Қашықтықтан оқыту – қазіргі уақыт талабы

Алматы қаласы Алмалы ауданы
М.Әуезов атындағы №128 жалпы білім беретін мектептің химия пәнінің мұғалімі Ибрайымова Салтанат Указовна

«Қашықтықтан оқыту – қазіргі уақыт талабы»
Білім беру жүйесін ақпараттандыру — білімді ұрпақ тәрбиелеудің алғы шарттары Еліміздің білім беру мен ғылым жүйесін жаңғыртудың, әрбір баланың сапалы білім алуына қол жеткізуінің ең тиімді, әрі маңызды технологиясы болып табылады.
Әлемді жайлаған короновирустық инфекциясының таралуы біздің елімізді де айналып өтпеді. Сол себепті санитарлық-эпидемиялық жағдайға байланысты өткен жылғы сәуір айынан бастап барлық білім беру ұйымдары қашықтықтан оқу платформасына көшті. Қашықтықтан білім беруге көшу –короновирустық инфекцияның таралуын азайту мақсатында бағытталған іс-шаралар аясында жүзеге асты.


Қашықтықтан оқу – білім берудің ақпараттық және телекоммуникациялық технологияларының көмегімен жүзеге асырылып, қазіргі кезде еліміздің түкпір-түкпірінде бірнеше оқу платформаларымен оқушыларымыз білім алуда. Білім министрі А.Аймағамбетов бастаған ұстаздар қауымына , болашақ ұрпақтың тәлімгерлеріне — үлкен жауапты іс жүктелді. Осындай күрделі, қиын-қыстау кезеңде шәкірттерге жол көрсету, жол таба білу, ашық пікір алмасу, білім беру үлкен кәсібилікті, сабырлықты қажет етеді. Кәсіби білікті, білім беруге ынтасы мол, бастамшыл, креативті, жаңашыл педагогтар қауымын қалыптастыру қазіргі уақыт талабы. Сондықтан ұстаздар қауымына болашақ ұрпақ үшін артылар жүгі салмақты, абыройы айрықша болып тұр. Ол үшін ұстаздардың педагогикалық шеберліктерін, шығармашылықтарын, біліктіліктерін жетілдіріп, әдістемелік сүйемелдеп отыру басты мақсат. Қай кезде болмасын ұстаздарға адам тағдыры мен ұлт болашағы жүктеледі. Сондықтан шәкірттеріміздің білім алуын тоқтатпастан жалғастыра беруіміз керек.
Еліміздің қазіргі жас буыны — ұлтымыздың келер күнгі келбеті, мәңгілік елдің ұрпағы. Ұрпағымыз білімді болып, еліміздің мерейін бүгінгі жеткен биігінен аласартпай, әлем көшінен қалдырмау керек.
Қазіргі таңда оқушылар заманауи цифрлы технологияларды жете меңгерген, сондықтан оқушылар еш қиындықсыз оқу бағдарламасына ілесіп алып кетті. Сабаққа жауапкершілікпен қатысып, берілген тапсырмаларды орындап, қоғамда белең алған мәселелерді саналы түрде түсініп жатыр.

Қашықтықтан оқыту кезінде балалардың бос уақыттарын тиімді ұйымдастыра білу өте маңызды. Оқушылар сабақтан тыс уақыттарында аудан, республика көлемінде өткізіліп жатқан пәндік олимпиадаларға, интеллектуалды турнирлерге, түрлі байқауларға қатысып орындарды иеленіп жатқандары көңіл қуантады. Мұндай интернет олимпиадалар оқушылардың үлкен қызығушылықтарын арттырады және ең тиімді жері өздерінің білім деңгейлерінің көрсеткішін анықтауға септігін тигізеді. «Бар жақсылық білімменен алынар, білімменен аспанға жол салынар» — деп ұлыларымыз айтқандай ел тізгінін ұстар болашағымыз — шәкірттеріміз білім алу үшін барлық жағдайлар жасалып жатыр. Қай заманда болмасын жас ұрпақтың өнеге тұтар ұлттық тәлім- тәрбиесі болатыны анық. Сондықтан да егеменді қазақ мемлекетінің болашақ ұрпақтарына сапалы білім беру, саналы тәрбиелеу қазіргі таңда да өзекті мәселе болып қала бермек.
Қашықтықтан оқытуда басты жауапкершілік ата-аналарға жүктелуде. Баланың уақытымен сабаққа қатысуын, әрбір кері байланысқа сай іс-әрекеттің жүзеге асуын, үнемі ұстаздармен байланыста болып, үйде орындайтын жұмыстарына көмектесіп, қадағалап отырған ата-аналарға алғысымыз шексіз. Күнделікті баланың күн тәртібін құрып, тазалық сақтау дағдыларының қалыптасуына, сабақ оқуларына барлық жағдайды жасау да (ғаламтор желісімен, смартфон, планшет, ноутбук) ата-ананың міндеті. Балаға білім, тәрбие беруде басты тұлға — ұстаз болса, оны жалғастырушы ата-ана және қоғам. Мектеп — ата-ана — қоғам осы үштік ұғымы берік болса, сапалы білім болады.
Мен өзім химия пәнінің мұғалімімін. Химия ғылымның іргелі бір бөлігі, өндірістің қуатты құралы. Химия ғылымы мемлекетіміздің дамуына, әл-қуатының артуына, ауыл шаруашылығына, өнеркәсібіне әсер ететін практикалық маңызы бар білім беретін сала. Сонымен бірге химия пәні біршама қиын, күрделі пәннің бірі. Менің оқыту әдісімдегі ең маңызды міндетім – оқушылардың оқу-танымдық белсенділігін арттыру, олардың іс-әрекеттерін ұйымдастыру; ақыл-ой, шығармашылық қабілеттерін дамыту. Сол себепті мен сабақ барысында үнемі көрнекі құралдарды көбірек пайдалануға тырысамын және тәжірибелер көрсете отырып оқушылардың алған теориялық білімдерін бекітуге күш саламын. Бұл әдістің теориялық білімдерін практикамен ұштастыра отырып, оқушылардың сабақты жақсы қабылдап, оқу бағдарламасын ойдағыдай меңгеруіне тигізер ықпалы мол. Ал, қазіргі жағдай қашықтықтан оқуға көшу -сабақта көрнекі құралдарды барынша көп пайдалануға мүмкіндік берді.
Химия пәнін оқытудың барысында компьютерлік техниканы қолдана отырып есептер шығаруға да мүмкіндік бар. Жаңа технология – мұғалімнің мүмкіндігін қуаттандыратын құрал, жан-жақты ізденіп, білімін толықтырып, оқытудың тиімді жолдарын іздеуге жол ашады. Жаңа ақпараттық технологияны сабақ барысында қолдану оқушыларға қиын да күрделі материалдарды көрнекі түрде түсіндіруге қол жеткізеді.
Қазіргі таңда қашықтықтан оқыту оқу процесінде тиісті компоненттерді бейнелейтін желілік және кейс-технологиялар көмегімен іске асырылып педагог пен білім алушының қашықтықтан өзара қарым- қатынасы арқылы жүйелі жүргізіліп отыр. Сонымен бірге қашықтықтан оқыту компьютерлік және ғаламторлық технологиялары ретінде саналып отыр және оқушылар мен мұғалім арасын байланыстырушы көпір деп айтсақ та болады. Оқу процесінің тиімділігі ең алдымен оқушылардың белсенділігі мен танымдық ізденістеріне қатысты. Сабақ барысында оқушы мен мұғалім арасындағы қатынастың мейлінше көп болуы, көрнекі материалдарды тиімді пайдалана отырып сабақты қызықты өткізу, білім берудің интерактивті әдісін қолданудағы негізгі мақсат. Сонымен қатар түрлі презентациялар технологиясын пайдалану өте ыңғайлы, оқушының көре отырып есте сақтауын арттырады.
Қорыта айтсақ, қашықтықтан оқыту жүйесінің ролі білім саласы үшін өте жоғары, себебі бұл жүйе арқылы мұғалімдеріміз бен оқушыларымыз ғылыми және шығармашылық жұмыстарын жетілдіруге, әлемдік ақпарат кеңістігінде өздерінің білімдерін шыңдауға зор мүмкіндік алады. Еліміздің білім беру жүйелерінің құрылымдарына елеулі өзгеріс болып енген әлемді жаулаған пандемия жолында қашықтықтан оқыту — адамның өмірі ең басты құндылық екенін көрсетті. Қашықтықтан білім бере отырып, болашақ ұрпағымыздың білім алуы тоқтатпастан жалғастырылуы керек.
Отанымыздағы барлық балаларға қашықтықтан білім беріп, тәрбие тағылымын дарытып, жаңалықтан жатсынбай, шәкірттерінің жандарына нұр құйып, тынбай еңбек етіп жатқан мыңдаған ұстаздарға қажырлы еңбектеріңіз жана берсін дегім келеді.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *