқан тәңір» деген сөз тіркестер жасауға қатысады. Осындай сөз тіркестерінің мағынасы «жаратушы құдай, тәңір, алла тағала, жасаған ие» деген мағынада жұмсалады. Ж а с а ғ а н – құдай, алла, тәңір, жаратушы деген мағынаны білдіреді [9;250]. Жасаған ие күннің жылуын, кемпірқосақтың болуын, ауаның жұпар иісін алып сөнбес, сембес ғажайып гүл өсірді /М.Мағауин/. Жасағанның қылығы күшті дейді, Сырлы аяққа бал құйып ішті дейді /Батырлар жыры/. Жасаған сөзі «алла», «құдай», «ие», «ием», «тәңір» сияқты культтік сөздерімен тіркесіп келіп, «жасаған алла», «жасаған құдай», «жасаған ие», «жасаған ием», «жасаған тәңір» деген тіркестер жасауға қатысады. Осы тіркестердің мағынасы жаратушы құдай, алла, тәңір, жаратушы деген мағынада. – Е-Е… Сүйтпей тағы не қылар дейсің… Ей, жасаған алла-ай! Елді құртпаса не қылсын?.. /Ж.Аймауытов/. И е – алла тағала, құдай, жаратушы, тәңір дегенді білдіреді [10; 4,424]. Байларды шалқар көл қылған. Кедейді құла шөл қылған. Жарлығы күшті иенің /Батырлар жыры/. Ие сөзі «жаратқан», «жасаған», «тәңір» сөздерімен тіркесіп, «жаратқан ие, «жасаған ие», «тәңір ием» деген тіркестер жасап, «алла, жаратушы, жасаған, құдай» деген мағынада жұмсалады. Алла, құдай. О, жаратқан ием! Алдымен атыңды айтып, жалбарынам /Б.Момышұлы/. Алла, құдай. «Жасаған ием, жар бола көр» деп күбірлейді ішінен /С.Алдабергенов/.
«Құдай, алла, тәңірі» культтік сөздері араб тілінен енген «құдірет, жаппар, хақ» сөздерімен көбінесе, тіркесіп қолданылады. Жаратқан, жаратушы, жаппар, жасаған, жасаған ием, ие дегендер – алла, тәңір, құдай сөздерінің қазақша баламасы, синонимдес сөздер. Бұл сөздердің айтылуы басқа болғанымен лексикалық мағыналары бірдей. Олар да «бар әлемді жасаушы ұлы күш, құдірет иесі, яғни құдай, алла, тәңір, жаратушы» деген мағынада жұмсалады. Сондықтан адамдар әр уақытта осы күштерге жалынып, жалбарынған. Адамдар өздерінің бір-біріне жасаған жақсылық-жамандық әрекеттеріне жауап ретінде осы күштерге байланысты қалыптасқан тұрақты сөз тіркестерін қолданған. Жаратқан, жаратушы, жаппар, жасаған, жасаған ием, ие дегендер тек қана алғыс, тілек мағынада қолданылады.
Түркі тілдерінде өте ерте заманнан келе жатқан культтік мағынада жұмсалатын сөз – «тәңірі». «Тәңірі» концептісі алтай тілдерінен алынған «аспан», «көк» деген мағынаны білдіреді. Ежелгі түркі ескерткіштер тілін зерттеуші А.Махмұтов «тәңірі» сөзі түркі орхон жазуларында көк/аспан және құдай деген ұғымды білдіретінін көрсетеді [3;84]. С.Е.Малов: «Қан теңір по рассказам уйгуров главное высшее шаманское божество «қан теңір» /или қан деңір, т.е. небесное божество/ букв. /царь неба/», – дейді [12;62]. Тәңірді аспан құдайы деп түсіну ертеде қазақ ұғымында да болған. Егер, «оның басына бір жаман іс түсетін болса, ол басын көтеріп, «бир тәңри» деп зарлайды. Мұнысы түрікше «бір құдай» деген сөзі», – дейді Ибн-Фадлан [13;1,114]. «Тәңірі» сөзінің ежелден түркі тілдеріне меншікті сөз екендігін түркі халықтарының мәдениетінің ғана емес, сонымен бірге бүкіл дүниежүзі мәдениетінің тарихында елеулі орын алатын, бүкіл әлемге әйгілі болған Орхон ескерткіштеріне (VІІІ ғ.) арналған құлпытастағы жазулардан көруге болады. Дания ғалымы, Копенгаген университетінің профессоры Вильгельм Томсен Орхон жазуының «кілтін» тауып, сырын ашады. Орхон өзені бойындағы табылған үлкен тастағы жазудың ішінен түрік тәңірі деген сөздерді оқиды. В.Томсен ашқан алфавитті қолданып, академик В.В.Радлов 1894 жылы Орхон ескерткіштерін тұңғыш рет орыс тіліне аударып, текстің нұсқасын латын әліппесімен береді.
