ӘУБӘКІРОВ Оспанхан

ӘУБӘКІРОВ Оспанхан (4.5. 1934, Алматы обл. Жамбыл ауд. Қарақыстақ а. — 14.4. 1986, Алматы) — жазушы. Алматы мемл. консерваториясын бітірген (1954). 1958 — 76 ж. Қазақ филармониясында, “Ара — Шмель” журналында жұмыс істеді. “Жасыратын не бар?” (1963), “Сыйлық”, “Ұзын сөздің қысқасы” (1967), “Өзіміз білеміз” (1984) сықақ әңгімелер мен өлеңдер жинақтары жарық көрген. Ә. қазақ өдебиетіндегі сатира жанрының дамуына елеулі үлес қосқан. Өзіндік қолтаңбасымен әдебиет тарихында қалған қаламгер. Оның жиі әшкерелегені — тоғышарлық, даңғойлық, жөнсіз сылқымдық, өсекшілдік, жемқорлық, күншілдік, пәтуасыздық, жағымпаздық, көзбояушылық, тұрпайылық, арақкештік, тілемсектік. Ә. сықақ өлеңмен де, қара сөзбен де төгілте, күлдіре жазды. Шығармаларын әсерлі, ұйқасымды ету үшін жылтырауық сөздер мен ерекше бір теңеулерді іздеп жатпайды. Отбасы, ошақ қасындағы, екеуара әңгіме үстінде қолданылатын, көпке ортақ сөздермен-ақ ойын жатық жеткізіп, әсерлі образдар жасады. Ә. “Чемпион Қожанасыр”, “Бөтен адам”, “Милау сиыр” комедияларын жазды. Әзиз Несиннің “О дүниеден келген хаттарын” (1965), Б. Нушичтің “Өмірбаянымын” (1968), Э. Распенің “Мюнхаузеннің хикаяларын” (1975), Лао Шэнің “Мысықтар шаһарын” қазақ тіліне аударды.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *