ӘСЕМ ШЫМШЫҚ

ӘСЕМ ШЫМШЫҚ (лат. Leptopoecile sophiae) – торғайтәрізділер отряды, шөжелер тұқымдасына жататын құс. Қазақстанда мекендейтін шымшықтардың ең кішкентайы. Тянь-Шань мен Жетісу (Жоңғар) Алатауында тараған. Арша мен шырша өскен орман-тоғайларды мекендейді. Қанатының ұзындығы 4,5 – 5,5 см, салмағы 6 – 9 г. Денесінің түсі көгілдір көк, күлгін, қызғылт, басы күрең келеді. Ұябасарының түсі сәл көмескілеу болады. Даусы сыңғырлаған. Жазда теңіз деңгейінен 2400 – 3000 м биіктікте мекендесе, ал қыста 800 – 1000 м-ге дейін төмен түседі. Әсем шымшық – отырықшы құс. Көктемде жұптасып, қыс түсе қос-қостан, топталып тіршілік етеді. Ағаш қабығы мен өз мамығынан жасалған шар тәрізді ұясын арша мен шырша бұтақтарының арасына салады. Оның түбіне мамық қауырсындарын төсейді. Ұяға қызғылт теңбілді ақ түсті 5 – 8 жұмыртқа салып, 14 – 17 күнде кезектесіп басып, балапандарын шығарады. Шөжелері жәндіктердің жұлдызқұрттарымен, масамен, шыбын-шіркейлермен, ал ересектері түрлі жәндіктермен, өсімдік тұқымдарымен, жемістерімен қоректенеді. Әсем шымшық – әсемдік үшін және сайрағыш құс ретінде қолда да ұсталады, жәндіктерді жойып, орманға пайда тигізетін құс. 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *