АНАКСАГОР

АНАКСАГОР
(шамамен б.д.д. 500 – 428 ж.ж.)

— көнегрек философы, математигі әрі астрономы, Афина философиялық мектебінің негізін қалаушы.

Шығармалары:

«Табиғат туралы» және т.б.

Философиялық көзқарастары:

Анаксагордың пікірінше, алғашқы бастама төртеу емес, сан жағынан шексіз көп және ол заттардың барлық жағдайын қамтиды. Бастама зат күйіндегі, су, алтын, т.б. емес, ол (бастама) – от, су, алтын, т.б. заттардың кішкентай, көрінбейтін, сезінуден тыс жатқан бөлшектері, оларды Анаксагор «барлық заттардың тұқымы (ұрық)» — деп, ал Аристотель оны «гомеомерия» деп атаған. Гомеомерийдің әртүрлі өзіне тән сапалық қасиеттерін сақтайды. Мысалы, қанның тұқымы (ұрығы) қанға тән барлық сапамен, темірдің ұрығы – темірдің сапасымен, ағаштың ұрығы – ағаштың сапасымен, т.б. ерекшеленеді. Сапалар мәңгі және өзгермейді.
Заттардың ұрығы алғашқыда бір-бірімен тәртіпсіз орналасып, әлемде хаос болған. Кейін келе заттардың ұрығын тәртіпті қозғалысқа түсірген «Әлемдік нустің» (әлемдік ақыл) арқасында әрекетті бөлшектер бір-бірінен бөлініп, ал біртектілері қосылып, жекелеген сезімдік заттар пайда болады. Нус – жұқа, жеңіл зат, ол өзі жарататын заттар әлемінде тұратынына қарамастан, олармен араласпайды, себебі оның басқа заттармен қосылу мүмкіндігі жоқ. Ешқандай денелер басқаша жолмен пайда болмайды және жойылмайды, олар тек бар заттардың қосындысынан пайда болып, ал олардың бөлінуінің арқасында сол зат ретінде жойылып, бөлшектерге айналып, кейін олар қайтадан қосылып, басқа зат болып, т.б. сөйтіп шексіз дами береді. Мысалы, ауыр, дымқыл тығыз бөлшектер әлемнің ортасы. Онда жиналып, олардан Жер пайда болса, жеңіл, жылы, құрғақ бөлшектер ауыр бөлшектерден бөлініп, жоғары көтеріледі де, олардан Аспан әлемі пайда болады. Аспанда ылғи қозғалыста болатын тастар бар, сол қозғалыстың арқасында олар құламайды, егер Аспан өз қозғалысын тоқтатса, онда ол Жерге құлап түсер еді, ал Аспан өз қозғалысын бәсеңдеткенде, ондағы тастар Жерге құлап түсіп жатады. Ай да Жер сияқты, онда да жазықтық, тау-тасты жерлер бар, ол өзіне жарықты Күннен алады, ал Күн болса, ол балқыған темір мен жанып тұрған тастардан тұрады, аумағы жағынан Пелопонестен аз-ақ үлкен. «Тіршіліктің ұрығы» жоғарыдан (Аспаннан) Жерге жауын (жаңбыр) арқылы түседі. Тіршілік ұрығы гомеомерийдің бір бөлігі ғана.
Анаксагордың пікірінше, заттарды қарама-қарсы қасиеттерінен танып-білуге болады. Мысалы, салқын-жылу арқылы, тәтті-ащы, т.б. Бірақ сезім мүшелері, соның ішінде түйсік бізге ақиқатты ашып бермейді, себебі гомеомерийді сезім мүшелері арқылы танып-білу мүмкін емес, оны тек ақыл-ой арқылы тани аламыз. Білім бізге бостандыққа жетуге мүмкіндік береді.

Философиялық афоризмдері:

 Барлық нәрсенің құрамында бәрінің бөлшегі бар.
***
 Адам қолы бар болғандықтан хайуанаттардың ішіндегі ең ақылдысы болып табылады.
***
 Күн дегеніміз – құдай емес, лаулап жанған алып жартас.
***
 Аспан дегеніміз толған тас, қатты айналым нәтижесінде бірін-бірі ұстап тұр. Егер қозғалыс сәл саябырласа, аспан жерге құлап түседі.
***
 Әрбір зат құрамында не басым болса, соның атымен аталады. Мысалы, заттың ішінде алтын көп болғандықтан бізге алтын сияқты боп көрінеді, бірақ оның құрамында бәрі де бар.
***
 Барлық зат бірге болған, Ақыл оларды бөліп, ретке келтірді.
***
 Эллиндіктер «жаратылу», «жойылу» деген сөздерді дұрыс қолданбайды. Өйткені, дүниеде ешқандай зат жаңадан пайда болып, не жойылмайды, бірақ әрқайсысы бар заттың араласуынан қосылып не бөлініп шығады.
***
 Сезінуіміздің әлсіздігінен ақиқатты танып-білуге дәрменсізбіз.
***
 Әрбір зат өзінше әрі үлкен, әрі кішкене.
***
 Үлкеннің де, кішінің де бөлшек саны бірдей.
***
 Тірі жан иесі сияқты табиғатта да ақыл-сана бар, әлемге билік құрып, тәртіпке келтіріп тұрған сол.
***
 Өсімдіктер де тірі жәндік. Олардың да сезімі бар, қайғырып, қуанады. Оны жапырақтардың қозғалысынан білуге болады.
***
 Жан мәңгілік.
***
 Адамның барлық әрекеті кездейсоқтықтан туындайды.
***
 Ақыл дегеніміз – Құдай, Құдай дегеніміз де – Ақыл.
***
 Сезім – алдамшы. Су бізге мөлдір сияқты елестейді, ал шын мәнінде ол қара: өйткені, ағаштың суынан шыққан түтін қара емес пе. Сондай-ақ, қар да бізге ақ боп көрінеді, ол судан пайда болады, ал қардай аппақ суды кім көріпті?
***
 Бос кеңістік деген атымен жоқ.

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *