ЗЕНОН ЭЛЕЙСКИЙ
(шамамен б.д.д. 490 – б.д.д.430 ж.ж.)
— көнегрек философы, Парменидтің шәкірті. Элейде туып-өскен. Философия ғылымында өзінің апорияларымен танымал.
Философиялық шығармалары:
«Философтарға қарсы», «Табиғат туралы», т.б. Бұл еңбектері толық сақталмаған, бізге тек фрагмент түрінде ғана жеткен.
Зенон Парменидтің болмыс туралы пікірін дәлелдеуге тырысады. Егер Парменид өз дәлелін болмыстан аяқтаса, Зенон керісінше, өз дәлелін көзге көрінетін, ақиқатқа жатпайтын әлемнен бастап, болмыс әлемін қарастырумен аяқтайды. Оның пікірінше, физикалық әлем қарама-қарсылыққа толы, сол себепті ол ақиқатқа жатпайды, нағыз біздің түйсінуімізден тыс жатқан әлем, ол – болмыс.
Философиялық көзқарастары:
Болмыстың жалқылығын және біртұтастығын Зенон өзінің атышулы тәсілі «эпихейрема» арқылы дәлелдемек болады. Бұл тәсілдің мәні – «тікелей дәлелдеу тәсілінің орнына, кері бұрмалап дәлелдеудің негізінде қарсыластарының пікірін абсурдтық жағдайға әкелу арқылы, оған өзінің бұрынғы айтқан пікіріне шексіз көп заттар өмір сүретін болса, онда олар шындығында қанша болса, тура сонша болулары керек (аз да емес, көп те емес). Ал енді олар қанша болса, сонша заттар болса, онда шексіз көп заттар өмір сүрсе, онда болмыс та сан жағынан шексіз».
Екінші эпихейремда былай делінеді: «Егер болмыс шексіз көп болса, онда ол үлкенді-кішілі болып бөлінулері керек. Үлкен болғанда, соншалықты шексіз үлкен, ал кіші болғанда, соншалықты мөлшерсіз кіші болуы мүмкін. Ал егер шексіз көп заттар бөлінбейтін болса, онда олардың мөлшерлері жоқ болғандығы. Себебі ол заттар шексіз кіші. Ал егер олар бөлінбейтін болса, онда олар таусылмайтын бөліктерден тұрады да, шексіз үлкен болады.
Дүниеде бар нәрсенің мөлшері болады, ал мөлшерлі нәрсенің денесі болады. Егер бөлшектері жоқ нәрселер өте мәнсіз құбылыс болса, онда сол бөлшектенбейтін және өте мәнсіз құбылыс – Парменид айтқан біртұтас, жалқы болмыс», — деп дәлелдейді Зенон.
Болмыстың қозғалмайтындығын Зенон өзінің «Дихотомия» (ортасынан қақ бөлу), «Ахиллес және тасбақа», «Жебе», «Стадион» деген апорияларына (шешілмейтін, лажсыз жағдайлар) сүйеніп дәлелдемек болады.
«Дихотомия» деген апориясының мазмұны мынадай: қозғалыс бастала алмайды, себебі қозғалыстағы зат жолының аяғына жеткенге дейін сол жолдың жартысын өтуі керек, бірақ сөйтіп шексіз кете береді. Басқаша айтқанда, бір нүктеден екінші нүктеге жету үшін саны шексіз нүктелерден өтуі керек, ол мүмкін емес. Бұл апорияның мағынасы мынада: шексіз кішкентай кескінділер нольге ұмтылады, бірақ өшпейді, оған жете алмайды.
Екінші апорияда желаяқ Ахиллес жайбасар тасбақаға жете алмайды, себебі Ахиллес тасбақа қозғалыс бастаған нүктесіне жеткенде, тасбақа өзінің жылдамдығы Ахиллестің жылдамдығынан қаншама аз болса да, өз жылдамдығына сәйкес жол жүріп, алғашқы нүктеден алыстайды, сөйтіп, шексіз кете береді. Мағынасы мынадай: шексіз азая беретін интервал нольге ұмтылады, бірақ оған жете алмайды.
Үшінші апория бойынша, ұшып келе жатқан жебе тыныштықта болады, себебі қозғалыстағы дене әр уақытта да өзіне пара-пар орын алады, басқаша айтқанда, сол орында әр моментте тыныштықта болады, сондықтан ол тіпті қозғалмайды. Себебі қозғалыс тыныштықтың қосындыларынан тұруы мүмкін емес. Төртінші апория да осыған ұқсас.
Бұл апориядан шығатын қорытынды: Зенон элеаттардың ойлау мен болмыстың тепе-теңдігі туралы тезистеріне сүйене отырып, түйсіне алатын әлемдегі заттардың қозғалысын емес, тек қана ойлау әлеміндегі қозғалысты жоққа шығарады. Басқаша айтқанда, Зенон қозғалыстың бар екеніне күмән келтірмейді, бірақ сол қозғалысты ақыл-ой арқылы бейнелеу қайшылықты сипатта болғандықтан, қозғалыс туралы сезім мүшелері берген мәліметтердің ақиқаттығына күмәнданады. Зенонның қойған біртұтастық пен шексіз көптік, қозғалыс пен тыныштық сияқты мәселелері ғасырлар бойы талай ғұламаларды ойландырып, олардың философиялық ізденістеріне ой түрткі болды.
Философиялық афоризмдері:
Екі құлақ пен бір тіл көп тыңдап, аз сөйлеу үшін берілген.