ӘСКЕРБАСЫ

ӘСКЕРБАСЫ —  қазақ халқының ежелгі әскери құрылымдарында белгілі бір әскер қосынын, жасақты басқаруға тағайындалған адамдардың жалпылама атауы. Әскербасылар қарамағындағы әскер санына байланысты онбасы, жүзбасы, мыңбасы, түменбасы, бас қолбасшы болады да, әскер түріне сәйкес жасақбасы, мергенбасы, қарауылбасы деп аталады. Жоғары дәрежелі әскербасының түркі тілінде “бек”, арабша “әмір”, моңғолша “ноян” деген атаулары бар. Парсы тілінен енген “салар”, сардар сөздері әскербасы дегенді білдіреді. Әскербасылыққа тағайындалған адамға әртүрлі әскери белгілер — ту, байрақ, дабыл, шыңдауыл, керней тапсырылған. Жоғары дәрежелі әкербасылардың меншігіне елді мекен, ұлыстар берілген. Әскербасылыққа тағайындалған адам бұл қызметіне өзінің жауынгерлік ерлігімен, әскерді басқара білетін қабылетімен ие болған. Шығыс елдерінде кейбір әскербасы дәрежесі әкеден балаға мұрагерлікке қалдырылған, мысалы, әмірлік, тархандық дәрежелер.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *