ӘНДІЖАН КӨТЕРІЛІСІ

ӘНДІЖАН КӨТЕРІЛІСІ (1898) — 19 ғ-дың аяғындағы Орта Азия халықтарының отаршылдық езгіге қарсы қарулы күресі. Ферғана өңірінде басталған Ә. к. Ош, Әндіжан, Маргелан өлкелерін қамтыды. Көтеріліс 1898 ж. 18 мамырда Әндіжан бекінісіндегі орыс гарнизонына тікелей шабуылмен басталды. Мәделі шаһ бастаған бұл әрекет сәтсіз аяқталса да, Ферғана және оған іргелес аудандарда (Наманган, Қоқан уездерінде) отаршылдық қысымға қарсы азаттық күресінің өршуіне ықпал етті. Әндіжан қ-ндағы гарнизонға қарсы қарулы күреске Маргелан, Ош, Әндіжан, Мыңтөбе, Құлын, Ассақин, Қаратепе-Чацкент, Қувын, Шарихан, Араван, Сегазын, Науқат, Ақбурын, Қуғарт, т.б. болыстардың еңбекшідиқандары белсене қатысты. Самарқанда, т.б. ірі қалалардағы мешіттерде көтерілісшілерге құран оқылды. Әндіжаннан жырақ жатқан Жизақ, Бұхара және басқа өзбек қалаларының тұрғындары да көтерілісшілерге қолдау көрсетті. Сот істерінде Қазақстанның бірқатар уездері халқының көтеріліске ниеттестігі байқалғаны айтылады. Қазалы уезі тұрғындары қажет жағдайда қарулы көтерілісті қолдауға даяр екендіктері туралы Әндіжанға хабар жіберген. Ресей үкіметі көтерілісті күшпен басты. Өзбек, қазақ, қырғыз, т.б. ұлт өкілдері қатысқан жалпыхалықтық сипаттағы бұл көтерілістің басты себебі, ресми патша сотының шешімінде айтылғандай, “мұсылман фанатизмі”, “шетелдік дұшпандардың тіміскілеуі” емес, үсті-үстіне пайда табуға тырысқан отарлық езгінің шектен шығуы еді.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *