А.СЕЙДІМБЕК ШЫҒАРМАЛАРЫНДАҒЫ ТҰРАҚТЫ ТІРКЕСТЕРДІҢ
ҚОЛДАНЫЛУ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ

А.СЕЙДІМБЕК ШЫҒАРМАЛАРЫНДАҒЫ ТҰРАҚТЫ ТІРКЕСТЕРДІҢ
ҚОЛДАНЫЛУ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ
Мажитаева Ш.М., ф.ғ.д., профессор,
Сейтім А., магистрант,
Е.А.Бөкетов атындағы ҚарМУ
Көркем шығармаға қойылатын талаптар өте көп, соның ең бастысы – тіл шеберлігі деген сөз. Әрбір жазушының өзіндік ерекшелігі, кейіпкерлері мен образдары, тақырыбы мен идеясы – барлығы да оның тілі арқылы көрінеді.
Көркем әдебиет стилі немесе көркем сөз – ойды және сезімді образ арқылы бейнелейтін айрықша өнер. Тіл көркем шығармада ерекше эстетикалық қызмет атқарады.
Іс-әрекет, жай-күйді баяндауда, құбылысты сипаттауда, адам бейнесін сомдауда, кейіпкер тілін сөйлетуде – қысқасы, жалпы сөз қолданысында, сөздік құрамымыздың барлығын еркін де тиімді пайдалану қай автордың болмасын басты міндеті болып саналады. Лексика-семантикалық топтардың қолданылу сипаты негізінде әр авторда әртүрлі.
Лексика-семантикалық қабаттарды, тұрақты тіркестер мен мақал-мәтелдерді, тілдік көркем құралдарды ұтымды пайдалана білген жазушылардымыздың бірі Ақселеу Сейдімбек. Оның әр шығармасында өзіндік тың тіркестері мен сөз қолданыстары айқындалып, сөздердің теориялық та, лингвостилистикалық та мәні айқын ашылған [3, 95].
Көркем шығарма тілінің көпшілік мойындаған бір құндылығы – автордың онда мақалмәтелдерді өз орнымен қолдануы.Өйткені мақал-мәтелдер – мазмұны бай, көлемі шағын, тілі көркем халық шығармасы, белгілі бір халықтың қоғамдық тіршілігін, табиғат құбылысынан жасаған қысқаша қорытындысы, әлеуметтік және адамдар арасындағы қарым-қатынастарды белгілейтін заңы, кодексі, жас ұрпақты тәрбиелейтін өсиеті, насихаты, оқулығы.
Тіл көркем шығармада оның мазмұнын бейнелеп, жарыққа шығарушы құрал. Көркем шығарма мазмұн мен форманың бірлігінен тұрса, тіл сол формалық элементтің қатарына жата тұрып, бейнелі мазмұнның құрамды элементіне айналады.
Басқа қатынастарда тіл өзінің әдеттегі, негізгі қызметін (коммуникативтік) атқарса, көркем шығармада оның үстіне эстетикалық қызмет атқарады. Оның қалайша жүзеге асатынын зерттеу – көркем әдебиет стилистикасының міндеті.
Көркем шығарма тілі сияқты күрделі, біртұтас дүниеге тұтастық тұрғысынан келгенде ғана оның мәнін, қыр-сырын анықтауға болады. Көркем шығарма тілін осылай зерттеуге «автор бейнесі» және оны түзеуге тікелей қатысы бар шығарманың «баяндау құрылымы көмекке келеді».
«Автор бейнесі» шығармадағы барлық тілдік құралдарды, стильдік құбылыстарды бір тілдік көркемдік жүйеге біріктіріп тұрушы орталық стилистикалық-эстетикалық категория, ол – шығарманың ішкі бірлігі мен сыртқы тұтастығының арқауы. Сондықтан автор бейнесінің тілдік құрылымын, жасалу жолдарын, түрлерін анықтау көркем әдебиет силистикасының көптеген мәселелерін шешуге алып келеді [2, 87].
Зерттеушілер жазушы көркем шығармадағы жалпыхалықтық тілдің негізгі сөздік қорын, сөздік құрамын, тілдегі мақал-мәтелдерді, шешендік сөздерді, қанатты сөздерді қаншалықты, қалай пайдаланады, оларды қаншалықты, қалай байытты, ұстартты, оның сол байыту, ұстартуы қаншалықты заңды, жарастықты, соны тексереді. Өйткені тіл көркем шығарманың негізгі элементтерінің бірі, жазушының негізгі құралы.
Адам ойын, сезімін, әсерін, ісін жазушы осы арқылы бейнелейді. Ол өз шығармасында тілдің негізгі сөздік қорыншебер пайдаланып, сөздік құрамға әсер етіп, тілімізді жаңа сөз өрнектері арқылы байытып, дамытып отыруға тиіс.
Қай сөздің қаншалықты көркемдік деңгейіне көтерілуі оның лексикалық мағынасы мен
Қазақ әдебиеті кафедрасының 50 жылдығы, ф.ғ.д., профессор Ж.Қ.Смағұловтың Ж.Қ.Смағұловтың 60 жылдық мерейтойы
жазушының рухани өресіне байланысты. Сондықтан әрбір жазушының өзіндік сөз қолданысы болады.
Қай халықтың болмасын ғасырлар бойы қалыптасып, көпшіліктің жадында сақталып, ұрпақтан-ұрпаққа мұра болып келе жатқан мақал-мәтелдер мен даналық сөздер мыңдап артылады
[1, 86].
Тұрақты тіркестердің А.Сейдімбек, О.Бөкейдің повестеріндегі инварианттарды кейіпкер бейнесін, оқиғаны нақтыландыруда, психологиялық жай-күйді танытуда кеңінен еркін қолданғаны көрінеді және авторлар бірнеше мақал-мәтелдерді, тұрақты тіркестерді қатар қолданып, сөйлемнің эксперссивті-эмоционалды реңкін күшейтіп, оқиғаны «қалыңдата» жеткізген.
Ақселеу Сейдімбек шығармаларында мақал-мәтелдер көптеп кездеседі. Мысалы:
– Шырағым, «Қарамаса қатын, бақпасамал кетеді» демеп пе еді бұрынғылар(Аққыз,).
Аталған мысалда автор шығарма кейіпкері Көріктің күйінішін беру мақсатында осы мақалды қолданып отыр.
Тағы да осы бір қиялдай тәтті ойын сабақтай түсіп «Несі бар, ел көрсін, жер көрсін, өзіне лайық жолдас тапсын, жар тапсын, «Жетім қозы тас бауыр, маңырар да отығар» дегендей, алаңдайтын кімі бар?
Не болмаса:«Шын жыласа соқыр көзден жас шығады» дегендей, адам шын қуанғанда нәресте де мәнзелдес боп кете мей деймін (Бір атым насыбай).
Кетерінде Түнқатардың айтқаны «Адамның басы – Алланың тасы», тағдыр ұяларының бұзылмай, ұяларыңның бұзылмай тұрғанын көруге жазсын (Бір атым насыбай)
– Аңшылықты көп кәсіп еткен қазақ аталарың «Түлкі түгінен жазған» деп дұрыс айтқан ғой (Зерде) [4, 85].
Тұрақты тіркестер – әдеби тілдің ілгері даму барысында қалам қайраткерлерінің әрекеті арқылы жанданған әсем кестелер. Олар – сөз зергерлерінің ой-түйінін ықшамдап аңғартатын жинақылықтың үлгісін көрсететін көркемдік құрал.Тұрақты тіркестерді қай жазушы болса да өз шығармасында қажетіне қарай қолданады»,-деп ғалым М. Серғалиев айтқандай, көркем прозадағы фразеологизмдерді С. Жүнісов, Д. Исабеков, О.Бөкей, А. Сейдімбеков, Б. Нұржекеев өз туындыларында халық тілінің бай қазынасынан көркем сөздің алуан түрлі өрнектерін мақсатты ойларына лайықтапалып отырғандығынбайқаймыз [1, 78].
Фразеологизмдердің тіліміздің бай да оралымды әрі аса қымбат қоры екені, оның семантикалық ауқымдылық жағынан да, тұлғалық, мағыналық, тұрақтылық жағынан да, стиль тұрғысынан да өзіндік ерекше тиімді сыр-сипаттары мол қазынамыз екені бәрімізге белгілі.
А. Сейдімбек шығармаларында қолданылған фразеологизмдерді стильдік қызметі бойынша былайша топтастыруға болады:
1) кейіпкерлердің ішкі сезімдерін айқындау (қаны басына шығып, беті бүлк етпей) 2)кейіпкерге портрет жасап, мінездеме беру (бүркіт тұмсық, қапсағай денелі); 3)бейнелілікті күшейту мақсатында қолданылған фразеологизмдер [2, 59].
Автор жұмсаған фразеологизмдердің айшықты бояуы күшті, экспрессивті мәні басым, кейіпкер қасиетін дөп басып, дәл бейнелейді. Бұл секілді суреттемелер оқырманға эмоциялық әсер туғызбай қоймайды және де тіл байлығын ұштауда, мәнерлі де бейнелі тіркестермен сөйлеуде фразеологизмдер сөзді жандандырып, тілге өткірлік сипат береді.