Мәселен, «Күлтегін», «Тоныкөк» ескерткіштеріндегі:
Күлтегіннің үлкен жазуында: Аудармасы:
Үзе көк теңрі, Биікте көк тәңірі,
Асра йағыз йір қылынтуқда, Төменде қара жер жаралғанда,
Екін ара кісі оғлы қылынмыс. Екеуінің арасында адам баласы жаралған.
Кісі оғлынта үзе ечүм апам Адам баласы үстіне ата-тегім
Бумын қаған, Істемі қаған Бумын қаған, Істемі қаған
олурмыш отырған.
Олурыпан, түрк будуның Отырып, түркі халқының
илін, төрүсін тута бірміс, Ел-жұртын қалыптастырған,
іті бірміс. иелік еткен.

Күлтегіннің кіші жазуында: Аудармасы:
Теңрі тег, теңріде болмыш Тәңірдей тәңірі жаратқан
Түрк Білге қаған, Түрік Білге қаған,
Бұ өдке олуртым. Бұл шақта отырдым.

Тоныкөк жазуында: Аудармасы:
Теңрі йарулқазу! Тәңірі жарылқады!
Бікүл түрк будунқа Бүкіл түркі халқына
йаруғлуғ йағуғ келтүрмедім. қарулы жау келтірмедім,
Төгүнлік атуғ йүртмедім. Атты әскер жолатпадым. –
деген жазулар соған дәлел [14;44,76]. Демек, ертеде ата-бабаларымыздың ұғымында Тәңір жер мен судың, көк пен жұлдыздардың және адамның жаратушысы болған. Яғни, «Тәңір» – байырғы түркілердің табынатын, жаратушы жалғыз құдайы». Түркілердің мына мақалы да осының дәлелі: Түн күн тапұн Тәңірге бойнамағыл, Қорқұп аңар еимену ойнамағыл – Бой тартпа, Тәңірге күн-түн табын, Одан қорқып, именгін, ойнамағын. «Күндіз-түні Ұлы Тәңірге табын, түзу жолдан шығып кетпе, бас тартпа; Ұлы Тәңірден именіп, ұял, қорық, ойнама». Сондай-ақ, «Тәңірі» сөзінің бірнеше мағынасы болғанын көреміз. Солардың ең алғашқысы, тұңғыш ұғымы – «аспан, көк». Екінші мағынасы, кейінгі дәуірлерде түркі тайпаларына араб, парсы тілдерінен ауысқан – «Алла», «Құдай» атаулары орнына жұмсалған. Мұның өзі «табиғат пен адам баласын билейтін құдіреттің мекені – аспан, көк» деген сенімнен туғаны күмән туғызбайды.
«Құдай, алла, тәңірі» культтік сөздерімен «бір» сан есімі немесе «жалғыз» сөзі анықтауыштық қызметте жұмсалады. Сонымен қатар, бір саны – белгілі бір бүтіндік, бірлік және өркениеттік, абсолюттік тыныштықты, жалпы ұғымды білдіреді. Ол тек Алла мен Ғарышқа тән. Тіліміздегі бір құдайға тапсырды, бір құдайға сыйынды, бір құдайдан тілеп алды, бір құдайдың ұрғаны, бір аллаға тәуекел қылды, бір аллаға тапсырды, бір алладан сұрады және он сегіз мың ғалам, т.б. тіркестері дәлел. Мысалы, Он беске келгенше Шаманбайдың қойын бақтым, бір құдайдың атқаны /Ж.Аймауытов/. Жасы жиырмаға келсе де, ісі әлі шалағай. Алды-артын ойлап сөйлеуді, ойлап істеуді қашан үйренерін бір құдай білсін /Б.Нұржекеев/. Бірінші тілек тілеңіз: Бір аллаға жазбасқа. Екінші тілек тілеңіз: Пиғылы пасық залымның Тіліне еріп, азбасқа /Бұхар Жырау/. Бір тәңірден тілеген, Қазам жетсе өлемін /Батырлар жыры/. Кейде алла, құдай, хақ сөздеріне «тағала» тұлғасы қосарланып, «алла тағала, құдай тағала, хақ тағала» деп те айтылады. «Тағала» сөзі де араб тілінен ауысқан, ал мағынасы – «тәңір, құдай, жаратқан» дегенді білдіреді [8;1.227]. Бір сан есімі көбінесе «құдай, алла, жаратушы, жаратушы ием» сөздерімен тіркесіп көп қолданылады. Кейде «бір» сөзінің орнына синонимі «жалғыз» сөзі айтылады. Өйткені бүкіл дүниені, адамзатты, жан-жануарларды жаратушы жалғыз. Ол – Құдай, ол – Алла, ол – Жаратушы Ием. Яғни діни түсінік бойынша «бүкіл дүниені, адамзатты жаратушы» деген мағынанада жұмсалады. Бұл культтік сөз тіркестерін көркем мәтінде жиі кездестіруге болады. Мысалы, Алла тағаланың жаратқан ғаламын тамашалап жүрмін. Басқа еш нәрсе маған қажет емес… /Ж.Аймауытов/. Әуелде құдай тағала хайуанның жанынан адамның жанын ірі жаратқан /Абай/. Сонда Тарғын сөйледі: Хақ тағала құдайым, Ақ тарыдай ақтарып, Шешіп жаздың белімді! /«Ер Тарғын»/.
Қазіргі дүниетанымымызда «құдай, алла, тәңірі» концептісінен туындаған сөз тіркестерінің аясы өте кең. Осы культтік сөздердің тірек болуымен алғыс, қарғыс, бейтарап мағынада қолданылатын, этносқа тән дүниенің тілдік бейнесін танытатын когнитивтік бірліктер, фразеологиялық тіркестер мен мақал-мәтелдер көптеп саналады. Тілімізде алғыс мәнді сөздерге бата беру, жақсы тілек айту сияқты сөз тіркестерінің де қатысы бар. Тілек сөздерінің бәрі де жақсылық тілеу ниетімен айтылады. Көркем шығармаларда бата сөздер ғасырлар бойы өңделіп, қырланып, казіргі дамыған деңгейге жетті. Тарихи даму барысында оның өне бойына қазақ халқының сан ғасырлық тарихи өмірі, еңбегі мен тұрмыс-тіршілігі орын тапты, оның жүздеген жылдар бойы қалыптасқан көркемдік-эстетикалық, діни-философиялық көзқарастары, биік мұраттары, қала берді жаратылысындағы өзіне тән психологиялық ерекшеліктері мен менталитеті бейнеленеді. Мысалдар, Құдайым жарылқасын, бай қылсын, төрт түлігін сай қылсын! Кетпес дәулет берсін! Кең пейіл берсін! /А.Байтұрсынов/.
Алғыс және қарғыс мәнді когнитивті бірліктер түркі тілдес халықтардың көпшілігінде кездеседі. Мәселен, «алғыс» сөзі алтайлықтарда, татарларда «алкыш, алқыш сос», қарашай-балқарларда «алгыш», сахаларда «алғыс», әзірбайжандарда «алгыш», қарқалпақтарда «алғыс» деп аталатын тілек араб сөзінен алынды, әрі кейінгі бата сөз үлгілерінің мазмұнына да исламның тигізген әсері мол. Қазақ, қырғыз халқында бата айтылады да, қарашай-балқар, татар тілдерінде алғыс сөзі «алгыш», «алкыш» деп аталып, үнемі тілек мағынасында қолданылады. Мысалдар, қарашай-балқар тілдерінде: «Аллах джол берсин!» – «Алла қолдасын!» «Аллах онғартсын!» – «Алла оңғарсын!» деген мағынада. Татарлар «құрбандық шалу» мейрамында құдайға құлшылық жасап, сыйынып, алғыс, тілек айтып «алкышлар» (алғыстар), «теләкләр» (тілектер), «догалар» (дұғалар) оқитын болған. Мысалы, «Йоллык догасынан» үзінді келтірейік:
Ут Анабыз, сиңа корбаан бирәбез, кабул ит!
Ут Анабыз, барча кайгыларыбыздан, бәла-казаларыбыздан,
Хәсрәтле-уйларыбыздан, яман чирләрдән,
Зәһәр нурлардан тәнебезне-күңелебезне арула!
Бөек Тәңрем! Атам минем! газиз углың сиңа ялвара!
Күк Тәңрем! Синең көчең күәтең, көдрәтең артсын!
Олыг Тәңре! Үзең ярлыка барлыка языклардан!
Кайраккан, Кайраккан! Алас! Алас!
* * * *
Чулпан бабай мал бирсен,
Зәңге бабай юл бирсен,
Умай-ана углы бирсен,
Кызыр-Батман кул бирсен! [15;30].
Бұл үзіндіден татар халқының «Ут Ана», «Бөек Тәңрем», «Күк Тәңрем», «Умай-ана» тірек сөздерін жиі қолданып, құрмет тұтатыны, қазақ халқындағы «От ана», «Көк Тәңірі», «Умай ана» культтік сөздермен мәндес, лексикалық мағыналары ұқсас дүниетанымдық бірліктер..
Жоғарыда келтірілген алғыс мәнді культтік фразеологизмдер адамның жағымды көз-қарасын білдіретін, бір-біріне деген достық, жолдастық, туыстық, ізгілік қарым-қатынасы әрекетіне қатысты пайда болған. Ал, қарғыс мәнді культтік фразеологизмдер жағымсыз жағдайда айтылады. Балаға да, үлкенге де айтылатын ортақ қарғыстар: құдай атқыр, құдай төбеңнен ұрғыр, құдай жазаңды бергір, құдай көрсетсін, құдай ұрсын, алла бұйыртпасын, алла жазаңды берсін, тәңір тапсын, тәңір алғыр, т.б. Мысалдар, қарашай-балқар тілінде: «Аллах урсун!» – Құдай ұрсын! түрік тілінде: «Allaһ cezasіnі versіn!» – Алла жазасын берсін! «Allaһ canіnі alsіn!» – Алла жаныңды алсын! деген мағынада жұмсалса, ұйғырша: «Худайым урсун!» – Құдай ұрсын! «Алла жазасын берсин!» – Алла жазасын берсин! деген мағынада жұмсалады. Бейтарап мәнді фразеологизмдерге сөйлеу стилінде, кітаби-жазба стильдерінде болсын жалпылама қолданылатын тұрақты сөз тіркестері жатады. Олар: тәубешілік сөздер, шошынғанда айтылатын сөздер, кешірім сөздер, табалау сөздер. Тәубешілік сөздерге: Құдайға шүкір! Аллаға шүкір! Бергеніңе шүкір! Құдая тоба! Құдай тағала! Тәубе! Тәубе! Тіл, көзден сақта! Пәле, жалаңнан сақта! Шүкір-шүкір! Құдай куә! Құдай ақы! Құдай деген! т.б. сөздер және сөз тіркестері жатады. Өзінің тағдырына, Құдайдың бергеніне риза болған, жұмысының оң басқанына, жолы болғанына риза болған, бала-шағасы, өзіне жететін дәулеті бар адамдар соған тәубе қылып, тәубеге келіп, қанағаттанарлық сезімін білдіргенде осы сөздерді айтады. Бұл адамгершіліктің, парасаттылықтың белгісі. Мысалы, «Құдайға шүкір» – бұл күніме тәубе деген мағынада; бір нәрсеге көңілі толып, қанағат ету кезінде айтылады. Құдайға шүкір, оң қолым таза, аузым оймақтай! /Ж.Аймауытов/. Шошынғанда айтатын сөздер: Астапыралла! Алла-ай! Алла сақтасын! Құдай-ай! Сақтай гөр! Жасаған-ай! Ойбай-ай! О, тоба! Құдая тоба! О, тәңірім! Қу құдай! Жаппар құдай! Шұнақ құдай! т.б. Мұндай сөздер және сөз тіркестерін тосын жағдайда, қорыққанда, шошығанда жағасын ұстап тұрып айтады. Осыдан келіп «Жағасын ұстады» деген әдет шыққан. Кешірім сөздер: болары болды, оқасы жоқ, қайтер дейсің, өтті-кетті, құдай үшін кештім, құдай үшін, т.б. Кешірім сөздері көбінесе, кешірушінің аузынан шығады. Жай, баяу айтылады, қатты сөз де, күлкі де болмайды. Құдай үшін, құдай үшін айтып бер дегендер өтіну, жалыну, жалбарыну кезінде айтылады. Табалау сөздер: Құдай тапқан екен! Құдай тапсын! Алла жазасын берсін! Тәңірі тапсын! Қарғыс жібермеген екен! Көрінде өкірсін! Асқанға тосқан! Әй, бәлем-ай! Бәлемге сол керек! Оған ол да аз! т.б. табалау сөздері халық ішінде бір-біріне қас-жаулар немесе біреуден зәбір көріп өш ала алмағандар өз дұшпандары бақытсыздыққа ұшырағанда әдет бойынша айызы қанып, отырған орнында құйрығын жерге түйіп табалаған кезде айтылады. Бейтарап мәнді тіркестерге тағы мынадай: аққа құдай жақ, құдайға расы, құдайға қылып наланы, құдайға шет болу, құдай сәтін салса, құдайдың зарын қылды, құдай сүйер қылығы жоқ, алла сүйер қылығы жоқ, құдайын ұмытты, құдай алдында сұраусыз, құдай тұзымды көтерсе, құдайы берді, құдайы қонақ, құдайы көрші, алланың болар әмірі, тәңір жолы, тәңір бұйрығы, алла ісі, т.б. сөз тіркестері жатады. Мысалдар, «Құдайға шет болма» – құдай алдында айыпты, күнәкар болма. Тұнғышбай кетсе, енді мен оқи алармын ба? әлде үйді құдайға тапсырып, кетіп қалам ба? Қой … құдайға шет болармын … /Ж.Аймауытов, Шығ./. Мысалы, «Құдай сүйер қылығы жоқ» – оңып тұрған жоқ, жексұрын, сүйкімсіз, қылығы теріс, мінезі шәлкестеу адам жайлы айтылады. Рас, айтасыз, Абай, бұ қаланың Есберген, Кәріпжандай саудагерлерінің де құдай сүйер қылығы жоқ. Қырдың момын керуені кездессе, «құдайға қарайық» деп біз де тұрмаймыз – деп қалжың айтқан /М.Әуезов/.
Түркі тілдес халықтарда «құдай», «алла» концептісі мақал-мәтелдер де кездеседі. Мысалдар, қарашай-балқар тілінде: «Аллах адамны джарлы этерге тебресе, алгъп бурун акъылын алады» – «Алла адамды бақытсыз етейін десе, ақылынан адастырады». «Аллах берген да этер, алгъан да этер» – «Алла өзі береді, өзі алады»; түрік тілінде: «Allaһ gumus kapіyі kaparsa altіn kapіyі acar» –«Алла күміс есікті жапса, алтын есікті ашады» дегенді білдіреді.
Қорыта келгенде, ұлттық дүниетанымдағы «жаратушы күштер» концептісінің когнитивтік моделін — «Құдай», «Алла», «Тәңірі» синонимдес концептілер арқылы анықтап, этностық дүниетаным мен салт-дәстүрге, наным-сенімдерге қатысты байырғы лексикадан қалыптасқан когнитивтік бірліктерге этнолингвистикалық талдау жасалды. «Құдай», «Алла», «Тәңірі» тірек-сөздерімен келген культтік фразеологизмдердің түркі халықтарының дүниетанымдық жүйесінде алатын орны айырықша, мифтік-танымдық бірліктер болып табылады. Адам санасында дүниенің көрінісі когнитивтік құрылым, когнитивтік бірліктер арқылы іске асырылады. Бейне когнитивтік модель қалыптастыратын адам есімдері: Құдайберді, Құдайберген, Құдайқұл, Аллаберген, Алдаберген, Алла, Аллажар, Тәңірберген, Жаппар, Жаппарқұл, т.б. кездеседі.
Әлемнің тілдік бейнесі «Алла», «Құдай», «Тәңірі» концептілер негізінде құрылып, когнитивтік бірліктер алғыс, қарғыс, бейтарап мағынада қолданылады. Ал, араб тілінен енген құдірет, жаппар, хақ, раббы және қазақ тіліндегі жаратқан, жаратушы, жаппар, жасаған, жасаған ием, ие деген культтік сөздерден туындаған когнитивтік бірліктер тек қана алғыс, тілек мағынада қолданылады. Алғыс, қарғыс және бейтарап мәнді сөз тіркестері ауызекі тілде көп қолданылатын тілдің лексикалық байлығының бір көрсеткіші және қазақ тілінің лексика-фразеологиялық жүйедегі орнын, функционалды-семантикалық мүмкіндігін кеңейте түсер мағыналық когнитивтік тілдік бірліктер. «Құдай», «Тәңірі» культтік сөздері тұрмыстық тілде қолданылса, «Алла» культтік діни рәсімдер мен мәтіндерде жұмсалады. Араб тіліндегі Алланың 99 эпитеттері қазақ тілінде стихиялық түрде қолданылады. Бұл дегеніміз, қазақ топырағында мәдениет пен дүниетанымның түрлері қаншалықты болса, ұлттық менталитетімізге, дүниетанымымызға, рухани санамызға соншалықты әсер ететіндігінің бір көрінісі.

Пайдаланылған әдебиеттер
1. Маслова В.А. Когнитивная лингвистика. -Минск, 2004. -256 с.
2. Ислам А. Лингвомәдениеттану. Тіл әдебиет контексінде. А., 2004. — 242 — б.
3. Махмутов А. Архаизмы и историзмы в казахском языке. Автореф. дисс. … канд. филол. наук. – Алматы, 1963.
4. «Ислам» Энциклопедия /Бас ред. Р.Нұрғалиев. – Алматы: «Қазақ энциклопедиясы» Бас редакциясы, 1995. -287 — б.
5. Құран Кәрім. /Ауд. Р.Нысанбайұлы, У.Қыдырханұлы. – Алматы: Жазушы, 1991. Қазақшасы -578 б.
6. Халифа Алтай. Құран-Кәрім мағына мен түсінігі. -Медие, 1991, 59-сүре, 22-24-аяттар.
7. Әбілов М. Қарақалпақстандағы қазақ ақын-жыраулары поэзиясындағы діни-ағартушылық ағым (ХІХ ғасырдың екінші жартысы мен ХХ ғасырдың басы). 122-б.
8. Қазақ тілінің түсіндірме сөздігі. Көп томдық. –Алматы: «Ғылым», 1976-1986.
9. Абай тілі сөздігі. – Алматы: «Ғылым», 1968. -734 б.
10. Қазақ тілінің түсіндірме сөздігі. Көп томдық. –Алматы: «Ғылым», 1976-1986.
11. Қазақ тілінің сөздігі. /Жалпы ред. бас.Т.Жанұзақов. –Алматы: «Дайк-Пресс»,1999. -776 б.
12. Малов С.Е. Остатки шаманства у желтых уйгуров. «Живая старина». ХХІ. СПб., 1912. С.62.
13. Қазақ ССР тарихы. –Алматы, 1957. І т. -114-б.
14. Күлтегін: Көне түркі жазба ескерткіші. /Көне түркі тілінен аудар. М.Жолдасбеков. – Алматы: «Жалын», 1986. -80 б.
15. Безертинов Р.Н. Древнетюркское мировоззрение «Тэнгрианство», Татарский электронный библотека. 2009. 75 с.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *