Мәдина ӘБІШЕВА,
теология ғылымдарының кандидаты,
ҚР Мәдениет министрлігі Діни істер комитеті Мәдениеттер
мен діндердің халықаралық орталығының бөлім бастығы
ШИИТТІК КИЕЛІ ҚАЛАЛАР МЕН КЕСЕНЕЛЕРДІҢ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ
Иран мәдениеті тек қазіргі Иранның тарихи мұрасы емес, ол – парсы тілі белгілі кезеңде әдеби және мемлекеттік тіл болып саналған іргелес жатқан елдердің ортақ жетістігі. Парсы тілдес халықтардың көп қырлы жазба мұрасы ортағасырлық, әлемдік мәдениеттің бағалы беттерінің бірі болып саналады.
Мыңдаған жылдар бойы сарай маңында қалыптасқан әдебиет поэтикалық классиканың біршама көп бөлігін құрайды. Х-ХІІІ ғ. басы аралығын қамтитын моңғол шапқыншылығына дейінгі кезең Иран тарихындағы шығармашылық қуаттың ерекше өркендеуі, жоғары сәулет өнерінде де көрініс табады. Сол заманда іргесі қаланған мәдени ғимараттар, медресе, кесенелердің тұрғызылуы – қолөнер мен қолданбалы өнердің жоғары дамығанының дәлелі еді.
Ислам мен өнер бір-біріне қайшы деген пікір бар. Бұл пікір шындыққа жатпайды деп негіздеуге болады. Мәселен, мешіт – ислам мен өнердің түйісетін орны. Алла тек қана кешірімді әрі мейірімді ғана емес, оның тағы бір қасиеті – ең көрікті. Сопылардың пайымдауы бойынша, Алла тағала сұлулықты жақсы көреді. Сол себептен, исламдық-шииттік өнер мұрасы мешіттер мен кесенелерге көбірек назар аударылған.
Ескі исламдық мешіттерге көз сала отырып, мұсылмандардың кіршіксіз ниетпен Аллаға сыйлаған тартуын ғана емес, тарихшы ретінде ислам мәдениетінің галереясын да көре аламыз. Бізге есімі белгісіз шеберлер бұл мешіттерде өздері көрген керемет құбылыстарды орнын тауып қолданған. Мұсылман архитекторлары минарет пен михрабтың салынуын шіркеуден, террасса мен күмбез астын сасанид шахтарының сарайларынан алып, колонналарды әшекелеуде вавилон храмдарының өрнектерін пайдаланды [1, с. 184].
Халиф билігі кезеңінде мешіт мұсылман өмірінде қазіргі кездегіден маңызды рөл атқарды. Себебі, мешіт ол заманда тек қана құлшылық ету орны емес, сонымен қатар қазылық ететін әділет орны, академия іспеттес білім беру мен тәрбиенің әрі саяси өмірдің орталығы тұғын. Пайғамбар уақытында мешіт мұсылмандардың жиналатын жері болған.
Алғашында көптеген мешіттер ескі храмдар мен ескі сарайлар қирандысының орнында тұрғызылған. Саад Ибн Абу Ваккас Иранның ежелгі астанасы Ктесифон қаласындағы Ануширвон сарайының бір бөлігін мешітке айналдырған. Тарихшы Масуди деректері бойынша, Ирандағы отқа табынушылардың көптеген храмы мешіт ретінде пайдаланған. Исфахандағы мешіт аббасидтік халиф әл-Мансурдың заманында зороастрийлік храмның орнында соғылған. Ирандық Мәлік-шахтан (1073-1092 ж.) бастап, І-Тахмасп (1524-1576 ж.), кейінірек ІІ-Аббас (1642-1666 ж.) шахтардың ұдайы өзгеріс енгізуімен бұл мешіт архитиктурасы жағынан ирандық мешіт түрінің үлгісіне айналған [1, с. 188].
Шииттік сәулет өнеріне тоқталар болсақ, көптеген имам кесенелері мен мешіттер тамаша өнер туындылары болып табылады. Шииттердің негізгі төрт киелі қаласының екеуі Құм және Мешхед Иран жерінде болса, екеуі одан тысқары, көршілес Ирак жеріндегі, Неджеф пен Кербала қалалары саналады. Шииттік аңыз бойынша, Неджефтегі ежелгі Куфаның маңында бірінші шииттік имам – Әли жерленген, сондықтан осы қалада оның кесенесі тұрғызылған, ал Кербалада шииттердің екінші имамы Әлидің ұлы Хусейн жерленген. Құм қаласында қасиетті Фатима Ма’суменің кесенесі бар. Ол жетінші имамның қызы, сегізінші имам Резаның әпкесі саналады. Мешхед қаласында аты аталған сегізінші имам Реза жерленген.
Имам Әли жерленген кесене алтын күмбезі мен минареті бар Неджеф қаласындағы бірден-бір әсем мешіттердің қатарында. Әли мешітінің күмбезді бөлмесінің нақ ортасында Құраннан үзінділер жазылған ақ мәрмәр «құлпытас» қойылған, ол күмістен құйылып, қоршаумен қоршалған.
Кербала қаласындағы имам Хусейн мешіті архитектурасы жағынан Неджефтегі Әли мешітіне ұқсас. Кесененің ортасында имам жерленген құлпытас күміс қоршаумен қоршалған. Алтын күмбезі мен мұнарасының (минарет) басына ұмытылмайтын қайғыны білдіретін – қара жалаулар тігілген. Қаланың басқа бөлігінде Хусейнмен бірге қаза тапқан оның інісі – Аббас жерленген. Ол жерленген жерге де мешіт тұрғызылған, бірақ имам мешітіне қарағанда, қарапайым етіп соғылған [3, с. 71].
Имамдарға құлшылық ету, шииттік қасиетті жерлерге зиярат ету он екі имамдық (джафарилік) салт-дәстүр болып есептеледі. Шииттердің ең негізгі зиярат ететін орны ретінде аталған төрт қасиетті қалалары саналады. Бұндай жерлерге бару шииттердің пікірі бойынша, үлкен сауап әкеледі. Әли мавзолейіне келуші шииттер имам жатқан жердің күміс қоршауына еріндерін тигізуге тырысады. Осылайша, олар сырқатқа ем, жанға шипа іздейді. Жалпы, бұл көрініс барлық имам мавзолейлеріне тән. Әли жатқан жер қоршаудың төбесінен қашанда алтын, күміс әшекейлер, қымбат тастарды көруге болады. Бұл — шииттердің сыйы мен садақасы. Жергілікті тұрғындар Әли мавзолейінің астындағы үлкен қойма бөлмелерінде алтын, күміс ыдыстар, маржан сияқты қазыналар жатқандығын айтады. Неджеф қаласында шииттік ең үлкен бейіт бар, себебі қай елдегі, қай қаладағы шииттер болмасын алғашқы имам – Әли маңында жерленуді қалайды. Сондықтан бұл жердегі қарапайым молалық жерді тек ауқатты шииттер ғана сатып ала алады. Кербала қаласында аңыз бойынша, Хусейн өлтірілген жерден балшық өндіріліп, одан қыш тақтайшалар жасалады. Намаз оқығанда шииттер Хусейн қаны сіңген бұл тақтайшаны алдарына қойып, сәждеге жығылғанда маңдайларын тигізеді.
Иран шииттері көбіне, елдің ішіндегі Құм мен Мешхед қалаларына зиярат жасайды. Ал, Құм мен Мешхед қаласы маңында бұдан өзге бірнеше киелі деп саналатын кесенелер мен мазарлар бар. Оларға бару, аурудан айықтырып, байлық алып келеді деп сенеді шииттер. Статистика бойынша, діни мерекелер мени атаулы күндерде Мешхедте Иранның түкпір-түкпірінен және Шығыстың басқа елдерінен бір айда, 2-2,5 млн. зияратшылар жиналатын көрінеді. Ал бір Мешхедтегі имам Реза кесенесінде қызмет көрсету үшін үш мың адам жұмыс істейді.
Жалпы киелі шииттік қалалардан басқа, Иранда мешіттерімен және кесенелерімен атақты бірнеше қалалар бар. Мәселен, Казимейн қаласында жетінші имам – Мұса әл-Казим және тоғызыншы имам Мұхаммед ат-Таки жерленген. Ал Самарра қаласында оныншы және он бірінші имам кесенелері бар.
Иранда кесенелерімен, мешіттерімен атағы шыққан қалалар көп. Иран астанасының маңында Әли ұрпақтарының бірі – шах Әбд әл-Азим кесенесі бар, бұл да шиитік киелі жер деп саналады. Наср әд-Дин шах моласына да кесене тұрғызылған [3, с. 73].
Әдетте, мешіт қала немесе ауылдың ортасында, базарға жақын жерлерге салынады. Мешіт үйсіз, жарлы адамдар үшін немесе күнәсін ақтауға келген адамдар үшін түнейтін орын да бола алады.
Мешіттердің басым көпшілігі — таңдаулы көркем, өнер туындысы. Ортодоксальды ислам Құдайдың суретін салуға тыйым салғандықтан, адам мен жануарлар суретін салуды қолдамағандықтан мұсылмандарда ою мен әшекейлі өрнектерді бейнелеу жоғары дәрежеде дамыған. Тіпті, әртүрлі қалыптағы арабескиді айтпағанның өзінде, әріптермен бейнеленген сурет кереметтігі ерекше. Көбіне, ондай бейнелеуде Мұхаммед пайғамбардың үндеуі, Құраннан үзінді, Алланы, пайғамбарды, имам Әлиді мадақтайтын өлең жолдары кездеседі.
Шииттердегі бір ерекшелік – қасиетті Мариям, Мұхаммед пайғамбар, имам Әли бейнеленген ескі суреттердің болуы. Жалпы шииттік діндарлар қасиетті адамдар суретін бейнелеуді жақтамаса да, сүнниттермен салыстырғанда, бұған жеңілірек қарайды. Бұл исламға дейінгі зароастрийлік мәдениеттің ықпалынан деп болжам жасауға болады.
Мүмкін бұл шииттік емес, исламға дейінгі дәстүрдің сақталынуы болар, дегенмен, басқа (сүнниттік) мұсылман елдерінде бұл үрдіс байқалмайды. Бұл жайлы «Бейнелеу өнерінің тарихы» атты кітапта мынадай пікір айтылады. «Ислам құдайларды бейнелеуге қатаң тыйым салады, құдайлардың мүсінін сомдау Құранда «сайтанның ісі» деп аталған. Тірі жанның суретін салуды мұсылман ортодокстары қолдамайды, бұл белгілі хадисте де орын тапқан: «Тірі жанның суретін салған адам бақытынан айырылады. Қиямет күні ол адамнан рухтың суретін салу талап етіледі, ол рухты бейнелей алмайды». Дегенмен, діндарлардың бұл талабы суретшілер тарапынан орындалып жатты деп айту қиын. Осылайша, суретшілер исламға дейінгі византиялық, ирандық шеберлердің дәстүрін жалғастырды» [4, с. 77].
Иран Араб халифатының құрамына ене отырып, Қайта Өркендеу дәуірін басынан кешірді. Бұл дәуір Иран тарихында алтын дәуір саналады. Иран жеріне араб жаулауы игі әсерін тигізе отырып, әлемге ұлы Рудаки, Дакики, Беруни, Хайям, Руми, Сағди, Хафиз есімдерін алып келді. ІХ-ХІV ғасырлар арасында Иран Өрлеу кезеңін басынан кешіріп қана қоймай, парсы өркениеті мұсылман мәдениетінің дамуына ықпал ете алды. Иранның ортағасырлық бай мәдениетінен тек әдебиетте ғана емес, сәулет өнерінде де бағалы мұра сақталған. Бұл — теңдесі жоқ мешіттер мен имам кесенелері, тоқталып өткен Нежефтегі Әли мазары, Кербаладағы Хусейн кесенесі, Құм қаласындағы Фатима Масуменің жатқан жері, Мешхедтегі имам Реза мешіті архитектуралық өнер туындыларының аз бөлігі ғана. Бұл шииттік қасиетті ғимараттар жер-жердегі шииттердің зиярат етуге келетін, Алладан медет тілейтін орындары ғана емес, парсы әдеби мұрасы сынды әлемдік мәдениетке Иранның тарту еткен құнды сыйы деп қабылдауымыз қажет.
Ұзақ уақыт бойы Ұлы Жібек жолы Иран мен Орта Азияны жалғастырды, әрі көптеген халықтардың тарихы мен мәдениетін бір-біріне тасымалдады. Дегенмен, Жібек жолының нақ ортасында иран өркениеті тұрды. Парсы тілінің, иран мәдениетінің, ғылымы мен білімінің басқа елге таралуы осылай жүзеге асты. Мәдени қатынастардың өрлеуі исламдық мемлекеттердің қалыптасу кезеңіне сай келеді. Бұл кезеңде Ұлы Жібек жолы бойына орналасқан қалаларда үлкен кітапханалар бой көтерді, мұсылмандық, грек және қытай ғылыми орталықтарымен дерек алмасу ұлғайды. Осылайша, Орта Азия елдерінде де иран мәдениеті орын ала бастады. Бүгінде Орта Азия халықтары тілдерінен көптеген парсы сөздері мен терминдерін кездестіруге болады. Бұл аймақ мұражайларында кездесетін әдеби ескерткіштер көбіне, парсы тілінде жазылған.
Солтүстік Қазақстаннан өзге Орта Азияның басқа жерлеріндегі ескі заманғы көптеген ғимараттарда иран архитектурасы мен өнерінің іздері сақталған. Бұхара мен Самарқандағы мешіт пен медреселер, Оңтүстік Қазақстандағы ежелгі кесенелер және ондаған басқа да ғимараттар иран сәулеті мен стилі негізінде салынған. Бұл ғимараттар әшекейіне көбіне, иран есімдері жазылған.
Ирандықтар ислам дінін таратуда маңызды рөл атқара отырып, өз тілі мен мәдениетін қатар таратты.
Өзбекстанда көптеген исламдық дәстүрлерді халық парсы тілінде жүзеге асырады. Мысалы, қайтыс болған адамға жаназа парсы тілінде оқылады.
Шаһ Аббас сарайы, Ұлықбектің астрономиялық күнтізбесі, Тоғрал мұнарасы, Қашғардағы мешіт, Самарқандағы Регистан алаңы, Әмір Насыр Самани кесенесі, шейх Лотфулла мешіті, Оңтүстік Қазақстандағы Отырар қаласының қалдықтары, шейх Сафи-ад-Дин Ардабили кесенесі, Афрасиаб төбесінен табылған саз құмыралар және Ұлы Жібек жолынан аршылған мыңдаған басқа да ескерткіштер әр халықтың жеке тарихынан өзіндік орын алғанымен, әлем тарихына, жалпы иран-исламдық негізбен енгізілген. Орта Азияның көптеген халықтарының исламдық діни дәстүрлерінде арабша эквиваленттерінің болуына қарамастан, көп мөлшерде парсы сөздерінің қолданылуы ирандықтардың байланыстырушылық әрекетіне байланысты болды [5, с. 15].
Көптеген зерттеушілер, Орта Азияның жергілікті халықтарының түбегейлі танысқан мәдениеті нақ иран мәдениеті екендігіне кәміл сенеді. Атақты қазақ жазушысы Мұхтар Әуезовтың көптеген әдеби еңбектері мен мақалаларынан қазақ халқы ертеректен парсы дастандарымен таныс екендігін білуге болады.
Ирандық білім жүйесі ықпалының арқасында XV-XVІІ ғасырдағы Орта Азия халықтарының тарихын жылнамашылар парсы тілінде жазды.
Туысқан халықтардың ортақ тарихи, мәдени тамырын, ғалымдар мен ақындар туындыларын ұлттық негізден сараптай отырып ұғынуға болады. Олардың басым көпшілігі бір иран-исламдық мектепке арқа сүйегенін атап өткеніміз жөн. Орта Азия республикаларының құрметті ақындары мен ойшылдары саналатын Мақтымқұлы Фраги, Әлішер Науаи, Садриддин Айни және Абай Құнанбаев өздерін иран ақындарының шәкірті санап, олардың көзқарастарын ұстанған. Орта Азияның барлық халықтары атақты иран ақындары Хафиз, Фирдоуси, Сағди, Хайям есімдерімен таныс.
Иран мәдениеті ықпалының күшті болғаны соншалық, Орта Азиядағы түркі басшылары оған тосқауыл қоя алмады. Кей жағдайларда түркі билеушілері иран мәдениеті мен өнерінің кеңеюіне мүмкіндік туғызып отырды. Орта Азиядағы бүгінгі кейбір жазушылар деректері, Әмір Темірдің көптеген ғимараттарды, соның ішіндегі Қожа Ахмед Иассауи кесенесін тұрғызу кезінде Иран сәулетшілері мен шеберлерін шақырғандығын айтады.
XVІІІ — XІX ғасырлардағы Ресей ықпалының күшеюімен, әсіресе, XX ғасырда Кеңес Одағының құрылуымен Иран мен Орта Азия арақатынасында тоқырау байқалды. Кей авторлардың пікірі бойынша, Орта Азияда иран мәдениеті мен дәстүрлерінің сақталуы күшті болғаны соншалық XІX ғ. аяғы мен ХХ ғ. басында әлемдік дәрежеде орыс мәдениетінің таралуына кедергі келтірген [5, с. 17].
Пайдаланылған әдебиеттер
1. Зарринкуб А.Х. Исламская цивилизация. – М.: Андалус, 2004. — 237 с.
2. Дорошенко Е.А. Шиитское духовенство в современном Иране. – М.: Наука, 1985. — 230 с.
3. История художественной культуры: Арабо-мусульманский мир. Китай. Япония / Под ред. В.И. Шейко, А.А. Говрюшенко, А.В. Кравченко. – Харьков: ХГАК, 1999. — 200 с.
4. Санаи Мехди. Взаимоотношения Ирана и стран Центральной Азии. – Алматы: Ақыл кітабы, 1997. – 144 с.