ӘУБӘКІРОВ Тоқтар Оңғарбайұлы

ӘУБӘКІРОВ Тоқтар Оңғарбайұлы (27.7.1946 ж.т., Қарағанды обл. Қарқаралы ауд. 1- Май а.) — қазақтың тұңғыш ғарышкері, тех. ғыл. докт. (1998), проф. (1997), Кеңес Одағының еңб. сің. ұшқышсынақшысы (1990), авиац. ген.-майоры (1992), Кеңес Одағының Батыры (1988), Қазақстан Республикасының Халық Қаһарманы (1995), Қазақстан Республикасының ұшқыш-ғарышкері (1995). 1962 — 65 ж. Теміртау құйма- мех. з-тында токарь болды, есімі облыстың Құрмет кітабына алтын әріппен жазылды (1964). Ресей Федерациясындағы Армавир жоғары әскери ұшқыштар уч-щесін бітірген (1969). 1969 — 75 ж. Кеңес Одағы Әскери-әуе күштерінің Қиыр шығыс әскери округінде ұшқыш, звено командирі, эскадрилья командирінің орынбасары. Мәскеу ұшқыш сынақшылар мектебін (1976), Мәскеу авиация ин-тын бітірген (1979). 1976 — 92 ж Мәскеудегі А. И. Микоям атынд. Тәжірибелік конструкторлық бюроның ұшқыш-сынақшысы. Ә. 1988 ж. Кеңес Одағында тұңғыш рет әуеде қонбай ұшаққа 2 рет жанармай құйдыру арқылы солт. полюске ұшу сапарын ерлікпен орындады. 1989 ж. 1-болып авиатасушы крейсердің алаңқайшасына “МиГ-29к” реактивті ұшағын үлкен шеберлікпен дәл қондырды. Сондай-ақ ол реактивті ұшақтың 50-ден аса жаңа түрін сынақтан өткізді. 1990 ж. ғарышкерлер құрамына алынды. 1991 ж. 2 сәуірде Кеңес Одағы Ғарышкерлер даярлау орталығында ғарышқа ұшу дайындығына кірісіп, сол жылы 2 қазанда Байқоңырдан “Союз ТМ-13” кемесімен ғарышқа ұшты. Ғарыш кемесі Жер төңірегіндегі “Мир” орбиталық кешенімен түйісті. Онда ол өзге ғарышкерлермен бірге биотехнология, металлургия, медицина салалары және Арал т. аймағы бойынша ғыл.-зерт. жұмыстарын жүргізді. Зерттеу нәтижесінде Арал үстіндегі тұзды шаң борамасының пайда болу процесі, сол зиянды аэрозольдардың Қазақстан мен Ресей аймақтарына таралуының ғарыштық суреттері алынды. Сондай-ақ Қазақстан аумағындағы атмосфераны және жер бетін зерттеу, жұлдызды аспанды астрофиз. бақылау жұмыстары да ойдағыдай өтті. Ә. 1991 ж. 10 қазанда Жерге оралды. Ә. Қазақстандағы ғарыштық зерттеулердің негізін қалауға, отандық Қарулы Күштердің әскери даярлығын жетілдіруге, әскери-патриоттық тәрбие жұмыстарын жолға қоюға белсене араласты. Ол 1992 — 93 ж. Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің 1-орынбасары, 1993 — 94 ж. Қазақстан Республикасы Ұлттық Аэроғарыштық агенттігінің бас директоры, Ғылым және жаңа технология министрінің орынбасары, 1994 — 95 ж. Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің депутаты — Қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы болды. 1996 жылдан Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *