Жыршылар. Ұлттық фольклорымыздың ең тамаша үлгілері – батырлық, ғашықтық, тарихи жырларды бізге жеткізген осы жыршылар. Қазақ елінде жыршыға деген құрмет ақыннан кем болмаған, өйткені ақын мен жырау, негізінен, өз жанынан шығарып айтса, жыршы ежелден келе жатқан жырды топтың алдында орындап, жиналған жұрттың көңілін көтерген, рухын биіктетіп, жігерін арттырған. Талантының арқасында жыршы бұрынғы өткен өмірдің суреттерін тындаушысына елестетіп, ел қорғаған батырларды тірілткен, оларды дәріптеп, жастарға үлгі етіп ұсынған. Ғашықтар тарихын баяндап, жұтты бірде сүйсіндірген, бірде күйіндірген, сөйтіп қоғамдағы эстетикалық идеалды бейнелеген, елді сондай болуға елтіткен. Осылай фольклордың тәлімдік те, көркемдік те қасиетін арттырған. Шебер жыршы – бір өзі театр актерінің рөлін атқарған: ол – ұзақ эпосты жай салдырлатып айтып шықпайды. Жырды орындаудың өзі – өнер, импровизаторлық та қабілетті қажет етеді. Сол себепті жыршы әр аудиторияның реакциясына сәйкес жырдың құрылысын, кейіпкерлердің ісәрекетін, кейбір мотивтерді қайта қарап, жаңадан жырлап отырады. Бір жырды екі рет орындай отырып, оны дәлме-дәл қайталамайды. Ол сюжетті, қаһармандарды есінде сақтайды да, жырды басқаша баяндайды. Бұл жерде оның импровизаторлық қабілеті көмек етеді. Тыңдаушы қауымды риза ету үшін жыршы әр кейіпкердің рөліне енеді, олардың сөздерін әртүрлі мақаммен орындайды. Әрине, мүндай жағдайда жыршының дауысы, үні, әуені, домбыра шертісі – түгел бір ыңғайда болуы керек. Талантты жыршы осының бәрін меңгереді. Ол – синкретті өнердің иесі.
Қазақ даласында бұрын-соңды жасаған жыршылар әруақытта өзіне шәкірт дайындаған, сөйтіп жыршылық дәстүрінің үзілмеуін қадалаған. Арғы замандардан қабылдап алып, өз заманында кемеліне келтіре жырлаған Жанақ, Шөже, Марабай, Мұсабай, Нұрым, Мұрын тәрізді жыршылардың репертуары біздің дәуірімізге солардың шәкірттері арқылы жеткен. Осындай бір ұрпақтан келесі ұрпаққа ауысып, ұстаздан шәкіртке жалғасқан жыршылық мектеп пен дәстүрдің арқасында бізге «Қырымның қырық батыры», «Көрұғылы» сияқты бірнеше эпосты қамтитын, үлкен циклға айналған эпопеялар жетіп отыр. Жалпы, фольклордағы тұтастану (сюжеттік, ғұмырнамалық, шежірелік, тарихи, географиялық) заңдылығы осы жыршылардың арқасында орныққан.