ПАРМЕНИД

ПАРМЕНИД
(шамамен б.д.д.540 немесе б.д.д.520 – шамамен б. д.д.450 ж.ж.)

— көнегрек философы және саяси қайраткері.
Аңыз бойынша, оның философиямен айналысуына Аминий деген пифагоршыл себепші болады. Парменидтің саясатқа да араласып, өз қаласының қоғамдық тірлігін реттеу үшін заң шығарғаны да мәлім. Болмыс және таным мәселелерімен айналысты, сондықтан оны «онтологияның атасы» деп те атайды. Ақиқат пен субьективтік пікірді бөліп көрсетті. Элей мектебінің негізін қалаушы.

Философиялық шығармалары:

«Ахиллес» болатын, бірақ ол бізге дейін жетпеген. Өзінің философиялық көзқарастарын «Табиғат туралы» поэмасында білдірді.
Парменидты фюсис философиясының шеңберінде табанды өзгеріс жасаған, оны жаңашыл философ деп атауға болады.
Парменидтің қарастырған мәселелері болмыс пен бейболмыстың арақатынастары, болмыстың ақыл-ойға қатынасы. Бұл екі мәселенің екеуін де тек ақыл-ой арқылы шешуге болады. Ақиқатқа тез жету үшін ақыл-ой көптеген тор мен тосқауылдарға тап болуы мүмкін. Бірінші күтіп тұрған тосқауыл – бейболмыстың бар екенін мойындау, ал мойындағаннан кейін, ол қажетті түрде бар болып шығады. Екіншісі – бір мезгілде болмыс пен бейболмысты бір-бірімен тепе-тең және тең емес деп жорамалдау. Бұл екі тосқауылдың екеуі де бізді ақиқатқа жеткізбейді. Себебі бір баста бірін бірі жоққа шығаратын екі тезис болуы мүмкін емес. Сондықтан не болмыс пен бейфболмысты тепе-тең деп немесе олар тең емес деп жорамалдау керек. Ал бейболмыстың өзін бар деп санау да қайшылыққа әкеп соқтырады, себебі бейболмыс дегеніміздің өзі – болмыс. Бұл жерде Парменид кейінірек Аристотель ашқан ойлау қабілетінің ең басты заңы — қарама-қайшылық заңын ашуға жақын қалды.

Философиялық көзқарастары:

Парменидтің пікірінше, болмыс пен бейболмыс тең емес, басқаша айтқанда, болмыс нақты өмір сүреді де, бейболмыс деген жоқ нәрсе. Осы пікірін Парменид дәлелдеуге тырысады. Айта кететін бір жайт, Парменидке дейін философтар өз тезистерін дәлелдеуден гөрі метафорамен немесе ұқсастық тәсілін қолдану арқылы (салыстыру арқылы) негіздеуге тырысатын, ал Парменид бірінші болып өз тезисінің дұрыстығын дәлелдеуге көбірек көңіл бөлді.
Парменидтің ойынша, бейболмыстың болуы мүмкін емес, себебі оны танып-білуге және оны сөзбен жеткізуге болмайды. Басқаша айтқанда, нақты өмір сүрмейтін нәрсені (бейболмысты) түсінуге де, ойлауға да болмайды. Енді бұл дәлелдің өзін дәлелдеу қажет. Осыдан келіп, Парменид болмыс пен ойлаудың арақатынасын қарастырады. Оның пікірінше, болмыс пен ойлау процесс ретінде де, олардың жемісі ретінде де тепе-тең. Бұл тезисті, заттар мен ойлаудың өз алдына жеке өмір сүретін құбылыстар екенін мойындай отырып, ой затталынған (яғни материалданған ойдың бір затты ойлауға бағытталуы) кезде ғана ой болады деп түсінуге, ал зат тек ойланылған кезде ғана зат болады деп түсінуге болатын сияқты. Осыдан келіп, Парменидше: егер бейболмыс нақты бар деген ой бар болатын болса, онда осы ойда ойланылатын бейболмыстың бар болғандығы, бірақ ол бейболмыс күйінде емес, болмыс күйінде өмір сүргендіктен, осыған дейін бейболмыс туралы ойлаған ойымыздың бәрі болмыс туралы ой болып шығады.
Бейболмыс болғандықтан, болмыс жалқы, біртұтас және қозғалмайды. Болмыстың өткен кезеңі де, болашағы да жоқ, ол өзгермейді. Сөйтіп, Парменид болмысты қалыптасудан, жалқыны көптүрліліктен бөліп алып, нағыз ақиқат дегеніміз осы дейді. Әлемнің физикалық қасиеттеріне тоқтала келіп, ол От (жарық) пен Жердің (тұңғиық, қараңғы) арақатынасын қарастырады. Афродита космостың орталығында тұрады да, әлемді сол жерден басқарады. Мысалы, ол жандардың қозғалысын реттеп, бірде оларды көрінетін әлемнен көрінбейтін әлемге жіберсе, енді керісінше жібереді. Бұл жерде көрінетін және көрінбейтін әлемді болмыс және бейболмыспен салыстыруға болмайды, себебі бұл екеуі де әлемнің бөлшектері ғана. Эросты алсақ, ол қарама-қарсылықтарды біріктіріп, бір-бірімен байланыстырады (мысалы, жарық пен қараңғы түнекті, жер мен отты, еркек пен әйелді, т.б.).

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *