ӘСЕР

ӘСЕР —адамға не өзге жанды-жансыз дүниеге сырттағы құбылыстан, іс-әрекеттен болатын ықпал. Адамда пайда болатын қандай да психикалық процестер мен қасиеттер әсер арқылы туады. Біздің психикамызға ықпал ететін объективтік дүниенің әсерлері тікелей және жанама, кездейсоқ және жоспарлы, жағымды және жағымсыз тағы басқа болып бірнеше салаларға бөлінеді. Олардың кейбіреулері қарапайым психикалық процесс — түйсікті туғызса, екіншілері одан күрделірек процесс — қабылдауды, ал қайсыбіреулері бұлардан да күрделі әрі сапалы процестер мен қасиеттердің (сезім, қиял, ерік, ойлау, қабілет, мінез тағы басқа) қалыптасуына себепкер болады. Сыртқы дүниенің әсерінен пайда болған психикалық процестеріміз сол әсердің пассивті бейнесі ғана болып қоймай сол сыртқы ортаға саналы түрде әсер етуімізге, сөйтіп табиғатты белсенді түрде игеруімізге де көмектеседі.Қазақ тіліндегі әсер ұғымының ғылыми мәні өзара әсер немесе өзара әрекеттесу ұғымдарын да қамтиды. Өзара әсер — денелердің бір-біріне өзара ықпал етуі; денелердің әр түрлі қалыпта өзгерістерге түсуі. Өзара әсер қандай да болсын материалдық жүйенің тіршіліктегі орны мен құрылымдық сипатын, өзіндік қасиетін айқындайды, сондай-ақ оның өзге денелермен бірге неғұрлым үлкенірек жүйеге бірігуі қамтамасыз етеді. Өзара әсерлесу яғни өзара әрекеттесу қабілетінсіз материя тіршілік ете алмас еді. Барлық толыққанды жүйелерде өзара әсер денелердің бір-біріне өз қасиеттерін танытумен қатар жүреді. Соның нәтижесінде олардың (қасиеттердің) алмасу мүмкіндігі де туындайды. Болмыста өзара әсердің көптеген түрлері (құбылыстардың өзара байланысы, қозғалыс, өзгеріс, функционалды тәуелсіздік) әрекет етеді.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *