Құранның мазмұны
Құран мазмұны өте алуан түрлі жəне əрқилы болып келеді əрі бір сарында емес, үзік-үзік болып келетін мəтіндерден тұрады. Алайда, Құранның өз ішінде қайшылықтары жоқ. Жаратқан өзінің Кітабында мұны қуаттау үшін сенбеушілерді Құраннан кемшілік, немесе қайшылық табуға шақырады. Сондай-ақ Құран тілі мен мəтінінің теңдессіз кемелдігі имансыздарды да мойындатқан бір шындық. Алла тағала Құранға сенбеушілерге бұған ұқсас кітап жазып көруге шақырады.
Алла: «Егер құлымызға түсіргенімізден күдіктенсеңдер, онда сендер де сол құсаған бір сүре келтіріңдер, Алладан өзге көмекшілеріңді де шақырыңдар, егер сөздерің рас болса» (Бақара, 23);
(Мұхаммед ғ.с.): «Ондай шыншыл болсаңдар, Алладан өзге кімге шамаларың келсе шақырып, осы тəрізді бір сүре жасап əкеліңдер» де», – дейді (Юныс, 38).
Құран өзінен бұрынғы түскен кітаптардан ерекшеленіп, тек қана араб қауымына емес, бүкіл əлемге жіберілген кітап болып табылады. Бұған дəлел Құран Кəрімдегі мына аят: «(Мұхаммед ғ.с.) Біз сені бүкіл əлемге рахмет (мейірім) етіп қана жібердік» (Əнбия, 107). Сонымен қатар ондағы «Ей, адамдар!» немесе «Ей, адамзат қауымы!» тіпті «Ей, жындар мен адамдар қауымы!» деп басталатын аяттар Құранның бүкіл дүние жүзі халықтарына ғана емес, жындарға да түсірілгендігін айғақтайды.
Құранның ширегіне жуығы пайғамбарлардың өмірі мен күресін баян етеді. Өзінен бұрын түскен кітаптарды түзетуші əрі растаушы болып жіберілгендіктен Құран бұрынғы өткен пайғамбарлардың есімдерін ізгілікпен еске алады. Бірақ, барлығы емес, Құранда тек жиырма бес пайғамбардың есімі аталады жəне олардан өзге Хз. Мəриəм, Имран əулеті секілді кейбір иманына берік Алланың құлдары да үлгі ретінде аталады. Құранда аталған Лұқман жəне Зулқарнайн есімдері бұрынғы түскен киелі кітаптарда кездеспейді. Пайғамбарлардың соңғысы Хз. Мұхаммед екендігі жəне одан кейін адамдардан елші келмейтіні анық айтылады.
Құранның мəтіні қияметке дейін өзгеріске ұшырауы мүмкінемес. Өйткені, Алла тағала оны Қиямет қайымға дейін қорғауына алатынын төмендегі аятта уəде етеді:
«Расында, Құранды Біз түсірдік əрі оны Біз қорғаймыз» (Хижр, 9).