ГАУТАМА СИДДХАРТХА БУДДА
(б.д.д. 563ж.(немесе б.д.д.623ж.), Лумбини, Непал – б.д.д. 483ж.(немесе б.д.д.543ж.), Кушинагар, Үндістан)
— рухани оқытушы, аты аңызға айналған буддизмнің негізін қалаушы,
Үнді субконтинентінің солтүстік-шығыс бөлігінде өмір сүрді, «Төрт ақиқат» ілімін құрастырушы. Ол Шакья патшалығының мұрагер ханзадасы болған. Балалық шағында өз жақындарының қамқорлығында болып, адам баласы қалауы мүмкін рахатқа бөленіп, өскен. Бірақ князьдік сарайдың сыртында Сиддхартха адамның қайғы-қасіретін, жоқшылықты, ауруларды, кәрілік пен өлімді көреді. Оларды көргенде бозбаланың жаны түршігетін және ол өмірдің мәні туралы көп ойланатын. Жиырма жасқа келгенде ол ешкімге айтпай, үйінен шығып, диуана монахқа айналады. Енді оны Шакьямуни, «Шакья руынан шыққан диуана» деп атайтын боған. Ол ең тәуір деген философтардан дәріс алып, орманда өмір сүрсе де, ақиқатқа жете алмайды. Бірнеше жыл өткен соң, ол ағаштың түбінде тынығып отырғанда, кенеттен нұрлы ақиқатқа көзі жетеді. Өмір мен өлімнің ақиқаты оған бірден, тұтастай күйде беріледі. Сол кезден бастап ол Буддаға, яғни оянған адамға, Ағарған – адамға айналады. Ол қырық жыл бойы өз ілімін Үндістанда дәріптеген және оған жүздеген, мыңдаған адамдар ерген. Оның философиясы ведалар мен упанишадалардың философиясын ығыстырып шығарды. Гаутаманың нұрлануының негізінде оның «төрт игі ақиқатты» тануы жатыр, біріншіден – дүниеде қайғы-қасірет бар, екіншіден – оның өз себептері бар, үшіншіден – азаптан арылудың мүмкідіктері бар және төртіншіден, сол азаптардан құтылудың жолдары бар. Кейін, Гаутама қайтыс болып, екі жүз жыл өткен соң буддизм бірнеше бағыттарға ыдырайды. Оған буддалық ілімнің басты ережелеріндегі қайшылықтар себеп болды.
Философиялық көзқарастары:
Буддизм ілімі бойынша, өмір – қасірет. Адам қандай әлеуметтік сатыда тұрса да аурудан, кәріліктен, өлімнен құтыла алмайды. Оған құдайға шалған құрбандық та көмектесе алмайды. Қасіреттен құтылудың бірден-бір жолы – сансардан (жанның бір денеден бір денеге ауысып отыруы) толық азат болу. Ол үшін адам төрт түрлі ақиқатты білуі қажет: 1-өмір қасірет, Өмірге келу, кәрілік, ауру, өлім, жақсы көрген нәрсеңнен айырылу, қажетіңе жете алмау, т.б. – осылардың бәрі – қасірет. 2-қасіреттің пайда болуы туралы ақиқат. 3-Қасіреттің пайда болу себебі өмірден ләззат алуға деген құштарлық екенін түсініп, аталған құштарлықтардан құтылу арқылы оны жеңуге болатындығына сену. 4-Құштарлықтан құтылу жолдарын білу.
Құштарлықтан құтылу оңай емес, ол үшін сегіз әдептілік қағиданы бұлжытпай орындау арқылы жанды таза ұстауға тырысу қажет. Олар:
1-Дұрыс жол-төрт ақиқатты дұрыс түсіну.
2-дұрыс шешім – төрт ақиқатқа өз өмірін өзгертуге бағытталған ерік-жігер.
3-Дұрыс сөз – өтірік айтпау, біреуді босқа жамандамау, балағат сөз айтпау.
4-Дұрыс іс-әрекет – ешқандай тіршілік иесіне жамандық жасамау, ұрлық-қарлықтан қашық болу.
5-Дұрыс тұрмыс қалпы – адал еңбек етуді әдетке айналдыру.
6-Дұрыс күш жұмсау – құмарлықпен, жаман оймен күресу.
7-дұрыс ой бағыты – бұл дүниенің жалған, алдамшы, уақытша екенін түсіну.
8-Дұрыс жинақтала білу – өз денеңді сезінуден, ойлаудан, түйсінуден арылу.
Дұрыс жинақтала білудің өзі төрт сатыдан тұрады:
1 — ойды төрт ақиқатты түсініп, пайымдауға бағыштау.
2 — Осы төрт ақиқатқа сену. Ол біздің жанымыздың тыныштықта және қуанышта болуына мүмкіндік береді.
3 — Қуаныш-қайғыдан, өз денеңді сезінуден арылу.
4 — Толық сабырлық және талғаусыздық жағдайға жету. Соңғы сатыны Будда «Нирвана» деп атайды. Нирвана – қайта тірілуден құтқару. Нирвана – мокшаның өзгерген түрі. Тек, нирвананың мокшадан айырмашылығы – мокша жанды қасіреттен о дүниеде азат етсе, нирвана бұл дүниеде азат етеді. Нирвана жағдайына жеткен адамды архат (қадірлі, құрметті, сыйлы адам) деп атайды. Нирвана, архат жағдайына жеткен адамды брахман деуге де болады. Олай болса, нирвана – ең жоғары ләззат. Кейін келе нирвана ұғымы адамның бойынан бүкіл әлемдік көрініске ауысады. Әлемдегі нирвана мәңгі, оны ешкім дүниеге әкелмейді және пайда болуының себебі жоқ. Әлемдік нирвананы сезім мүшелері арқылы қабылдау мүмкін емес, оны тек қана дұрыс жолмен жүрген, ақыл-ойы таза, күнделікті қызықтан алшақ адам танып-біле алады.
Б.д.д. III — ғасырда буддизм Үндістанның ресми идеологиясы болды. Кейінірек келе, ол дінге айналып, екі ағымға бөлініп кетті. Хинаяна – «кіші шеңбер» деп аталатын ағым алғашқы буддизмге жақынырақ болса, махаяна – «үлкен шеңбер» деп аталатын ағым – архаттан гөрі «бодхисатваны» пір тұтады. «бодхисатва» – архатқа жетпеген, бірақ толық білімге жетуге талпынып жүрген адам. Ол білгір адамнан гөрі дін уағыздаушы адамға көбірек ұқсайды.
Буддизмге сенушілер Үндістанның өзінен гөрі одан тыс мемлекеттерде көп кездеседі (Қытай, Жапония, Бирма, Цейлон, т.б.). Ал Үндістанның өзінде буддизмнің орнын брахманизм басады да, буддизмдегі Будда Вишну құдайдың бір көрінісі болып қалады.
Философиялық афоризмдері:
***
Құмарлықтан артық от, ашудан артық бейнет, алдаудан өткен мұң, құштарлықтан артық телегей-теңіз жоқ.
***
Денсаулық – ұлы жеңіс, қанағат – ұлы байлық, сенім – ең жақсы туыс.
***
Өзіне лайық немесе өзінен асып түсерлік серік таппаған жолаушының сапарға жалғыз шыққаны жөн.
***
Қара қарға секілді арсыз, содыр, жабысқақ, ақылсыз, бұзық адамға өмір сүру жеңіл. Ал, қарапайым, пәк, біртоға, салқынқанды, алды-артын болжағыш таза адамға өмір сүру қиынға түседі.