МО-ЦЗЫ (МО ДИ)

МО-ЦЗЫ (МО ДИ)
(б.д.д. 470 – 391ж.ж.)

— ежелгі ұлы қытай ойшылы.
Мо-цзы Конфуций дүниеден өткеннен кейін тура екі жылдан соң дүниеге келді. Чжаньго әулеті билік еткен тұста өмір кешкен ол елдегі ғасырлар бойы қалыптасқан дәстүрлі әлеуметтік тәртіптің ыдырай бастағанын көріп, Мо-цзы өзаратүсінік пен махаббат идеяларынан бастау алатын жаңа қоғамдық-саяси тәртіп орнату керегін түсінеді.
Моизм мектебі б.д.д. IV-IIIғ.ғ. аралығында дүниеге келді және оның гүлдену кезеңі б.д.д. IV — ғасырға келеді. Мектептің ең танымал өкілдері – Цинь Хуали, Мэн Шэн, Сюй Фань және Тянь Цзи. Мошылдар қатаң бағыныштылық тәртіпті сақтайтын ұйым құрған, оның мақсаты Мо-цзы идеяларының тазалығын сақтап, Аспан асты елінде тарату болған. Бұл мақсатқа жетудің ең басты құралы ретінде олар жеке үлгі көрсетуді және билеушілерді үгіттеуді таңдаған.

Шығармалары:

Моизмнің негізгі шығармасы – «Мо-цзы» трактаты.
Моизм ежелгі қытай философиясында конфуцийшілдікке алғашқы теориялық жауап ретінде белгілі. Хуайнань-цзының айтуынша, алғашқы кезде Мо-цзы конфуцийшілдікті жақтаған, бірақ кейін оны қатты сынға алған. Ежелгі Қытайдың басқа философиялық ағымдарымен салыстырғанда моизмнің екі ерекшелігі бар: теологияға жақындығы мен ұйымдастырушылық рәсімделуі, бұлар логикалық-әдіснамалық тақырыпқа деген қызығушылықпен қосылғанда оны схоластикалық реңкке бояйтын.
Даошылдық және конфуцийшілдік философиямен танысу барысында біз оның өткенді аңсауын байқадық. Даошылдар үшін бұл «даналығы асқан ойшылдар» өмір сүрген тарихи кезең, ал конфуцийшілдер үшін — Яо, Шунь және Юй сияқты есімдері аңызға айналған патшалардың заманы болатын. Мо-цзы мен оның ізбасарлары сол кезеңді Алтын ғасыр деп білген. Мо-цзы аталған патшалар мемлекеттік билік пен қоғамдық әділеттіліктің тізгінін бірдей ұстаған деп есептеген.

Философиялық көзқарастары:

Мо-цзы мемлекеттік билікті қалыптастырудың патриархтық жүйесімен келіспейді, онда мемлекеттік лауазымдар билеуші әулетке жақындарға, туыстарға үлестірілетін. Мо-цзы «дарынды құрметтеу» тезисін ұсынған, онда адамдар мемлекеттік қызметке әлеуметтік жағдайына емес, қабілеттеріне қарай алынатын. Сонда ғана әділеттік қағидасы салтанат құрады. Мо-цзының айтуынша, шенеуніктердің текті болуы міндет емес, ал қарапайым адамдардың міндетті түрде тексіз болуы шарт емес.
«Аспан» категориясы конфуцийшілдіктегі сияқты моизмде де құдыретті саналады және оған антропоморфты қасиеттер телінеді. Ол, Мо-цзының пікірінше, бәрін көріп, бәрін естиді, оның сезімдері мен қалаулары болады, ол ізгілік пен әділдіктің ең жоғарғы үлгісі болады, ал «Аспанның бұйрығы» жақсылық пен жамандықты айырудың өлшемі болады. Аспан мен адамдардың арасын жалғаушы нәрсе «рухты көру» болады.
Мо-цзы ілімі Конфуцийдің ілімі сияқты, әлеуметтік философиядан гөрі этикаға жақын еді және оның негізгі қағидасы – «жалпыға бірдей махаббат пен өзара тиімділік» қағидасы болатын. Бұл қағида бойынша, әрбір адам іс-әрекеттерін «Аспан асты елінің пайдасымен» сәйкестендіріп, халықтың әл-ауқатына зиян келтіретін нәрселерден бас тартуы тиіс.
Мо-цзы идеяларының ішіндегі махаббат идеясы ерекше танымал, ежелгі заманнан бергі бүгінге шейін, Мо-цзының есімі аталса, дәл осы идея еске оралады. «Мо-цзы жалпыға бірдей махаббатты дәріптегенде, отбасынан бас тартады» деген пікірді айтқан екен Мэн-цзы (б.д.д.372-289ж.ж.).
Біздің барлық біліміміз екі нәрседен: сезімнен (у-лу) және ойлаудан (син) туындайды дейді. Танымда көп жағдай ат қоюға байланысты екенін айтады. Мәселен, жалпы, рулық атау, жеке атау бар — дейді олар. Жеке атаунақты затты басқалардан бөліп қарауға мүмкіндік береді. Мо-Цзылықтар янь (пікір айту) категориясын, былайша айтқанда, логикалық әдісті қолдады.
Мо-цзының саяси, адамгершілік және діни идеялары өзінің еңбектерінде көрініс тапты. Ол қоғамда орын алып отырған тәртіпсіздіктер адамдардың бір-біріне деген күндестіктерінен және олардың эгоизмдерінен болады деген қорытындыға келеді.

Философиялық афоризмдері:

 Ертеде адамдар пайда болғанда басқару мен жазалау болмаған-ды … , содан Аспан астындағы тәртіпсіздік жануарлар арасындағы ығы-жығыдай еді. Адамдар былықтың себебі билікті басқарушының жоқтығынан екенін түсінді. Содан Аспан астындағы дана мен лайықтыны таңдады, сөйтіп оны Аспан астындағы іс-әрекеттерді басқаратын және тұтас бірдей әділеттілік орнататын көк аспанның ұлы етті … ».
***
 Елдегі тәртіпті реттеу үшін жөнсіздіктің себебін білу керек. Егер тәртіпсіздіктің себебін біліп, оны болдырмай қойсаң, онда ел гүлденеді және тыныштыққа бөленеді; егер жөнсіздіктің түбірін таппасаң, онда елге тәртіп ендіру мүмкін емес … ».
***
 Аспан астындағы адамдарды жек көретін зұлымдар жалпылама немесе жеке сүйіспеншіліктің қайсысына іш тартады? Жауап берейін: әрине, жеке сүйіспеншілікті. Сонымен, жеке сүйіспеншілікті қолдаушылар Аспан астында әрдайым таусылмас зұлымдық тудырады. Сондықтан жалқының жеке сүйіспеншілігіне ұрынбаған жөн … ».
***
 Өткенге қарап болашақты танимыз, айқындыққа сүйеніп жасырыңды танимыз.
***
 Соғыстың қоқан-лоқы жолымен мемлекеттер арасындағы саяси айтыс-тартыстарды шешпек, сөйтіп құдырет пен атаққа бөленбек үміт – о да Аспан астындағылардың түрлі ауру-сырқаттарын емдеуге бір дәрі-дәрмекті, тіпті ол төрт-бес адамға ғана пайдалы болса да, күштеп ішкізушілікке ұқсайды.
***
 Егіншілер неге енді егіс өңіріне ерте барады да, кеш қайтады, егістікте керіліп созылмай, ондағы дәнді астықтан, бұрыштан көп өнім алу үшін жатпай-тұрмай тер төгеді, бақташылықта өз өнерін көрсетеді? Не болып қалды? Жауап берейін: Егер ол аянбай еңбек етпесе, онда міндетті түрде кедей болады. Егер де беріліп еңбек етсе, тоқ болады, тер төгіп жұмыс істемесе – аштыққа ұшырайды. Сондықтан ол жалқаулықтың жолын кеседі … ».
***
 «Қазіргі адам – дейді Мо-цзы, хайуандарға ұқсамайды. Кім еңбекке күш салса, ол өмір сүреді, кім еңбектегі әрекетке сүйенбесе, ол өмір сүрмейді … ».
***
 Соқыр «ақ мәрмәр», «қара көмір» сөздерін айтады және біледі, бірақ оларды түр-түсіне қарап таңдай алмайды, сондықтан ол ақ мәрмәр мен қара көмірді атын білмегендіктен емес, сол заттарды көрсете және ажырата алмағандықтан білмейді.
***
 Луск әміршісі Мо-цзы ұстаздан сұрады: «Менде екі ұл бар; біреуі оқуды ұнатады, екіншісі байлықты төгуден тартынбайды. Екеуінің қайсысын мұрагер етіп қалдырған жөн?». Ұстаз Мо-цзы айтты: «Тіке жауап қайтарудың реті келмес. Мүмкін, оқуға талпыныс пен байлықты тарату сый-құрмет пен даңқ алу үшін істелініп жатқан шығар. Мысалыға, балықшының балық ұстаудағы ұстамды тұрысы мен шоғырланған кейпі балыққа пайда әкеле қоймас, сондай-ақ тышқанды ұстамақ уланған тұзақ жем оған деген ықыласты білдірмес. Сіз екі балаңыздың ниеті мен қимыл-әрекетінің нәтижесін талдап білерсіз деген үміттемін».

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *