ЮНИСЕФ-тің Қазақстандағы өкілдігінің басшысы Артур ван Дизен Қазақстанға жаңа оқу жылында барлық мектептерді ашуды ұсынды, деп хабарлайды Tengrinews.kz.
«ЮНИСЕФ санитарлық-эпидемиологиялық нормаларды сақтай отырып, жаңа оқу жылында барлық мектептерді ашуды ұсынады. Мектептер соңғы кезекте жабылып, бірінші кезекте ашылуы керек», — деді Артур ван Дизен.
Оның айтуынша, пандемия кезінде мектептердің жабылуына байланысты әлемдегі әрбір үшінші мектеп оқушысы немесе 463 миллион бала қашықтықтан білім алуға қол жеткізе алмаған және ол тізімде Қазақстан балалары да бар.
«Білім министрлігі бұл салдарды оңтайландыру үшін шұғыл шаралар қабылдау қажеттілігін мойындайды. ЮНИСЕФ Қазақстандағы оқыту шығындарын анықтау үшін мониторинг жүргізуді ұсынады. Оның нәтижелері бойынша жеке тәсіл негізінде оқушылардың білімін қалпына келтіру бағдарламаларын қалыптастыру және тестілеу ұсынылады. ЮНИСЕФ осындай бағдарламаларды әзірлеуге көмек көрсетуге дайын», — деп түйіндеді ол.