А.Сейдімбектің «Аққыз» деп аталатын шығармасында фразеологизмдер өте көп кездеседі. Мысалы:
– Шын сөзім, Таймас ауылының төбесін көріп қайтқым келіп, жүрегімнің алып-ұшып тұрғаны, — деп Тұрсын өзеурей түсті, немесе
– Таймас ақсақалдың ауылы, түбіт мұрт жас жігіттің үні де, қимылы да іші-бауырына кіргендей сыпайы-ақ [4, 112].
Ұлттық нышандардың сақталу тәсілдері «мәдени кодтар» деп аталады. Бұл кодтардың көрінер тұсы – топонимдік атаулар мен тарихи тұлғалар аттары ғана емес, сонымен қатар күнделікті тұрмыста қолданылатын ұлттық атаулар. Осы аталған фразеологизмдер Ақселеу шығармаларында көптеп кездеседі. Мәселен, қас қарайғанша, кеш батқанша, түн жарымда және т.б.
«Жарықтықтың қарны ашып, өзегі талған шығар»,- деп қойды арасында күбірлеп деген мысалда автор эмоциялық әрекетті білдіру мақсатында осы фразеологизмді тиімді қолдана білген.
«ТӘУЕЛСІЗДІК ЖӘНЕ ҰЛТТЫҚ ӘДЕБИЕТТАНУ ҒЫЛЫМЫ» атты республикалық ғылыми-практикалық конференция
Бір күні ойда жоқта сарыжалдың иекартпа дөнесі дүр ете қалды да, алды-арты тартқыш жеңіл машинамен партком секретары Төлеп пен бөлімше меңгерушісі Диқан келе қалды көсегесі көгеріп (Ақиық) деген мысалда «көсегесі көгеріп»деген фразеологизм адамның көңіл-күйін, көзқарасын, әртүрлі эмоциялық әрекетін білдіретін культтік фразеологизмге жатады.
Қатал табиғат аясында азды қанағат етіп, дені таза өскен Ақиық маңызды тамақпен қоректенгелі жылдам ет алып, қондана бастады (Ақиық).
Фразеологизмдер А. Сейдімбек шығармаларындағы қолданысына және фраза-семантикалық өрістеріне қарай былайша сараланады:
Синонимдес фразеологизмдер: Ымырт үйіріліп, көз байлана ауылдың екі-үш жылқышысы құрықтарын шошайтып атқа қонды (Аққыз). Берілген мысалдағы ымырт үйіріліп, көз байлана деген сөздер синонимдес фразеологизмдер.
Өзі секілді сары тісті шалдар тырбанып, біреуін екеу етіп, жоқты бар ғып, отын-су, мал-жан деп басын тау-тасқа соғып жүргенде, ол кісі жаратылысындағы біртоға, сабыр күйінен таңбайды (Қақпаншы). Біреуін екеу етіп, жоқты бар ғып деген фразеологизмдер лексикалық синонимдермен салыстырғанда, семантикасына және іргелес қолдануына қарай әлдеқайда ауқымды және сонысына қарай бейнелі. Берілген фразеологизмдер ерекше градациялық ыңғайда сипатталуынан сөйлем айрықша дәлдікке, әсерлікке ие болып тұр.
Антонимдес фразеологизмдер. Рамазан мерген болса, «Енді өзің емес пе, тірідей көміліп жаман ырымды бастаған» деп қара жердің күл-талқанын шығарады да, біраздан соң түк болмағандай, дінаман үйіне оралды (Рамазан мерген). Күл-талқанын шығару және дін аман деген фразеологизмдер бұл сөйлемдерде қайшы мағыналы, іргелес қолданылған тіркестер бейнеленген көріністерді көз алдымызға соншалықты айқын да дәл жеткізуге қызмет етіп тұр.
Сонымен қатар кейіпкер тілінде, портретінқолданылған фразеологизмдер бар. Мәселен, Бұл келе жатқан жолаушылардың өздерді де екі иықтарына екі кісі мінгендей, сайдың тасындай сақа жігіттер болатын (Аққыз).
– Лашын, лашын ғой мынау! – деді жасы елуді қусырып қалған егде адам жас балаша елбіреп, – Қайран сұңқардың тұқымы-ай, ә!(Табысу).
Жазушы шығармаларында мақал-мәтелдер мен тұрақты тіркестер баршылық. Демек, қаламгер оларды өз орнында керек жерде қолдана білді деген сөз. Шығарма тілінің экспрессиясын күшейтуде жоғарыда аталғандардың маңызы зор.
Пайдаланылған әдебиеттер тізімі
1. Мажитаева Ш. ХХ ғасыр басындағы қазақ әдеби тілі. –Қарағанды: ҚарМУ, 2007.
2. Сыбанбаева А. Метафораның тілдік болмысы және концептуалды метафоралар. –Алматы, 2002.
3. Шалабай Б. Көркем әдебиет стилистикасы. –Алматы, 1999.
4. Сейдімбек А. Аққыз. –Алматы: Атамұра, 2002.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *