Әңгімешілер. Қазақ фольклорының құрамында ауызша әңгіме көп. Олар ертегіге жатпайды. Бұл әңгімелердің тақырыбы әралуан, өйткені олар, әдетте, бір оқиғаға байланысты болып келеді. Той-томалақтарда, я болмаса басқа бір бас қосуларда әңгімешілер – нағыз сөз шебері ретінде көрінеді. Олардың репертуары бай болады. Мұнда күлкілі әңгімелер, аңшылар әңгімесі, белгілі бір адам жайындағы, аты аңызға айналған сәйгүлік, қыран құс, құмай тазы туралы неше алуан қызықты әңгімелер бар. Сонымен бірге қулар мен шешендер жайында, жер атауы мен рулар шежіресі туралы да әңгімеленіп, жиналған қауымды риза ететін әдемі шығармалар да кездеседі.