ӘРЕМ (Phlomis)

ӘРЕМ (Phlomis) — ерінгүлділер тұқымдасына жататын көп жылдық шөптесін (бұта түрі де бар) өсімдіктер туысы. Еуропаның қоңыржай белдеулерінде өсетін 100-ге жуық түрі белгілі. Қазақстанда 13 түрі бар. Олар таулы аймақтарда, кейде далалы алқаптарда кездеседі. Биіктігі 20 – 150 см-дей. Төрт қырлы сабақтары тік өседі. Жұмыртқа немесе үшбұрыш тәрізді жапырақтары сабағының қырына қарама-қарсы орналасады. Қос бұйра (дихазий), гүлшоғыры жапырақ қойнауында жетіледі. Гүлдері қызғылт, кейде сары түсті. 5 тостағанша жапырағының жоғары бөлігі ірі ойықты, тісті келеді, 5 күлте жапырағының жоғары бөлігі екі ерін түзеді. Аталығы 4, күлте жапырағының астында орналасады, 2 ұялы, аналығы – біреу, 2 жеміс жапырағынан тұрады. Жоғары жатыны 4 ұялы, әр ұясында бір тұқым бүршігі болады. Мамыр – шілде айларында гүлдейді, маусым – тамызда жеміс береді. Жемісі – 4 жаңғақша. Әремдер – шірнелі өсімдіктер.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *