Оқушыларға берілген планшеттердің дауы жалғасуда

Ақтөбеде көп балалы аналар былтыр алған планшет, ноутбук сияқты техникаларды мектепке қайта өткізе алмай жатқандарын айтады. Сөздерінше әр мектеп басшылығы «бұзылған техниканы өз қаражаттарыңызға жасатып әкелесіздер» деп қабылдамай жіберген. Аналар әкімдікке биліктің былтырғы, яғни «техника бұзылса, әр мектептің мамандары тегін жасап береді» деген уәдесінің қайда кеткенін сұрап келді.
Оқу жылының басында онлайн оқуға мектептен тегін техника алған көп балалы аналардың бастары дауға қалған. Былтыр әр балаға планшет, компьютер бергенде «бұзылса өз қаржыларыңа жөндетесіңдер» деп ешкім айтпаған дейді. Керісінше, техника істен шықса, оның өтімін мектеп өз мойнына алатын болып келісілгенін айтады.
ГҮЛМИРА БИМАҒАНБЕТОВА, көп балалы ана:
– «Компьютер бұзылып қалса, планшет сынып қалса мектепке өзіміз маман шақырып жөндетіп береміз» — деді. Ал енді неге аналардан талап етіп жатыр? Бір планшеттің бетін жасау он жеті мың теңге сұрап тұр. Он жеті мың теңгеге баламызға тамақ алмаймыз ба?! Мектептің несін жөндеткенше. Өздері жөндеп алсын. Біз алғанда ондай қағазға қол қойған жоқпыз.
Ал әкімдіктегілер былтыр таратылған компьютер, ноутбук, планшет сияқты техникалар мемлекеттің мүлкі болып саналады дейді. Білім беру мекемелері мен ата — аналар арасында техникалардың сақталуы, ұқыпты ұсталуы туралы келісім шарт та жасалған. Алайда білім басқармасындағылар оқушыларға компьютер бергенде қалай қолдау көрсетсек, қабылдауда да сондай қолдау көрсетеміз деп сендіріп отыр.
ЖОЛДАС БАТЫРХАНОВ, Ақтөбе облыстық білім басқармасының басшысы:
– Біріншіден кез келген дүние ұқыптылықты, мұқият қарауды қажет етеді. Өз дүниең болса да. Әрине, бала болған соң оны пайдалану барысында бұзылуы мүмкін, басқа да жағдайлар болса, біз әрбір берілген құрылғының мәселесімен ата- аналармен жеке -жеке сөйлесетін боламыз.
Білім басқармасындағылар оқу жылы басында әлеуметтік аз қамтылған, көп балалы отбасылардың балаларына, яғни қашықтан оқуға мүмкіншілігі болмаған оқушыларға жиырма мыңнан астам техника таратылғанын айтады. Оған мемлекет қазынасынан үш миллиард теңге жұмсалыпты.

Дереккөз: Информбюро

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *