Ол бізбен бірге, халқымен бірге
Түн ортасындағы мезгілсіз телефон қоңырауынан секем алған жүрегім арғы жақтан: «Аға-ау, папамнан айырылып қалдық қой», деген Сейіттің кенжесі Зейіннің өксікті дауысын естігенде атқақтап алқымыма тығылып, тынысымды тарылтып жіберді. Мәңгіріп отырып қалдым. Жандүниемнің түпкірінде әлдене үзіліп түскендей, көкірегім удай ашып, көзіме жас үйірілді. Туралап келген ажалдың бұлтартпай салған бұғалығына бой бермей, апта бойы асаудай арпалысып, бұлқына соққан алып жүректі тоқтады дегенге сенгім келмейді. «Қой, мүмкін емес», деймін іштей күбірлеп. Көз алдыма тел қозыдай тең өскен құрдасымның, сыралғы дос аяулы Сейітімнің жарқын бейнесі көлбеңдейді. Әне, қашанғы әдеттегісіндей, мені көрген сәтте түр-түсін тез құбылтып, әлденеден үріккендей, екі құлағын кезек қозғап, қас-қабағын қайшылай керіп, едірейіп қалт тұра қалып, сәлден кейін «ә, сен екенсің ғой» деп, танымай қалып, жаңа танығандай жадырай күліп, жарқын амандасатын көңілді қалпы. Баяғы бала кезінде осылай еді, қазір де солай. Оның болмысы сондай. Өзгеше болуы мүмкін емес-тін. Өйтпесе, Ол – сатираның сардары бола ма! Өйтпесе, Ол – атабабамыздың салт-дәстүрінің шырақшысы атана ма! Өйтпесе, Ол – Кенжеахметтің Сейіті болып таныла ма! Иә, солай! Нанбасаңыз,
«Тамаша» ойын-сауық отауының кешіне барыңыз, алдыңыздан күлімдеп Сейіт шығады. Әр қазақтың үйіне кіріңіз, «Қазақтың салт-дәстүрі» атты ұлдың еншісіне берер, қыздың жасауына қосар құнды қазынасын жайып алдыңыздан тағы да Сейіт шығады. Солай, Сейіт үнемі бізбен бірге, халқымен бірге! Лайым, қашанда солай бола бергей! Басқаша ойлай да, елестете де алар емеспін.
Қойшығара Салғараұлы